Биыл екі қазақстандық университет әлемнің алдыңғы қатарлы 400 жоғары оқу орны енетін QS World University Rankings рейтингі бойынша алғашқы ондыққа кірді. 2009 жылы әлемдік жоғары оқу орындарын бағалайтын белгілі ұйым тізімінің соңында орналасқан Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Астананың Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті содан бергі өткен бірнеше жылдың ішінде әлемнің маңдай алды оқу орындарын басып озып, алдыңғы ондыққа енгені осы оқу орындары үшін ғана емес, тәуелсіз еліміз үшін де үлкен жетістік екені анық.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ-ситеті Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1996 жылғы 23 мамырдағы бас-тамасымен екі жоғары оқу орны – Целиноград инженерлік-құрылыс институты мен Целиноград педагогикалық институтының бірігуі негізінде құрылған еді. Ал, 2000 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясымен бірігуі негізінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университеті болып қайта құрылды.
2001 жылдың 5 шілдесіндегі «Жеке мемлекеттік жоғары оқу орындарына ерекше статус беру туралы» Қазақстан
Республикасы Президенті Жарлығына сәйкес, университетке «Ұлттық және жалпыадамдық құндылық, ғылым мен техника жетістіктері негізінде тұлғаларды дамыту мен кәсіби қалыптастырудағы елеулі үлесі» ерекше мәртебесі берілді.
Биыл өзінің жиырма жылдығын атап өткелі отырған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті осы уақыт ішінде ауыз толтырып айтарлықтай көптеген жетістіктерге қол жеткізді. 2005 жылы Оксфорд университетінде білім ордасы «Бiрiккен Еуропа» мәртебелi халықаралық медаліне лайық деп танылған болатын. Ал, 2006 жылы университет қазiргi қоғамның зияткерлiк дамуына үлес қосқаны үшін Халықаралық наградасына ие болды. 2007 жылы «ТМД-ның ең үздік компаниясы» алтын жұлдызымен марапатталды. 2012 жылы «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымындағы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты болды.
Еуразия ұлттық университетінде мамандарды даярлау жүйесі үш білім беру баспалдағы бойынша жүргізіледі: жоғары негізді білім, яғни, бакалавриат, магистратура және Ph.D докторантура. Университетке қабылдау мемлекеттік білім гранты мен ақылы негізде жүзеге асырылады.
Бүгінгі күні университет құрамына 12 факультет кіреді, атап айтқанда, механика-математика, ақпараттық технологиялар, сәулет-құрылыс, жаратылыстану ғылымдары, әлеуметтік ғылымдар, заң, филология, экономика, халықаралық қатынастар, физика-техника, журналистика және саясаттану, көлік-энергетика факультеті.
Студенттерге 900-дей жоғары білікті оқытушылар дәріс берсе, олардың 65 пайызы ғылым докторлары, профессорлар және мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, сондай-ақ, ғылым кандидаттары мен доценттер. Бүгінгі таңда оқу орнында жиырма мыңдай студент білім алады. Қысқа мерзім ішінде осындай биіктерге көтерілген университетте оқып, мамандық алу үшін жастарға барлық жағдайлар жасалған. Сәулетті оқу ғимараттары, қазіргі заманғы ең озық құралдармен жабдықталған аудитория-лар, спорт, кітапхана залдары, жатақханалар – бәрі де студенттердің заман талабына сай сапалы білім алуына игі ықпалын тигізеді.
Түрлі өлшемдер бойынша білім беру деңгейі жөнінен әлемдік рейтингте 400 оқу орнының арасынан алдыңғы ондықтан көрінген астаналық Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткен айтулы жетістіктерінің қатарынан өз орнын алары даусыз.
Қалкөз ЖҮСІП