Журналистерді ауызашарға шақырды

Таяуда облыс орталығындағы Науан Хазірет атындағы орталық мешіт бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен мәдениет, өнер саласының қызметкерлерін шақырып, ауызашар берді.

Ауызашар барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы Қанат Қыдырмин тағылымды әңгіме тиегін ағытты. Сөз барысында биылғы жылғы оразаның ерекшеліктері қамтылды. Алғашқы екі аптада мешітке келуші жамағаттың қарамы, ниет еткендердің санына қарағанда соңғы жылдары ораза ұстап, ауыз бекітетіндер көбейе түскен.
– Оразаның алдында бірқатар кәсіпкерлермен кездесіп, ақылдасқан болатынбыз, – дейді бас имам, – бұл ай айрықша қайырымдылық көрсететін, жүрек жылуымен бөлісетін сәт. Жанымызда жүрген, жан жылуын аңсаған адамдарға қолымыздан келген көмегімізді көрсетіп, шарапатымызды тигізсек, сауап болмақ. Әсіресе, жалғыздықтың жан күйзелісін тартып жүрген жалғыз-жарымдар жомарттардың назарынан тыс қалмаса екен деп тілейміз.
Ал, жомарт жандар аз емес екен. Ораза басталғалы әр күн сайын орталық мешіттің асханасында екі жүз адамға ауызашар беріледі. 200 бөлке нан таратылып, ділгер адамдарға материалдық көмек көрсетілген. Жақия қажы атындағы мешіт төрт отбасына қаржылай жәрдем жасапты. Краснояр селосындағы Шо-йынбек атындағы мешіт үш отбасына азық-түлік жеткізіп, қырықтан астам жетім балаларға балмұздақ әперген. «Нұр» мешіті жетпістен астам отбасыға 6-8 келіден ет таратқан. Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Бурабай, Қорғалжын, Ерейментау аудандарындағы және Степногорск қаласы мен облыс орталығындағы Ғалым және Шойынбек мешіттерінде әр күн сайын ауыз-ашар беріледі.  Тағы бір жағымды жаңалық бар. Өткен жылдары ауызашардан кейін мешітке жиналған жамағатты тарату қиынға соғатын. Биылғы жылы аузын бекіткен, көлігі бар жастар әр күн сайын өздері келісіп, жиырмадан астам автокөлікпен жамағатты үйлеріне жеткізіп салады екен. Әзілге сүйеп, «Иман такси» деп атайтын көрінеді. Былай қарағанда жеңіл-желпі іс тәрізді болғанымен, Рамазан айындағы кез-келген қайырымдылық шарасы сауапты, иманды шаруа.
Бас имам журналистер мен өнер адамдары тарапынан қойылған сандаған сауалдарға тұшымды жауап берді. Өрбіген әңгіменің өзегі – имандылық.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар