Сәнді де мәнді сабантой

Өткен жексенбі күні Көкшетауда  татар мәдени орталығының ұйымдастыруымен Сабантой мейрамы болып өтті. Туысқан татар халқының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бұл ұлттық мейрамы жылда жер-дүние жасарған жайдары жаздың басында аталып өтеді.

Бұқпа тауының баурайындағы қалың ағаштың бауырында өткен Сабантойдың беташары татардың ұлттық киімін киген қыздардың шашуымен басталды. Облыстық татар мәдени орталығының төрағасы
Рафаил Сулкарнаев жиналған жұртшылықты ұлттық мейраммен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
–«Биылғы Сабантой мейрамы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы шеңберінде өткізіліп отыр. Қазақстанда жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Ұлттық тіліміз бен салт-дәстүрлерімізді сақтап, дамытуға барлық жағдай жасалған. Сабантой мейрамы дәстүрлі түрде жыл сайын аталып өтеді», – деді ол.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы төрағасының орынбасары Марал Жақыпова жиналған көпшілікті қуанышты мерекемен құттықтады.
–Биылғы Сабантой мейрамы мұсылмандар үшін қасиетті ай саналатын Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл айда адамдар бір-біріне ізгі тілек тілеп, қайырымдылық жасайды. Баршаңызға береке-бақыт тілеймін, – дей келе «Мен туып өскен ауылда бірде-бір татар отбасы болған жоқ. Бірақ, соған қарамастан, жыл сайын Сабантойды тойлайтынбыз, яғни, бұл жалпыхалықтық мейрам», – деді ол.
Қазіргі күні Қазақcтанда 250 мыңдай, ал біздің облысымызда 17 мың татар ұлтының өкілдері тұрады екен. Көкшетауда өткізілген Сабантой мейрамына алыстағы Татарстаннан қонақ болып келген Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Марсель Вагизов республика президенті Рустам Миннихановтың атынан Ақмола облысында тұратын қандастарына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.  Татарстан Президенті Қазақстанда тұрып, өздерінің ұлттық тілі мен салт-дәстүрін сақтап, дамытып жүрген қандас бауырларын Сабантой мейрамымен құттықтап, жылы лебізін білдіреді. Бұдан кейін Татарстан Республикасының әртісі Суембул Абдулхаева татар халқының мәдениеті мен дәстүрін дамытуға ерекше еңбек сіңіріп жүрген бірқатар ақмолалықтарға Татарстан Республикасының наградаларын тапсырды. Көкшетау қаласында тұратын татар мәдени орталығының жұмысына белсене атсалысып жүрген Рашид Гайнуллин Татарстан Республикасының «Халық бірлігі» медалімен наградталса,
Инуза Мұхамедқызы Татарстан мәдениет министрлігінің Алғыс хатына ие болды. Ал, Лариса Айтова Татар халық конгресінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сабантой бұдан әрі жергілікті көркемөнерпаздардың концертімен жалғасты. «Ғалия бану» ансамблінің орындаған «Сабантой» әні мен «Яшлык» би ансамблі қыздарының «Татар биіне» жұртшылық қол соғып қошемет көрсетті.  Татар ән-билерімен бірге қазақ әндері де айтылып, билері биленді. «Аққу» би ансамблінің «Қазақ биі», Ахмет Баймолдин орындаған  Шәмші Қалдаяқовтың «Жайнайды гүлдер» әні де жұртшылықты бейжай қалдырмады. Татарстаннан келген әншілер Марсель Вагизов пен Суембул Абдулхаева да жиналған қауымға тамаша әндер сыйлады.
Бір шетте балуандар белдесіп, күш сынасып жатты. Татар мәдени орталығы ұйымдастырған қолөнер бұйымдарының көрмесінде көз жауын алатын әдемі бұйымдар аз емес екен. Сондай-ақ, татардың ұлттық тағамдарынан дәм татқысы келетіндер де көп болды. Музыкамен өрнектелген татардың ұлттық киімдер үлгісі конкурсы да тартымды өтті.
Күннің ашық болуы жиналған жұрттың көңіл-күйін көтеріп,  мереке өз қызықтарымен айшықтала түсті. Бұқпа тауының баурайын ән мен күйге, қызық думанға бөлеген Сабантой мерекесі кешке дейін созылды.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар