Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жағдай әр жерде әр түрлі - АРҚА АЖАРЫ

Жағдай әр жерде әр түрлі

 

Облыстық мәслихаттың аграрлық және үдемелі индустриялық-инновациялық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті мәжілісінде  мал өнімдерін өңдеудің және мал шаруашылығын одан әрі дамытудың жай-жапсары қаралды.

 

Мәжілісте облыстық мәслихаттың аграрлық және үдемелі индустриялық-инновациялық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшелерінің Атбасар және Қорғалжын аудандарына жұмыс сапары қорытындыланды.
Облыстық мәслихат депутаты Нартай Ысқақовтың төрағалығымен өткен мәжіліске облыстық мәслихат хатшысы Дулат Нұрмолдин мен бірқатар депутаттар, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан мен аталған аудандардың ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары қатысты.  Алдымен, облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов Атбасар ауданында болған жұмыс сапарына тоқталды. Депутаттардан құралған жұмыс тобы Атбасар ауданының «Шуйский ХХІ», «Бастау» және «Полтавка-2» серіктестіктерінде болып, мал шаруашылығын дамытудың бүгінгі жағдайы және келешектегі даму мүмкіндігімен танысқан. Оның ішінде сүтті бағыттағы мал шаруашылығын қолға алған «Шуйский ХХІ» серіктестігінде осы күні 692 бас ірі қара мал болса, оның 226-сы сауын сиыр. Бүгінгі таңда ауданда бірде-бір ет және сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың болмауынан серіктестік біраз қиындық көріп отырған жайы бар. Мәселен, сүтті Зеренді ауданындағы «Милк Проджект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт зауытына тасымалдауда. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қанат Игібаев бұл олқылықтарды алдағы уақытта жоятыны жөнінде сөз берді. Оның айтуынша, осы күні аудан орталығында сүт өңдеу кәсіпорнын ашу мәселесі қарастырылуда.
Сонымен қатар, аудандағы іргелі шаруашылық саналатын «Бастау» серіктестігінде де мәселе жоқ емес. 3 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы мен мал шаруашылығы кешенінің жұмысы дұрыс жолға қойылған серіктестікте осы күні 4619 бас ірі қара мал бағылуда. Оның 2603-і қазақтың ақбас ірі қарасы, қалғаны абердин ангус асыл тұқымды малы. Алдағы уақытта серіктестік ірі қара санын 5 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Оған қоса, үйір-үйір жылқысы мен отар-отар қойы бар. Шаруашылық мал жаятын жайылым жетіспеген соң жылқыларын сонау 350 шақырым жердегі Қарағанды облысының Нұра ауданында бақса, қойларын «Атбасар нива» серіктестігінің жерінде келісім-шарт арқылы жаюда.
Мәжілісте «Полтавка-2» серіктестігінің жұмысына да көңіл бөлінді. Егіншілікпен бірге мал шаруашылығын қатар дамытып келе жатқан серіктестікте 418 бас ірі қара мал бар. Оған қоса, 144 жылқы мен 1432 шошқа өсіріледі. Серіктестік «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 100 бас асыл тұқымды герефорд бұзауларын сатып алған. Осы орайда, облыстық мәслихат депутаттары кейбір шаруашылықтардың жеке қаражатына сатып алынған малды жоғары жаққа есеп беру үшін «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға қосып жіберген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының әрекетін қатаң сынға алып,  алдағы уақытта бұл кемшіліктерге жол бермеуге шақырды. Сонымен қатар, жыл өткен сайын аудандарда мал басы көбейгенімен, одан алынатын өнім көрсеткіші азайып бара жатқаны да айтылды.
Мұндай жағдайлар Қорғалжын ауданында да кездеседі. Әсіресе, сүт өңдеу зауыты болмаған соң ауданда сүтті өткізу үлкен проблемаға айналып отыр. Көрші аудандардағы зауыттар қорғалжындықтардың сүтін сапасыз деп арзан бағалайтын көрінеді.
Ал, Біртабан ауылындағы «Балтабеков және К» серіктестігіне келетін болсақ, депутаттар атап өткендей 2009 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шаруашылықта 1400 бас ірі қара мал, оның ішінде 560 бас асыл тұқымды ірі қара, 500 жылқы мен 800 қой бағылады. Келесі жылы қазақтың ақбас сиырлары, ангус және герефорд тұқымдас асыл тұқымды мал басын екі мыңға, жылқы мен қой санын мыңға жеткізуді межелеуде. Серіктестік мал шаруашылығымен қоса туризммен айналысуға бел буып отыр. Осы мақсатта Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017-ге байланысты үш мейманханасы бар туристік кешен салған. Олардың біреуі екі қабатты ғимарат болса, екеуі қарағай бөренелерден бұрап салынған. Мұнда меймандар үшін барлық жағдай жасалған. Асхана мен сауна жұмыс істейді. Туристерді қабылдау үшін «Біртабан» ат спорты кешені ашылған. Алайда, осы күні бұл нысандардың барлығы қаңырап бос тұр. Келушілердің қарасы мүлдем көрінбейді. Бұған жол мен судың болмауы кедергі келтіріп отыр. Екі шақырым жерден алынатын судың өзі ішуге жарамсыз.
Мәселенің мән-жайымен танысқан облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясы нақты бір шешім шығармас бұрын аудан, қала әкімдері мен бірқатар басқармалар, департаменттер және ведомстволар басшыларының қатысуымен тағы бір рет талқылап тығырықтан шығу жолдарын қарастыру туралы қорытындыға келді.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар