Тұрғындар арасында спорт пен дене тәрбиесін насихаттаудың негізгі тәсілі бұқаралық спорт шараларын көптеп өткізу екендігі белгілі. Осы орайда, Астанамен іргелес Целиноград ауданында бұл мәселеге жете көңіл бөлінетіндігін атап өткіміз келеді. Соның бір айғағы ретінде аудан орталығы Ақмол ауылында болып өткен аудандық «Ақбидай – 2016» жазғы спартакиадасын айтуымызға болады.
Бұқаралық спорт деп аты айтып тұрғандай, мұндай жарыстарға жас та, кәрі де қатыса алады. Дегенмен, жарыс болған соң оған дайындықпен бару қажеттігі түсінікті. Осы орайда, Иван Сауэр басшылық ететін «Родина Агрофирмасы» серіктестігіндегі бұқаралық спортты дамыту бағытында қолға алынған шаруаларды ерекше атап өтуге болады. Ауыл спортын дамыту үшін мұнда барлық жағдай жасалған.
Бұл жолғы аудандық спартакиадада ауыл спортшылары спорттың 23 түрі бойынша бақ сынасты. Жарысқа 18 ауылдық округтен 1000-ға тарта спортшы қатысты.
Осы спартакиадаға демеушілік жасаған «Целиноград» қаржы серіктестігінің төрағасы Сағадат Әшебеков, «Ақтық» ЖШС-нің директоры Марат Қамзебаев, «Ақмола-Феникс» АҚ-ның басшысы Максим Божко, «Астана Өнім» АҚ-ның басшысы Ғалымжан Әбдіхалықов, «Новоишимка» ЖШС-нің жетекшісі Марс Итбаев, «Шалқар» серіктестігінің директоры Дулат Қамзебаев, «Ақ дән» ЖШС-нің директоры Айтқожа Байжанов, «Мега Спорт» сауда орталығының жетекшісі Владимир Золотарев сынды азаматтарға алғысымыз шексіз.
Спартакиада барысында аудан әкімі жиналған жұртшылық алдында полиция қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, үш ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторларына су жаңа «Нива» автокөліктерінің кілтін табыс етті.
Тартысты өткен сайыстар барысында жалпы командалық есепте бірінші орынды родиналықтар иеленді. Аудан әкімі оларға эллиптикалық тренажерді сыйға тартты. Екінші орын Қараөткел ауылдық округінің спортшыларына бұйырды. Ал, жүлделі үшінші орынды қанжығаларына байлаған воздвиженкалық спортшылар да бағалы сыйлықтан құр алақан қалмады. Аудандық мәслихаттың депутаты Болатбек Ыбыраев «Үздік баскетболшы» аталымын дайындаған екен. Оған Қабанбай батыр ауылы командасының ойыншысы Тидэ Рудольф ие болды. Аудандық мәслихаттың депутаты Сайра Матайбаева дайындаған «Үздік волейболшы» аталымының сыйлығы родиналық спортшы қыз Даяна Байжұмановаға тапсырылды. Ал, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы әзірлеген «Үздік футболшы» аталымы бойынша тиісті сыйлық қараөткелдік аяқдоп шебері Сүйіндік Әбілдиновке табыс етілді.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Суретте: аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеев жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттауда.
Целиноград ауданы.