Жер комиссиясының бесінші отырысы Талдықорғанда өтті

Жер реформасы жөнiндегi комиссия мүшелерiнiң Алматы облысының жұртшылығымен кездесуi ұзын-соңы бес сағатқа созылып, 73 адам сөз сөйледі.

Бұл комиссияның 5 отырысындағы рекордтық көрсеткіш. Бесінші кездесуді қорытындылаған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев комиссияның жалпы жұмысында шешім қабылдауға болатын бірқатар мәселеге тоқталып өтті, деп хабарлайды Baq.kz.
«Жерді жалға беру қалсын деген пікір. Ақмола облысында да, мұнда да бір ауыздан айтылып жатыр. Бір жүйеге келіп қалған екінші мәселе – шекарадағы жерлер. Мұнда да елдің ой-пікірі бір жерден шығып жатыр. Мәселен, Заңымызда 3 км деп белгіленген. Бір секірсеңіз үш километрге шығасыз. Осыны созып, 100-200 км-ге апарайық деген ұсыныстар айтылды. Енді салалық мамандар оның километражын нақтылаулары керек», – деді Б.Сағынтаев.
Үшінші мәселе, жайылымдық жерлер. Ауылдың төңірегінде белгілі бір радиус бекітіп, ол аумаққа енетін жекеменшік немесе жалдағы жерлерді қайтарып алу жайы айтылды. Енді ауыл маңындағы жайылымдық жерге берілетін аумақ радиусын белгілеу сала мамандарына тапсырылды.
«Осы аумақта жерлер сатылып не болмаса жалға беріліп кетсе, қолда бар нормаларға сәйкес «мемлекеттің қажеттілігі үшін» деп қайтарып алу жағын қарастыру қажет. Бір адамнан гөрі, сол ауылда тұратын халықтың мүддесі артық. Жер қожайындарына шығындары қайтарылсын. Жерді ауыл тұрғындарына жайылымға беріп, жергілікті тұрғындар малдарын жайсын, табысын тапсын», – деді бірінші вице-премьер.
Сонымен қатар, ол жиында шеті шығып қалған тағы бір мәселе – аукцион арқылы жер сатуға назар бөлді. Осы орайда, Бақытжан Әбдірайымұлы жер сатуда жалғыз әкімге ғана жүгінбей, құрылған қоғамдық кеңестермен бірлесіп шешуді ұсынды.
«Қорыта келе, комиссияның бес отырысында бірсыпыра мәселелер шешімін тауып отыр. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі осы мәселелердің бәрін бір жүйеге келтіріп жатыр. Олардың арасында заңға бармай-ақ шешетін сұрақтар бар. Қаулылар арқылы, сала министрлерінің бұйрықтары арқылы. Алдағы жұмысымыз да жемісті болады деп сенемін. Комиссиядан шығып кетіп жатқаным жоқ. Елбасының шешімімен Асқар Исабекұлы жұмысты жалғастырады», – деп комиссияны жүргізу эстафетасын Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке тапсырды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар