Елбасымен бір мектепте оқыдым

Мен Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев оқыған мектептен білім алғанымды мақтаныш тұтамын. Бұл мектеп 1945 жылы ұлы Абайдың 100 жылдығына орай салынып, пайдалануға берілген екен. Мен осы мектепті 1958 жылы бітірдім.

Еліміздің Президентіне сабақ берген ұстаздардың қатарында Әбдірахман Байжанов, Қабдолла Құлмағанов, Гаухар Құлмағанова, Бағман Кенжекеев, Әзипа Сарыбаева, Қали Игелманов, Қажыкен Қанқашбаев сияқты мұғалімдер бар. Ол кісілердің бәрі бүгінде бақилық болып кетті. Н.Назарбаев осы Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектепті күміс медальмен бітірді.
Ұлт Көшбасшысымен қатар оқымасам да, ол туралы замандастарым айтқан әңгімелерден көп жайды естіп білген едім. Ол бала кезінен-ақ ілім-білімге құмар, үлкенді, ұстазды қатты сыйлайтын кішіпейіл болып өсті. Есімде қалғаны, үзіліске шыға қалсақ болды, бастауыш сынып балалары асық немесе «қызыл жалау» деген
ойынды ойнайтын да, жоғары сынып оқушылары волейбол ойнайды. Мығым денелі ақсары бала құрбыларына қосылмай, ойындардан әрдайым аулақ жүреді.
Сабағын өте жақсы оқитын Нұрсұлтан қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласатын. Содан болар, бала кезінен-ақ, оның есімі аудан аумағына жақсы танымал болды. Балалар арасында қиын сабақ атанған математиканы ол өте жақсы оқыды. Үй тапсырмаларын орындағанда, бақылау жұмыстарында сыныптастарына есеп шығаруға әрдайым көмектесетін. Ұстаздары ол туралы «Нұрсұлтаннан түбі үлкен азамат шығады» деп айтып жүретін. Ол ақыры ұстаздарының сол үмітін ақтап, есімі әлемге танымал саясаткер болды.

Нұрсұлтан Назарбаев мектеп бітіріп, биік лауазымды қызмет тізгінін ұстап жүрген кездерінде де өзі оқып, білім алған мектебін, ұстаздарын ұмытқан жоқ. Бірде Қарағандыда жауапты қызметте жүрген кезінде кездескен едім. Сонда маған: «Аға, ауылға барып өзім оқыған мектепте болдым, отырған партамды көріп, көңілім тоғайып қалды» деген еді. Сол сөзінен өзі оқыған мектебін, қызықты балалық шағын ешқашан ұмытпайтынын ұқтым.

Мемлекет басшысының жұмысы ауыр және жауапты. Бос уақыттары да бола бермейді. Соған қарамастан, Нұрсұлтан Назарбаев өзі оқыған мектебі мен ұстаздарының, құрбы-құрдастарының жайынан  әрдайым сырттай хабардар болып отыратынға ұқсайды. Олай дейтінім, осыдан бірнеше жыл бұрын оны оқытқан бір мұғалімі қайтыс болғанда, Мәскеуде іссапарда жүрген Н.Назарбаев ұстазының отбасына қайғысына ортақтасатынын айтып, жеделхат жіберді.
Биыл еліміз өз тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отыр. Еліміздің тәуелсіздігі, осы кезең ішінде қол жеткен жетістіктерінің бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін ешкім теріске шығара алмайды. Мемлекет тарихында осындай елеулі орны бар ұлы тұлғамыздың мектептен білім алған балалық шақтары, азаматтық келбеті туралы өзім  білетін жайларды ортаға салғанды орынды көрдім.
Мекайыл ТӨЛЕБАЙ,
зейнеткер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар