Қыздар университеті – киелі шаңырақ

Қазақтың қара шаңырағы – Алматы мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті 1945 жылы ашылып, алғашқы ректоры Құрманғали Оспанов болды. Одан кейінгі жылдарда білім ордасын Т.М.Мырзабекова, А.Х.Ыбыраева, М.Ғ.Сармурзина, К.Құнантайқызы, Ж.Т.Елемесова, С.М.Исаев, С.Ж.Пірәлиев, Ш.К.Беркімбаева сынды халыққа еңбегі сіңген, көрнекті қайраткерлер мен ғалымдар басқарып, есімдері тарих беттерінде жазылып қалды. Қазақ қыздарының киелі шаңырағын қазіргі уақытта өркендетіп, керегесін кең ұстап отырған – ректор  Д.Ж.Нөкетаева.

 

Университеттің 70 жылдан аса тарихын алсақ, бүкіл бір ғұмырды саралаған боламыз. Киелі шаңырақ аталуының да өзіндік сырлары бар-ды. Өйткені, қазақ халқының біртуары М.Әуезов «қазақ қыздарының шамшырағы» деп атап кеткен университетте алып тұлғалар дәріс беріп, бүгінде сол жалғастықпен әлемдегі тек қыздар ғана оқитын оқу орындарының біріне айналды. Қазақ қызын құрметтеп төрге шығарған. Өйткені, ол – ана, ер азаматтың тірегі, шаңырақтың жүрегі деп бағаланды. Сондықтан да, бұл оқу орны ұрпақ тәрбиелейтін қыз баласының білімді, саналы, өнерлі, жан-жақты ісмер болуына ықпал ететін бірден-бір университет ретінде мықтап қалыптасты.   
Мұнда талай-талай көрнекті ғалымдар дәріс беріп, шәкірттер тәрбиеледі. Атап айтар болсақ, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Ғ.Құрманғалиев, Т.Тәжібаев, К.П.Персидский, А.Жұбанов, Ш.Батталова, О.А.Жәутіков, Н.Сауранбаев, Ә.С.Тұрсынбаев, В.А.Есенғалиева, Х.Х.Махмутов, С.Т.Толыбеков, Х.Жұманов, К.Қармысов, К.Айманов, М.Балақаев, Е.Косюхин, Ө.Байділдаев, К.Барманқұлов, И.Маманов, А.А.Федулова, Д.Т.Тұрсынов, З.Ахметов, А.Ысқақов, С.М.Исаев, Ә.Аблақов, С.Аманжолов, Т.Қордабаев, Ә.Құрышжанұлы, Ғ.Айдаров  тағы басқалары. Бүгінде бұлардың ізін басқан ғалымдардың қатары еселеп артқан. Университеттің профессор-оқытушылар құрамынан жыл сайын «Жоғары оқу орнының үздік оқытушылары» шығады.
Ғылым мен инновацияның дамыған заманында университеттің ғалымдары да қалыс қалар емес. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ұстазы, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Әжімұқан Жамаловтың «Автономды тұтынушылар үшін микрогидроэлектрстанциялар жасау» деп аталатын жобасы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ұйымдастырған энергетика саласындағы «Энергетика чемпиондары» республикалық байқауында үздік 10 жобаның қатарынан табылды. Бұйырса осы жоба ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің «Болашақ энергиясы» саласы бойынша қатысқалы отыр. Бұдан бөлек универститеттің әрбір факультеттерінен түрлі ғылыми жобалар орындалып отырады.
Университетте 6 факультет бар. Әр факультет түрлі бағытта педагог мамандар даярлап шығарады. Мысалға айтар болсақ, жаратылыстану факультетінде 5В060800 – экология мамандықтары бо-йынша жоғары дәрежелі биология мен экология пәндері мұғалімдерін және эколог, 5В060900 – географ мамандарын даярлап шығарады. Ал, қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті 5В011700 – қазақ тілі мен әдебиеті, 5В012100 – қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті, 5В020500 – филология, 5В012200 – орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті, 5В011800 – орыс тілі мен әдебиеті, 5В011900 – шет тілі мамандықтары бойынша жыл сайын түлектер ұшырып отырады. Осы сияқты әлеуметтік-гуманитарлық факультеті, өнер және мәдениет факультеті, физика-математика факультеті мен педагогика және психология факультеттерінен сан түрлі маман иелері атанып шығады.
2015 жылғы жоғары оқу орындары арасындағы ҚР үздік ЖОО Ұлттық рейтингтен педагогикалық университеттердің ішінен І орынды алды.
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті International School of Education деп аталатын қос дипломдық білім беру бағдарламасы бойынша Лондон Менедж-мент және Ғылымдар Академиясы (LAMS, Ұлыбритания)  мен Миссисипи Мемлекеттік университетімен (MVSU, Америка Құрама Штаттары) келісім-шарт жасасқан. Соның нәтижесінде қатарынан 2013-2014 және 2014-2015 оқу жылдарында бірнеше студент қос дипломды, Қазақстандық және шетелдік екі дипломды иеленді.
Ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық бойынша да қыздар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қалалар мен шетелдерге шығып қайтуда. Қыздар университетіне сырттан биылдың  өзінде 123 студент, 1 магистрант келіп оқуда. PhD докторанттар мен магистранттар жыл сайын жетекші шетелдік Ресей, Қытай, Түркия, Моңғолия, Өзбекстан, Польша, Германия, Англия, Сингапур, Франция ЖОО-нан ғылыми тағылымнамадан өтеді.
Университетте көп тілді білім беруді дамыту орталығы 2012 жылдан бері жұмыс жасайды. Оның арнайы жабдықталған мемлекеттік тіл, ағылшын тілі, қытай тілі, парсы тілдерінің мультимедиялық кабинеттері бар. Осы орталық оқытушылар мен студенттерге тегін қытай, ағылшын тілдерін үйрететін курстар өткізіп отырады. Бұлардан бөлек түрлі жас ғалымдар академиясы, кіші ғылым академиясы, ғылыми зерттеу, біліктілікті көтеру, институттар мен орталықтардың мақсатты атқарып отырған жұмыстары арқылы университеттің әлеуеті артуда.
Медиа орталығының қызметі – университтетің ақпараттық-коммуникациялық қызметтерін үйлестіру. Оның қоғаммен байланыс, ақпараттық саясат, Айтұмар Internet Radio мен Айтұмар Internet-TV деп аталатын телерадиостудия, «Қыздар университеті» газеті
редакциясы, «Қыздар университеті» баспасы, студенттік медиа клубы бөлімдері бар. «Қыздар университеті» газеті университеттің тынысынан хабар беріп қана қоймай, студенттердің ғылым, білім, спорт, қоғамдық жұмыстардағы жетістіктерін жариялап отырады. Білімгерлердің шығармашылық құзыретін дамытуды көздеген газет редакциясы  «Пікір», «Мінбер», «Рух» деген бірнеше айдарлар аясында қалам ұстаған студенттердің жазбаларын жариялайды.  «Қызым, саған айтам…», «Керек кеңес» деген айдарларында қазақ қызына тән ибалылық пен парасаттылықты, шеберлік пен шыдамдылықты бойына сіңіретін мазмұнды мақалалар басылады.  
Қыздардың алаңсыз білім алуларына түрлі жағдайлар жасалған. Университет ауласында орналасқан жайлы жатақханалар, мемлекеттік грант негізінде оқитын студенттерге үш мезгіл тегін тамақ беріледі. Заманауи үлгіде салынған бассейн мен сұлулық салондары, шаштараз қыздардың бос уақыттарында өз түр-сымбаттарына қарап жүруіне мүмкіндік тудырады.
Университеттің барлық маңы Wi-Fi желісімен қамтылған. Кез-келген уақытта интернеттен керек мәліметтерін алып, күнделікті дәрістерінен алған бағаларын универ жүйесі арқылы өзі де, ата-анасы да көре алады. Университеттің кітапханасы бай, электронды оқу залдары мен онлайн кітапханасы жақсы дамыған.
Қыз тәрбиесінің ауыр екендігін қызы барлар түсінеді. Оның тәрбиесі отбасынан ұзап шыққаннан кейін де жалғасын табуы тиіс. Қыздар университеті мұның бәрін ескеріп, қыздардың тәртібін, тәрбиесін, әдебі мен мәдениетін қатаң қолға алған. Сол себепті, түрлі шығармашылық кештер, концерттік іс-шаралар, үйірмелер, клубтардың жұмысы, спорттық жарыстар  үздіксіз, жыл бойы болып отырады. Студенттер тек білім алумен шектелмей, шығармашылық жұмыстармен де айналысады. Факультетаралық жарыс-тар, жатақханалар арасындағы жарыс-тар, «Көктем аруын» өткізу дәстүрге айналған. «Қыз Жібек» клубында бірнеше үйірмелер жұмыс жасайды. «Көкжиек» ғылыми үйірмесі студенттердің болашақ мамандықтарына деген кәсіби біліктілігін арттыруды көздейді. «Інжу-маржан» үйірмесі көркемсөзді нақышына келтіре оқуға баулиды, «Назқоңыр» үйірмесі әдеби шығармашылықтың  қыр-сырын, көркем шығарманың табиғатын, көркемдік ерекшелігін сезінуге жетелейді және домбыра тартуды үйретеді. Сол сияқты «Үміт», «Руна» ғылыми-танымдық клубтары, «Заң және экономика»,  «Информатика әлемі» үйірмелері студент қыздардың бос уақытын қалдырмай,
тұлғалық жетілуін қамтамасыз етеді.
Оқытушылардың барлығы біліктілігін Қазақстанның біліктілікті көтерудің ең таңдаулы орталықтарынан және шет елдерден өтіп отырады. Сабақ үдерісінде студенттердің тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, шығармашылық ойлау қабілеттерін шыңдап береді. Сапалы білімнің нәтижесін шығарған түрлі байқаулар мен конкурстар, олимпиадалар мен ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлардың ұйымдастырылуы мен жүлделі орындардың болуынан байқалады. Әр жыл сайын студенттер пәндік олимпиадаларға қатысып жүлдегер атанады. Биылғы жылдың өзінде ЖОО студенттерінің республикалық пәндік олимпидаларынан барлық факультеттерден жеңімпаздар шықты.
Биылғы талапкерлерді қабылдауға жаңаша өзгеріс енгізіліп отыр. Ол – шығармашылық емтихан тапсыру. Болашақта ұстаз боламын деген талапкердің сөзі мен ойлау қабілеті, ұстаздық келбетінің алғашқы сыны осы шығармашылық емтиханның негізінде анықталмақ. Жоспар бойынша шығармашылық емтиханда психологиялық тест пен белгілі бір педагогикалық жағдаятты
шешуі қажет. Бұның ең жоғары
балы – 25 балл.
Қыздар университеті тек қана талапкерлерді ғана емес, басқа жоғары оқу орындарынан ауысқысы келген студенттерді, қиын жағдайда ақысын төлей алмай оқудан шығып қалған білімгерлерді де құшақ жая қарсы алады. Оқудан шығып қалған кезінен бастап қайтадан қалпына келтіріп береді. Ол үшін кем дегенде бір оқу семестрін (бір академиялық кезең) аяқтаған болу керек.  Егер басқа университеттен ауысатын болсаңыз, оқу түрі мен мамандығыңыз сақталатын болады.
Білім ордалары көп. Қыздар университеті – дара. Ұлттық құндылығын жоймай, білім мен біліктілікті ұштастырып отырған бұл оқу орны болашағы жарқын, талабы таудай талапкерлерді шақырады.

Лира ИБРАЙЫМОВА,
филология ғылымдарының кандидаты,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
тіл теориясы және оқыту әдістемесі
кафедрасының аға оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар