Бас қаланың бастау алғанын көріп едік

Жыл сайын аптапты шілденің алтыншы жұлдызында Астана күнін атап өту дәстүрге айналды. Жалпы мерекенің көп болғанын өз басым жөн деп есептеймін. Санамызға, болмысымызға, бар ділімізге сіңген думаншылдық, қызыққа ұмтылушылық, жақсылыққа ынтықтық ұлтымыздың ерекше қасиеттері ғой. Бұл, бетін аулақ қылсын, күйзеліске ұшыраудан, трагедиялық жағдайларға тап болудан, жаназа сияқты мәселелерге байланысты бас қосулардан мың мәртебе артық емес пе? «Ылайым, қызық-қуанышта кездесуге жазсын!» дейтін қазақи тілекке не жетсін, шіркін.

 

Міне, сондай айтулы мерекелердің біріне айналды Астана күні. Және мұның өзі жаңа заманға жаңа үрдіспен жалғасқан, мәні мен мағынасы аса терең, ұлтымыздың тарихы мен жадынан айрықша орын алатын шара десек, артық айтқандық болмас. Бас қаламыз – ол Қазақстанның жаңа дәуірінің куәгері әрі мүсіншісі, жаңа саяси өмірдің қайнаған қазаны әрі алыс болашаққа үмітпен көз тігуге мүмкіндік беретін асқар шыңы, еліміздің рухани һәм мәдени кіндігі әрі қала сәулетінің небір жауһарлары бар сұлулық символы, қорыта қайырғанда, бүгінгі әлемге танылған қазақтың шынайы мақтанышы. Шаһардың жыл сайын қарыштай, түрлене дамуы соншалықты ілгерілеген ұлтымыздың қазіргі болмысын көз алдыңа әкелетіні ақиқат. Келесі жылы осынау гүл қаланың алаштың астанасы болғанына жиырма жыл толады екен. 1997 жылдың 20 қазанындағы Президентіміздің жарлығымен бұрынғы Ақмола сол жылғы 10 желтоқсаннан бастап еліміздің бас қаласы деп жарияланды. Содан жарты жылдай ғана уақыт өткенде келесі жарлыққа (1998 жылдың 6 мамыры) сәйкес оның аты Астана болып өзгертілді.

Әрине, қаланың тарихы тереңде жатыр. Бұл өңірді адам баласы сонау
палеолит заманынан мекендегенін археологтар дәлелдеді. Біздің жыл санауымыздан мың жылдай бұрын Сарыарқаның төсінде, Нұра мен Есілдің аралығында сақтар мен ғұндар өмір сүрген, бекініс тұрғызған. Ғалымдардың айтуынша, ғұн тілінде «ақ» «батыс» деген ұғымды білдірсе, «мола» – «қамал» сөзінің баламасы екен. Демек, «Ақмола», қазіргі кейбір топшылаулардан да әрірек, мәндірек «Батыстық қамал» деген түсінік болып шығады. Атақты «Жеті жарғыны» дүниеге келтіруші Тәуке ханның ордасы бұл қала орналасқан жерге өте жақын болыпты.

Өткеннің талай оқиғаларымен қатар Ақмола бекінісі Кенесары хан бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының куәгері болғаны да тарихтан белгілі. Әрине, қала өміріне түбегейлі өзгерістер енгізген 1917 жылғы Қазан төңкерісі. Жаңа үкіметтің алғашқы айларындағы ақмолалық зиялы қауымның өмірі мен қызметін С.Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» романында шынайы көрсеткен. Ақмоланың Целиноград болып өзгеруі тың және тыңайған жерлерді игеруге, 1960 жылдың 26 желтоқсанында Тың өлкесін құру туралы жарлықтың күшіне енуімен байланыс-ты. 1979 жылы қала жұртшылығы мен жастарының Қазақстанда неміс автономиясын құруға қарсы ұйымдастырған іс-әрекеттері де тарихта қалған елеулі беттердің бірі.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру жөнінде мәселе күн тәртібіне шықты. Бұл аса ауқымды істің бастамашысы Президент Н.Ә.Назарбаев екені белгілі. 1995 жылдың 15 қыркүйегінде ол кісі астананы ауыстыру туралы жарлық шығарып, екі жұмадан кейін Үкімет Ақмолаға мемлекеттік органдарды көшіру жөнінде комиссия құрды. Болашақ астананы таңдау бойынша бірнеше қала қарастырылып, ең соңында тоқтау Есілдің жағасындағы қалаға түскені белгілі. Шынында да, бұған мықты негіздер бар-ды, ол жөнінде Елбасы өзінің көптеген еңбектерінде (мәселен, «Еуразия жүрегінде» кітабында), сұхбаттарында, кездесулерде талай айтты. Біріншіден, бас қаланы солтүстікке қарай жылжытуға геосаяси ахуал себеп болды. Екіншіден, Алматы өз дамуында аумақтық ресурсты тауысқан еді, әрі ондағы экологиялық жағдай да нашарлаған болатын. Үшіншіден, астананы ауыстыруда елді индустриялық-инновациялық дамыту тұрғысынан нығайту мәселесі тұрды. Оның үстіне Ақмола көліктің қай түрі үшін де елдің ортасында, тоғыз жолдың торабында орналасқан еді. Қысқасы, ендігі жерде жаңа Қазақстанды жаңа астанада тұрғызу қажет болды.
Мұның алдында жарты жыл бұрын Көкшетау облысы жабылып, көрші Солтүстік Қазақстан облысына қосылды да, ат үстіндегі азаматтардың көбі сол жаққа, кейбіреулері жаңа астанаға немесе басқа облыстарға қызмет ауыстырды. Бірер айдан кейін бізге де сөйтуге тура келді. Республикалық мемлекеттік органдардың, министрліктердің ішінде Ақмолаға ең бірінші боп қоныс аударған Ақпарат және қоғамдық келісім жөніндегі ұлттық агенттікке конкурсқа қатысу үшін құжаттарымызды тапсырып, көп ұзамай соның бас маманы атандық. Кейін агенттік Баспасөз министрлігі болып өзгертілгенде, баспалар бөлімінің меңгерушісі лауазымын атқардық.
Сол кездегі қала, әрине, қазіргімен еш салыстыруға келмейді, ол кәдімгі провинциялық қалалардың, қатардағы облыс орталықтарының бірі еді. Баспана мәселесінің біршама қиындықтарын көріп, кейін агроуниверситеттің отбасылық жатақханасынан бір бөлмеге қол жетті. Министрлігіміз Бейбітшілік көшесіндегі бұрынғы обкомның саяси ағарту үйіне орналасқан, үш-төрт аялдамалық жер. Күн сайын таңертең, кешке жаяу жүреміз. Сонда берекесі қашқан ескі тротуармен жүргенде, оның өзінің кейбір жерлерде мүлде асфальты қалмаған, барғанша-келгенше аяқ киімді, шалбардың балағын кәдімгідей аппақ шаң қалың басатын. Жолшыбай көп қабатты тұрғын үйлердің, басқа да ғимараттардың біраздан жөндеу көрмеген қабырғаларын, кіреберістерін, есік-терезелерін көргенде көңіл жүдей беретін. Алайда, көп ұзамай құрылыс, жөндеу жұмыстары қарқынды басталып кетті де, орталық көшелердің келбеті тез өзгере бастады.
Астана көшіп келген алғашқы жылдан-ақ Елбасының бастамашылығымен бас қаланың эскиз-идеясына халықаралық конкурс жарияланды, Нұрағамыздың үндеуіне әлемнің үздік архитекторлары назар аударды. Есімде, аса ыждаһаттылықпен өткізілген конкурс-таңдауда дүниежүзіне әйгілі жапон сәулетшісі Кисё Курокава жеңімпаз атанып еді. Оның ұсыныстары бойынша қаланың 2030 жылға дейінгі дамуының бас жоспары әзірленді. Қазақстан мен Жапония сәулетшілерінен басқа астананың болашақ архитектуралық келбетін жасауға Германияның, Англияның, Болгарияның, Швейцарияның, Шығыс елдерінің, басқа да мемлекеттердің белгілі мамандары қатысқан-ды. Олардың әлемдік архитектурадағы ең үздік деген үрдістерді барынша ескергеніне бүгінгі Астананың бейнесіне қарап көз жеткізуге болады.

Елбасының ендігі бір көрегендігі – қаланы Арқаның желі мен боранынан, құмды дауылынан қорғайтын жасыл белдеу жасауы. Ал, күн сайын ірге көтеріп жатқан біріне-бірі ұқсамайтын, адамның небір қиялының қайталанбас жемісі іспеттес ғимараттар, көптеген фонтандар мен кең аллеялар, Есілдің екі жағасын қосып жатқан заманауи ғажайып көпірлер – отандасымызды болсын, шетелдіктерді болсын еріксіз таңдай қақтыратын көріністер.

Қазіргі кезде мұнда Орталық Азиядағы ең биік 88 қабатты «Абу-Даби Плаза» көк тірейтін үйі салынып жатыр. 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астанаға «Әлем қаласы» деген атақ пен медальдың берілуі заңды болса керек. Келесі жылы өтетін
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ертегіге бергісіз ғимараттары да бас қаламыздың дүниежүзінің озық шаһарлары қатарынан ойып тұрып орын аларына септеседі.
Астанада қызмет істеген жылдар мен үшін шын мәнінде де, азаматтық кемелдену, рухани биіктеу, дүниетанымымның кеңею, көптеген дос-жарандар, пікірлес әріптестер мен жолдастар табу кезеңі болғаны рас. Санқилы жұмыстар атқаруға, іс-шараларға қатысуға тура келді, оларға шама-шарқымызша үлес қосудың сәті түсті. Мүмкін, сол тірлігіміздің ескерілгені болар, 2008 жылы орыс тілінде жарық көрген «Астана» энциклопедиясына (бас редакторы, ғылыми-редакциялық кеңестің төрағасы Иманғали Тасмағамбетов) мен туралы мақала енгізілді.
Жоғарыда айтқан көп оқиғалардың ішінде бір ерекше есте қалғаны 1997 жылдың 8 қарашасында жаңа астанаға мемлекеттік билік рәміздерінің – тудың, елтаңбаның және Президент штандартының жеткізілуі. Қазіргідей есімде, күздің қара суығы мен Арқаның қатты желі қатар қысып тұрған күн болатын. Бұрынғы Президент резиденциясының алдында жиналған нөпір халық, сап түзеген әскерилер, гүл шоқтарын ұстаған арулар. Біздің министрліктің ұжымы да түгел дерлік алдын ала белгіленген жерде тұрдық. Бір кезде резиденцияның алдына Президент шықты, қасында Сара Алпысқызы, тағы екі-үш жоғары лауазымды тұлғалар бар. Тиісті музыкалық белгі берілгеннен кейін Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев нық басып, әскери тәртіппен Елбасына мемлекеттік рәміздердің жаңа астанаға жеткізілгені туралы баяндады. Салтанатты әуеннің ырғағымен жанында күзет жасағы бірге еріп жүрген арнайы адамдар рәміздерді үлкен ғимаратқа енгізді. Ауа райының қытымырлығына қарамай көңіл шіркін, ерекше тебіренеді, толқиды, қобалжиды, өйткені, бұл да дербес елдікке, тәуелсіз мемлекетке ғана тән рәсім ғой, осыны сезінгенде «тәубә, шүкіршілік!» деген ой ыстық лептей тұла бойымызды
шарпып өтті.
Иә, Астана күні – жай ғана қала мейрамы емес. Бұл – Алаш жұрты рухының асқақтығын, ел экономикасының, әлеуметтік бар болмысының, мәдениетінің жаңа заманға лайық белеске көтерілгендігін паш ететін ерекше дата, Мәңгілік Ел идеясының өміршеңдігін көрсететін айрықша оқиға, Ұлы Дала Елі кіндігінің бақыт ордасы екендігін айшықтайтын мерейлі мереке. Ендеше сол мереке құтты болсын, ағайын!

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
облыстық қоғамдық келісім
кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар