«Темір тұлпар» мінгізді

Әйелдер арасында бокстан Астанада өткен соңғы әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген жерлесіміз Дина Жоламан туған жері Жақсы ауданы тұрғындарының ыстық ықыласына бөленді.

Бұл салтанатты жиынға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Надежда Патюткина, «ASTANA ARLANS» кәсіби бокс клубының жаттықтырушысы Андрей Спиридонов, бокстан әлем кубогының иегері Руслан Мусинов, қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан Республикасының бас бапкері, әйгілі боксшы Мереке Жүсіпов  сияқты спорт саңлақтары қатысты.
2000 жылғы Сидней Олимпиадасының жүлдегерлері анықталып, қазақ елінің қоржынына Ермахан Ыбырайымов, Бекзат Саттарханов пен Ольга Шишигиналар алтын медаль салып жатқан мерейлі тұста, отандастарымыздың осы жеңісіне шаттанған қалың көрерменнің ішінде Батырбек Уәлиев те болған еді. Ол сол қуанышты сәтінде «Егер мен Жақсы ауданынан осындай чемпион шығара алмасам, Батырбек болмай кетейін», – деген екен. Қазақстаннан барған қасындағы адамдар оны  сол сәт ет пен терінің арасындағы желік, қуанған көңілмен айтыла салған сөз деп қабылдаған. Бірақ, Батырбектің бұл сөзі – өзіне берген серті еді. Осы уәдесін қайтсе де орындау үшін елге оралғаннан кейін ескі автобазаның ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, спорт мектебі етіп қайта жаңартты.
Енді міне, осы мектептің қос шәкірті Дина Жоламан мен Зарина Цолоева мамыр айының соңында Астана қаласында бокстан әйелдер арасында өткен әлем чемпионатына қатысып, бірі әлем чемпионы атанса, екіншісі бесінші орыннан көрінді. Еліміздің намысын қолдан бермей, Көк байрағымызды биікке көтеріп, Әнұранымызды шырқатқан Дина мен Зарина екеуін туған жерлерінде зор құрметпен қарсы алды. Кездесуде аудан әкімінің міндетін атқарушы Ләззәт Сейдахметова қос спортшыны және олардың жаттықтырушысы, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александр Высоцкийді жеңістерімен құттықтап, боксшыларға үнемі демеуші болып жүрген «Агрофирма ТNK» ЖШС-нің бас директоры Батырбек Уәлиевке облыс әкімі Сергей Кулагиннің Алғыс хатын табыс етті. Аудандық әкімдік атынан Дина Жоламанға 700 мың теңге, Зарина Цолоеваға 200 мың теңге және Александр Высоцкийге 500 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Сондай-ақ,  Дина мен Александр Высоцкийдің омырауларына «Жақсы ауданының құрметті азаматы» төсбелгісін тақты.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Надежда Патюткина спортшылар мен аудан тұрғындарын осы жеңістерімен құттықтап, Заринаға халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Дина Жоламанға Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, ал, Т.Уәлиев атындағы спорт мектебінің жаттықтырушылары Александр Высоцкий мен Бахтияр Тұрғынбаевқа Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағының куәліктерін тапсырды. Батырбек Уәлиев болса, «Құрметті спорт қайраткері» атанды. Ол жақсылық спортшылардың жеңісті жолы туралы айта келе, ел мерейін асырған Дина Жоламанға Toйота жеңіл автокөлігінің кілтін табыс етті.
Ал, күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушы, Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко өз сөзінде осыдан он жыл бұрын Т.Уәлиев атындағы спорт мектебі жайлы, мұндағы үш жыл қатарынан Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен қыздар волейбол командасы туралы атақты балуан Дәулет Тұрлыхановтан естігенін айтып, жиналған қауымға мерейлеріңізді үстем ететін осындай ұл-қыздарыңыз көп болсын деген тілек білдірді. Жиында Жақсы ауданының құрметті азаматы Ғабдессәлем Жоламанов та сөз алып, Динадай жиені үшін бойын мақтаныш сезімі кернеп тұрғанын жеткізді.    Жаттықтырушы Александр Высоцкий да шәкірттерінің болашағы әлі алда екенін айта келе, өздерін осылай құрметтеп жатқан аудан жұртшылығына ризашылығын жеткізді.
Жылы жүздесудің басты кейіпкері Дина Жоламан болса, барша жұртшылыққа алғысын айтып, алдағы уақытта да ел сенімін ақтай беремін деп уәдесін берді.  

 

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар