Іргеден өнім жөнелту тиімді

Астана жыл өткен сайын құлпырып келеді. Әсіресе, қаладағы инфрақұрылымдардың жақсара түсуі, түрлі жаңа ғимараттардың құрылысы, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарының қарқын алуы Астананың ажарын аша түсуде. Мұндай әсем де сұлу қалада тұру кез-келген адамның арманы екені сөзсіз. Жыл өткен сайын қала халқының да саны көбейіп келеді. Дегенмен, бүгінде елордалықтарды сапалы отандық азық-түлік тағамдарымен тұрақты және жеткілікті қамтамасыз ету басты мәселе болып отыр. Осы мақсатта Астана қаласының айналасында қолға алынған азық-түлік белдеуін жасау  бағдарламасының берері мол.

Сондай-ақ, отандық өнімді қолжетімді бағамен сатып, біртіндеп шетел тауарларымен бәсекелестікті өрістету де қарастырылған. Облыстың азық-түлік белдеуіне қатысушылары Астана қаласының сау-да сөрелеріне азық-түлік тағамдарының негізгі түрлерін жеткізу көлемін арттыруда. Импортты қысқарту үшін азық-түлік белдеуі аймағында тұрақты шикізат базалары құрылуда. Астаналықтарға азық-түлік тағамдарының негізгі түрлерін қолжетімді бағамен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы құрылымдары өндірістің қазіргі заманғы әдістерін қолданып, өнім тасымалдау шығынын азайтып отыр. Бағдарлама шеңберінде Астана қаласының тұрғындарын азық-түлік тағамдарымен қамтамасыз етудің нақты талдауы ұсынылды. Азық-түлік тауарларын жеткізетін аудандардың әлеуеттік мүмкіндігіне баға берілді. Мемлекет басшысының алға қойған міндеттеріне сәйкес, Ақмола облысында да Астана қаласының төңірегінде азық-түлік белдеуін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңір азық-түлік белдеуіне толығымен кіріп, Астана қаласына ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдайтын негізгі жеткізуші болып табылады. Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары Елорданы 40 пайыз сүт өнімдерімен, 47 пайыз ет өнімдерімен, 100 пайыз ұнмен және жұмыртқамен, 93 пайыз картоппен қамтамасыз етті. Олардың ішінде елорданың іргесіндегі Целиноград ауданындағы «Capital Projects LTD» серіктестігі бройлер құс фабрикасының қадамы көз сүйсіндіреді. Астананы 100 пайыз құс етімен қамтамасыз ету бағытында салынған кәсіпорын негізгі салмақты өзіне алып, жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда.
Аталған кәсіпорын 2017 жылы 20 мың тонна құс етін өндіруді межелеп отыр. Бұл кәсіпорын құрамына кіретін «Шаңырақ» басқарушы компания-сы» серіктестігінің басшысы Максим Божконың айтуынша, 2013 жылы  «АқмолФеникс» акционерлік қоғамының бұрынғы нысандары негізінде Целиноград ауданының Ақмол ауылында ашылған кәсіпорында бос қалған цехтарды жөндеуден өткізіп, заманауи қондырғылар орнатқан соң жұмыс жандана бастады.
– Біздің фабриканы іске қосу үшін қыруар жұмыстар атқаруға тура келді. Нәтижесінде германиялық инвес-торлармен бірлесіп,  етті бағыттағы жаңа кәсіпорын аштық.  Осылайша  400 жаңа жұмыс орны ашылды. Жоба Астана қаласы айналасындағы азық-түлік белдеуіне кіреді, сондай-ақ, Елорданы құс етімен 100 пайызға қамтамасыз етуге және импортты 15 пайызға азайтуға мүмкіндік береді, – дейді серіктестік басшысы Максим Божко.
Тағы бір айта кетерлігі, кәсіпорында алты үлкен нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, қажетті қондырғылар орнатылған. Оның ішінде әрқайсысына 23 мың балапан сиятын үш корпустан тұратын цех, 40 мың бройлерлік 4 корпус және жылына 15 миллион балапан шығара алатын инкубатор бар. Біреуінде 54 мың бройлер өсіруге болатын тағы да 14 арнайы цех жұмыс істейді. Сондай-ақ, сағатына 15 тонна өнім шығара алатын құрама жем цехы мен бройлерлерді соятын және етін өңдейтін зауыт іске қосылды. Енді осыған өздерінің автомобиль паркі мен үш жылу орталығы қосылатын болса, жұмыстың қаншалықты ауқымды екендігін пайымдауға болады.
Міне, осының бәрі кәсіпорын ұжымына тәулігіне 4550 тонна сапалы өнім өндіруге мүмкіндік беріп отыр. Оның ішінде өнімнің құс еті, шұжық, ысталған ет сияқты 20 түрі бар. Бір назар аударарлығы, өнімді сатуда ешқандай қиындық жоқ екен. Бүгінгі таңда кәсіпорын өнімдері Астана, Қарағанды, Алматы қалалары мен Ақмола облысының  аудандарына жөнелтілуде. Сондай-ақ, Ресейдің Мәскеу қаласы мен Сібірге, Ресейдің орталық округтеріне де
жеткізілуде.
Кәсіпорын қол жеткен табыстармен шектелмей, биылғы жылы өнім шығаруды екі есе көбейтуді жос-парлап отырған көрінеді. Осы мақсатта фабрика өнім шығарумен қатар, өндірістік базаны кеңейтуді қолға алып отыр. Қазіргі кезде 9 миллион инкубациялық жұмыртқа алынатын тағы 4 корпус жабдықталуда. Бұл өндіріс көлемі екі есе артады деген сөз. Осының бәрін ескерсек, бүгінде тәулігіне 50 тонна өнім шығаратын фабрика алдағы уақытта өнім көлемін бірнеше есе арттырмақ. Яғни, 2017 жылы кәсіпорын толыққанды жұмыс істеп, жылына 20 мың тонна құс етін өндіретін болады.
Қорыта айтқанда, Астананың азық-түлікке деген сұранысын қанағаттандыру, сауда орындарын жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету бірінші кезекте Ақмола облысының ауыл шаруашылығы құрылымдарының еншісіне тиетін міндет. Сондықтан, «Capital Projects LTD» серіктестігі де Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қоса беретініне еш күмән жоқ.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар