Еңбекпен келген абырой

Полицияның жұмысы былайғы жұртқа оңай көрінгенімен, өзіндік қиындығы да жетерлік. Сан оқиғаның ортасында жүретін ішкі істер органы қызметкерлерінің міндетін екінің бірі атқара алмайтыны айдан анық. Тек бойында  тәртіп, өз ісіне деген жауапкершілік және кәсіби шеберлік тоғысқан адамдар ғана ел аманатын арқалай алады.

 

Жергілікті полиция қызметкеріне жүктелген құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қорғау сияқты негізгі міндеттерді абыроймен атқарып, білімді, жас болса да өзінің лауазымдық міндетіне бас бола білген қызметкердің бірі – Жарқайың аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Мақсат Камиев.
1990 жылдың 15 мамырында Қостанай облысы Амангелді ауданы Екідін ауылында туған Мақсат жастайынан-ақ білімге құштар, әділдіктен таймайтын  бозбала болып ержеткен. Көкшетау қаласындағы «Көкше» академиясында заңтану мамандығы бойынша білім алып, халқына қызмет ету асқақ арманымен өткен жылы құқық қорғау органына қызметке орналасады. Қызметке тағайындау туралы бұйрық шыққан күннен-ақ, өзінің талпынысымен, еңбекқорлығымен көзге түсті. Әрине, міндетіне кіріскеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, осы уақыт аралығында мол жауапкершілік жүктелген қызметін адал атқарып келеді. Құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидатын сақтау аясында мобильді топтармен ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда алкогольді ішімдік ішу, темекі шегу, қоқыс тастау, қоғамдық орындағы тәртіпсіздік сияқты ұсақ құқық бұзушылықтардың жолын кесу іс-шараларын өткізу барысында да белсенділік таныта білді.
Осылайша адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде талап үдесінен шығып, бұл міндетті жауапкершілікпен орындауда. Аға буынның тәжірибесіне жүгініп, олардың ақыл-кеңестеріне құлақ асатын  Мақсат Бөгетбайұлы үздік қызметкер ғана емес, шаңырағын биік, керегесін мықты ұстап отырған отағасы. Құдай қосқан қосағы Әсемгүл екеуі осы күні қызы Арайлымды тәрбиелеп отыр.
Тәртіп пен білімді ұштастырып, үлкендерді үлгі тұтып, жан-жақты білім алуға талпынып жүрген жас қызметкердің алдына межелі бір мақсат қойғаны белгілі. Ол – халқының өмірі мен тыныштығын сақтау,  елі мен жеріне адал қызмет ету. Талап күннен-күнге күшейіп келе жатқан кезде  құқық қорғау саласында  осындай жастардың  болғаны үлкен мақтаныш. Қандай іс болмасын өзіндік бастамашылық танытып, жеке берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап отыратын жас қызметкер әлі де талай белестерді бағындырып, толағай табысқа жететініне сенім мол. Азаматтық пен адамдық қасиеттерінен жазбай, алға қойған өмірлік ұстанымы мықты болып, Тәуелсіз еліміздің байрағын биік ұстап жүрген осындай азаматтарымыз еліміздің болашағын өркендету жолында аянбай қызмет етіп, биіктерден көріне берсін деп тілейміз!

 Әсел ШЫНАСЫЛОВА,
Жарқайың аудандық ішкі істер бөлімі  мемлекеттік тіл және ақпарат тобының  жетекші маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар