Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбек тәжірибемнен білгенім мен көңілге түйгенімді айтамын - АРҚА АЖАРЫ

Еңбек тәжірибемнен білгенім мен көңілге түйгенімді айтамын

Елбасының нұсқауы бойынша Үкімет Жер кодексін жетілдіру үшін 75 адамнан тұратын мемлекеттік комиссия құрды. Олардың жұмысы жөнінде тұрақты ақпарат беріліп тұрады. Мемлекет басшысы өз сөзінде асықпау керектігін, мәселені халыққа мұқият түсіндіріп, пікірлерін тыңдау қажеттігін қадап тұрып тапсырды.

 

Әрине, бұл жұмыспен бәріміз айналысуымыз керек. Мені 79 жаста болсам да Жер кодексі жөніндегі ұсыныстарды жинақтау  жөніндегі аудандық комиссия құрамына енгізді. Өйткені, жер –  халықтың тағдыры. Жерді сату және оны шетелдіктерге жалға беру жөніндегі әртүрлі алыпқашпа сөзден кейін Президент халыққа түсіндіру керектігін қадап айтты. Мұндай жағдайға қалай жеттік? Өйткені, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінен бастап ешкім ауыл шаруашылығы жерімен дұрыс айналыспады.
Ауыл шаруашылығының құлдырауы жөнінде облыстық газетке мақала жаздым. Бұл жөнінде Парламенттің бірқатар депутаттары да  айтты. Жергілікті жердегі тұрғындар да реніш білдіреді. Ауыл мен селолар ұмытылды. Жақын арада теледидардан Қазақстанда тәуелсіздік алған кезеңнен немесе 1995 жылдан бері географиялық картадан 150 елді мекен жойылып кеткенін естідім. Бұған сенуге болады. Алысқа бармай-ақ, бұрынғы Көкшетау облысының және біздің ауданның елді мекендерін санаңыз. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі жөніндегі мемлекеттік статистика мәліметінің көбі шындыққа жанаспайды. Бұл мәліметтер шаруа қожасының сөзінен және ауыл әкімдіктері арқылы алынып, жоғарғы органдарға жіберіледі. Мәселен, бұған жұмыртқа алу, қой қырқу, сиыр сауу, орташа тәуліктік салмақ қосу және өз алқаптарындағы астықтың шығымдылығы жөніндегі мәлімет кіреді. Мұны ешкім өлшемейді, санамайды. Шаруа қожалықтары басшыларының айтуынша, олар орақтан кейін астықтың шығымдылығы жөніндегі анықтамасын бірнеше рет өзгертеді. Біздің басшылар ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсімін өткен жылмен емес, 1991 жылғы көрсеткіштермен салыстыру қажет деп жиі мақтанады.
Соңғы жылдары мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту үшін миллиардтаған қаржы бөлді. Бірақ, ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Бұл қаржының көбі желге ұшты немесе шенеуніктердің қалтасында қалды. Журналистердің мәліметіне жүгінсек, Ауыл шаруашылығы министрлігі сыбайлас жемқорлық бойынша бірінші орын алады. Өз басым барлық саналы ғұмырымды ауыл шаруашылығына арнадым. Осы салада инженер-механик болып еңбек еттім. Зейнеткерлікке дейінгі 28 жылда басшылық қызмет атқардым. 18 жыл Зеренді ауданындағы «Ленин жолы» кеңшарының директоры, 10 жыл Келлер жөндеу зауытының директоры болдым. Сол кезде субсидия, сыбайлас жемқорлық, тендер, бизнес, кәсіпкерлік тәрізді сөздердің не екенін білмейтінбіз. Шегіртке тәрізді ауыл шаруашылығы алқаптарының зиянкестері де болған жоқ. Бірқатар кеңшардағы мал шаруашылығына ғана дотация берілетін. Бұған өнімділігі аз жерде орналасқан шаруашылықтар кіретін.
Мал шаруашылығы неге шығынға жиі ұшырады? Өйткені, мемлекетке тапсырылатын ет, сүт, нан тәрізді ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы төмен болды. Мәселен, сол кездегі 1 килограмм сүт 30 тиынға жуық болса, 1 шиша лимонад 24 тиынға бағаланды. Басшылардың бұл бағаға көңілдері толмай, жиі мәселе көтеретін. Бұл сауалға қалалықтар мен қарапайым халықтың дастарханындағы азық-түлік тағамдары арзан болуы қажет деп жауап берілді. Сол кездегі аталмыш тағамдар экологиялық жағынан таза болды. Бүгінгі таңда дүкендерде сатылатын шетелдік ауыл шаруашылығы тауарларының сапасы сын көтермейді. Бұдан тұрғындар арасында ауру мен өлім-жітім көбейді. Шаруашылықтарда жұмысшы күші үнемі жетіспейтін. Кеңшарлар мен ұжымшарлар таратылғаннан кейін аудан орталығында автобаза, ауыл шаруашылығы техникасы, осы саланың энергиялық және химиялық кәсіпорындары, арнайы ПМК, тұрмыстық жиһаз, нан зауыты, аудандық тұтынушылар одағы, ПМК-1701, Викторовка май зауыты тәрізді өзге де кәсіпорындар мен ұйымдар жабылды. Қанша адамдар жұмыссыз қалғанын санау қиын емес.
Қазір шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде айту сәнге айналған. Біздің кәсіпкерлер мемлекет пен халықтың баюы үшін ештеңе берген жоқ. Сатып алынатын шетелдік ауыл шаруашылығы техникасы өте қымбат. «Джон Дир» маркалы өнімділігі жоғары комбайн өзін-өзі ақтай алмайды. Бұл комбайнға гектарына 50-60 центнер астық өндірілетін алқаптар қажет. Оның үстіне дизельдік отынды көп шығындайды. Қосалқы бөлшектері қымбат. Біздің алқаптардан орташа есеппен гектарынан 15-18 центнерден астық өндірілетіндіктен, комбайн тетіктері жұмыспен толық қамтамасыз етілмейді, тез сынады. Ресейде жасалған «Енисей» комбайнын барлық механизаторлар жақсы біледі. Ол шетелдік комбайннан 5-6 есе арзан. Бұл жөнінде бұрын да айтқанбыз. Бірақ, тыңдайтын құлақ жоқ.
1996 жылы облыс басшылығы ауыл шаруашылығы құрылымдарын тарату мәселесі бойынша барлық кеңшар мен ұжымшар басшыларын жинады. Біз кеңшарлардың жартысын қалдырып, қалғанын жекеменшікке айналдыру сияқты меншіктің екі түрін жүргізу жөнінде өз ұсынысымызды айттық. Ұсынысымыз аяқ асты болды. Нәтижесі қандай болғанын жұрттың бәрі біледі. Қазір жер реформасы жөнінде комиссия мүшелері жерді сату немесе сатпау, жалға беру немесе бермеу жөнінде пікірталас жүргізуде. Ауыл шаруашылығын дамыту және ауылда тұратын тұрғындарға қолұшын созу жөнінде сөз аз. Барлық ауыл шаруашылығы құрылымдарына шегіртке сияқты егіс зиянкестерімен күресу үшін мемлекет беретін субсидия-ны қысқартқан жөн. Жерді күзде дұрыс өңдеу қажет. Субсидия алып үйренген кейбір шаруа қожалықтары сонымен өмір сүруде. Мемлекетке ешқандай қайтарым жоқ. Ең бастысы, бұлардан ешкім ештеңе сұрамайды. Бүгінгі таңда пайда болған шетелдік тракторлар, комбайндар, дән сіңіретін кешендер өте ауыр. Жерді таптап тастайды. Күзде жер өңделмегендіктен, көктемде еритін қар суы топыраққа сіңбейді.
Оның нәтижесі көпшілікке белгілі.  Топырақтың құнарлы қабатын су шайып кетеді. Кейбір ғалымдар Американы ашқандай, гумусты қалпына келтіру үшін топыраққа малдың қиы тәрізді органикалық тыңайтқышты енгізуді ұсынады. Қазір бұрынғыдай мал жоқ. Барлық алқапқа малдың қиын қайдан табасың. Айдабол спирт зауытының тегін шікізатты (бардасы) толық пайдаланылмайды, өзенге құйылады. Бұрын Айдабол мал бордақылау кеңшарында 7-9 мың басқа дейін ірі қара мал бағылатын. Мал осы бардамен, сабанмен және сүрлеммен азықтандырылып, керемет қоңды болатын..
Менің жер реформасы жөніндегі ұсынысым мынандай. Бүгінгі таңда қарқынды жұмыс істейтін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдарды ауыл шаруашылығында қалдырып, мал басын көбейтуді міндеттеу керек. Жастарды ауылда ұстау үшін тұрғын үй құрылысын жүргізу қажет. Кейбір елді мекендерде 1 сыныпқа баратын  оқушы мүлдем жоқ. Еліміздің әр өңіріндегі шектеулі жерді азиялықтардан өзге батыс елдерінің инвесторларына жалға беруге болады. Олардан біздің диқандар жоғары өнім алудың озық әдісін үйренер еді. Бұдан біз көп ұтамыз. Жалға берілетін алқаптар бақылауда болуы тиіс. Ерікті-еріксіз жолмен бұрынғы кеңшар тәрізді мемлекеттік ауыл шаруашылығы құрылымын құру керек. Оның жұмысы жоспарлы және шаруашылық есепте болуы тиіс. Аудан аумағында орналасқан барлық ұйымдар аудан әкімінің қарамағында болып, есеп берулері қажет.
Ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде Беларусь Республикасынан үлгі алған жөн. Бұл елде 8,3 миллион адам тұрады. Жерінің 20 пайызы орманды алқап пен батпақ. Ашық күн өте аз. Өздерінің газы, мұнайы мен металл рудасы жоқ. Дегенмен, жоғары нәтижеге қол жеткізуде. Мұнда бұрынғы мемлекеттік-жекеменшік түрі сақталған. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көбі экспортқа шығарылады. Ал, біздің сапасы өте күдікті азық-түлік тағамдарын шетелдерден тасымалдағанымыз өте ұят. Қазір химикаттармен арамшөпті жою тәрізді нөлдік технологияны қолдану сәнге айналуда. Ғалымдардың айтуынша, бұл гумустың 30-40 пайыз азаюына әкеледі. Егер бізден, яғни, егде адамдардан өсіп келе жатқан жас ұрпақ: «аталар, бұрынғы шаруашылықтарыңыздан өздеріңізден кейін біз үшін не қалдырдыңыздар?» деп сұраса, әрине, дені дұрыс жауап болмайды. Бұл да ұят. Халық болашақ ұрпақ үшін материалдық құндылықтар жасасақ деп еңбек етті. Бұл еңбектің нәтижесі  бүгінде аяқ асты қалды деуге болады.
Үкіметтің ең басты кемшіліктерінің бірі – жерді жалға алған акционерлік қоғамнан, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, фирмалар мен шаруа қожалықтарынан ештеңе талап етілмеуінде жатыр. Соның салдарынан алқаптағы өнімділік төмендеді. Ет пен сүт аз өндіріледі. Еркіндікті дұрыс түсінбегендерге жоспар жасап, тапсырма беру керек еді. Осы айтылған фактілер жөнінде Парламент депутаттары білсе де, үндемейді. Мұның өзі түсініксіз. Әзірше көрнекті жоспарлар жасамайық. Алдымен, 1991 жылдың ауыл шаруашылығы көрсеткіштерімен теңесейік. Біз оған инвестициясыз, субсидиясыз, шетелдік техникасыз, жалпы, сырттың көмегінсіз  қол жеткіздік.
Өткен айдың басында Елбасы барлық министрлермен және республика басшыларымен өткізген кеңесте кейбір Үкімет мүшелері брифинг өткізу кезінде журналистерден қашатынын атап өтті. Дамыған елдердің стандарты қоғам алдында жиі есеп беру болып табылады. Халықтың пікірін тыңдап, олардың алдында аяқтың ұшымен жүру керек. Бұл – Президенттің сөзі. Ал, жергілікті жерде не болып жатыр? Мұнда келетін Парламент депутаттары өңірді тез-тез аралап шығады. Тек қана депутат келді деп қана  естисің. Тұрғындармен кеңейтілген кеңес жүргізбейді. Қазір көптеген мемлекеттік мекемелер мықтап күзетіледі. Бұл мақсатқа қыруар қаржы шығындап, халықтан бөлінеді. Мұның бәрі Президент нұсқауына қарама-қайшы жасалады деп ойлаймын. Бұрын мұндай күзет тек шамалы органдарда болатын. Сондықтан, билік халықтан алыстамауы тиіс.

Балтабай ТАУБАЕВ,
еңбек ардагері.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар