Алғыс арқалаған жан

Степногорск аймақтық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Сайран Смағұлов
туралы бір үзік сыр

 

Мамандықтың бәрі жақсы. Десек те, солардың арасында қалың жұртшылық қадірлеп, құрмет тұтатын сыйлы мамандықтар да болады. Солардың бірі – дәрігер. Баспасөз құралдары «адам жанының арашашысы» деп айтып, жазып жататын дәрігердің алдында болып, оның көмегін алмаған адам жоқ шығар. Басты байлық – денсаулықтан айырылып, қатты күйзелген пенденің бар сенері де, сүйенері де дәрігер болмақ. Қиналған жанға қол ұшын беріп, жабыққан көңілін жұбату, сауығып кетсем-ау деген үміт отын лаулатып, сенім үдесінен шығу – оңай шаруа емес. Мен білетін сондай міндет биігінен көрініп жүрген, ақ халатты абзал жан деген атқа лайықты, жұртшылықтың алғысы мен сый-құрметіне бөленген дәрігердің бірі  Сәкең – Сайран Садырұлы Смағұлов.
Мен Сәкеңмен Атбасар қаласында 1990-шы жылдардың ортасында таныстым. Ол кезде Сайран Садырұлы темір жол тораптық, кейін соның базасында құрылған аймақтық туберкулезге қарсы дипсансердің бас дәрігерінің орынбасары болып істеді. Ұзақ жылдар Қима ауданында аудандық аурухананың бас дәрігері болып қызмет атқарған Сәкең аудан таратылған соң Атбасарға ауысып келген екен. Жүзі жылы, әрдайым күлімсіреп жүретін оның осы жұмсақ мінезінен болар, жұрт Сәкеңе тез үйіріліп, тіл табысып кететін. Адамның тек тәнін ғана емдеп, оның жан дүниесіне назар аудармайтын, алдына келген аурулардың бәрін науқас деп қабылдайтын дәрігерлер болады. Өкінішке орай, дәрігер атына кір келтіріп, соңғы жылдарда БАҚ бетінде жиі жазылып, айтылып жүрген келеңсіз жайларға да дәл сондай адамдар себеп болған деп ойлаймын. Сондай-ақ, өз міндетін тек адамның тәнін емдеу деп түсінбей, оның жанына, ішкі дүниесіне де назар аударып, ауру меңдеп, жабыққан пендені жылы сөзімен жұбатуға асығып тұратын дәрігерлер де болады. «Адам жанының арашашысы» деген атқа лайық жан да – сол. Сәкең де дәл осы санаттан-ды.
2002 жылдың көктемінде ауырып, ауруханаға түстім. Туберкулез дерті енді ғана басталып, белең алып үлгермесе де асқа тәбетім жоғалып, аз күннің ішінде жүдеп кеттім. «Ас адамның – арқауы» демекші, ас ішпеген соң әлсіреп, әл-дәрменің азаяды екен. Осылайша қатты жүдеп, қиналып келген мені Сәкең алғаш келген күннен бастап  ең алдымен жылы сөзімен жаныма үміт отын құйғандай болды. «Ештеңе етпейді, бірнеше күнде-ақ тәбетіңді қалпына келтіреміз» деді ол нық сеніммен. Оның жылы сөзі жанымды жұбатып, көңілім тәп-тәуір өсіп қалды.
Ауруханада жатқан екі айдай уақыттың ішінде мен Сәкеңді жан-жақты танып, дәрігерлік қана емес, кісілік келбетін де көріп, біле түстім. Ол күн аралатып палаталарды аралап, әр науқаспен сөйлесіп, хал-жағдайын егжей-тегжей сұрап отыратын. Әрдайым жылы жүзбен күлімсіреп, кейде жеңіл қалжыңдап қойып жүретін Сәкеңмен әңгімеден кейін көңілің көтеріліп, ауруыңнан айыққандай сергіп қаласың. Шынын айтқанда аурудан жазылуға  дәрі-дәрмектің көмегі жеткіліксіз, ең алдымен адамның өз құлқы болуы керек, дейтін ол. Жасыратын не бар, туберкулездің ушығып кеткен ашық түрімен ауырып, жандары қиналған кейбіреулердің сол ауруханада жатып жасырып арақ ішіп, темекі тартатындары да болды. Әрине, мұндай денсаулығына еш мән  бермейтін пенделердің қанша емдесе де аурудан айыға алмай, кейін созылмалы дертке шалдығып жататындары болады. Сол кезде Сайран Садырұлының айтқан бір әңгімесі ұмытылмастай болып есімде қалып қойды.
Сәкең айтады: «Ертеректе, кеңес заманында туберкулез диспансеріне бір жас ұшқыш жігіті түсті. Ауруы қатты асқынып кеткен екен, өкпесінде жұдырықтай үлкен тесік бар. Әлгі маған «мен әлі жаспын, ұшқыш болып қалуым керек, олай болмаған жағдайда маған өмірдің көк тиындық құны жоқ», – деді түңіліп. Содан кейін: «Ауруымнан толық жазылып шығатын  амал бар ма?» – деп сұрады. Өкпесіндегі жұдырықтың аумағындай тесікті жабу үшін оған кем дегенде бір жылдай күшейтілген жағдайда ем қабылдауы қажет еді. Осы жайды айтқанымда «аға, мен бәріне келісемін, тек мені емдеңіз» деп жата-жабысып жалынды. Күшейтілген емге екінің бірі төзе бермейді. Яғни, бұл жағдайда күн сайын өте күшті улы бір буда дәрі-дәрмек қабылдау қажет. Ұшқыш жігіт содан күшейтілген жағдайда ем қабылдауға кірісті. Ол күн сайын таңертең берілген бір буда дәрі-дәрмекті үлкен тостағанға салып, оған су құйып езіп ботқа жасайтын. Содан қасықпен кәдімгідей әлгі «ботқаны» жейді. Оның мына қылығын көргендер шыдай алмай шыға қашатын. Бір жылдай ем қабылдаған жігіт ауруынан айығып шықты. Содан бір күні жұмыс бөлмемде отырған маған медбике келіп «сізді бір ұшқыш сыртта күтіп тұр, жолығамын дейді», – деді. Сыртқа шықсам ұшқыш киімін киген жігіт маған қалбалақтай амандасты. Түрі таныс сияқтанғанмен жыға тани алмадым. Аты-жөнін айтқасын ғана танып, жай-жапсарын сұрадым. Ол ауруынан толық айығып, қайтадан ұшқыштар тобына қабылданыпты. Сол қуанышы мен алғысын айту үшін арнайы келген екен.
«Менің әкем мұғалім еді, содан сабақты нашар оқу маған біртүрлі ұят сияқты сезілетін», – деп есіне алады мектептегі алыста қалған балалық шағын ол. Мектепті үздік бітірген Сайран Садырұлы 1970 жылы еш қиналмастан Целиноград медициналық институтына оқуға түседі. Оның таңдаған мамандығы да ауыр және күрделі мамандық – фтизиатр. Бұрын емі жоқ дерт саналатын қазақ «құрт ауруы» атаған туберкулез кеңес заманында да белең алып, туберкулезді емдеу  мемлекеттік деңгейде көтерілген өзекті мәселелердің бірі болып саналатын. Табаны күректей жеті жыл жоғары оқу орнын оқып, жақсы білім алып шыққан жас маманның еңбек жолы өзі туып өскен Қима өңірінде, аудандық аурухананың фтизиатр-рентгенолог қызметінен басталған. Біраз жыл Арқалық қаласында қызмет істеп, қайтадан Қима өңіріне оралды. Өз жұмысын өте жақсы білетін жігіт қызмет баспалдағымен тез көтеріліп, аудандық аурухананың бас дәрігері болды. Қима аудандық ауруханасында атқарылған көптеген жақсы істер Сәкеңнің есімімен тығыз байланысты. Өкінішке орай, Торғай облысы таратылған кезде Ақмолаға қосылған Қима ауданы да таратылып, аудандық аурухана жабылды.
Сайран Садырұлы сияқты білікті маман, іскер басшының далада қалуы мүмкін емес еді. Оған жан-жақтан біраз шақыртулар келген, бірақ ол туып-өскен жеріне жақын Атбасарды қалады. Сөйтіп, алғашында Атбасар темір жол тораптық ауруханасында, кейін, жаңадан ашылған аймақтық туберкулезге қарсы диспансерде қызмет атқарды. Бас дәрігердің орынбасары лауазымын атқарғанымен, Сайран Садырұлына тікелей ауруларды емдеу, яғни, ең жауапты саланы басқару міндеті жүктелген. Туберкулезге қарсы диспансер болғанымен, басқа емдеу орындарындағы сияқты мұнда да фтизиатр мамандары жетіспейтін.
2004 жылы Сайран Смағұлов Степногорск аймақтық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері болып тағайындалды. Тек Степногорск қаласына ғана емес, іргелес жатқан Ерейментау, Шортанды, Целиноград, Ақкөл, Аршалы, Еңбекшілдер және Бұланды аудандарының тұрғындарына да қызмет көрсететін аймақтық емдеу орнының жайы  ол билік тізгінін қолға алған тұста аса күрделі болатын. Басшы тұрақтамай, негізгі көрсеткіштері төмендеп, материалдық-техникалық базасы жүдеп тұрған емдеу орнын Сәкең келе сала күшейтуге білек сыбана кірісті. Уақытпен санаспай, барлық білімі мен тәжірибесін жұмсап, аурухананың
жайын түзеуге аянбай атсалысты. Осылайша, айналдырған екі-үш жылдың ішінде аурухана негізгі көрсеткіштері жағынан облыстағы алдыңғы орындарға шығып, материалдық базасы да қайта жаңғыртылды. Мәселен, 2008 жылы бірінші рет туберкулез дертіне шалдыққандар саны 135 болса, биыл бұл көрсеткіш 110-ға дейін төмендеген. Осы дертпен ауырған балалар мен жасөспірімдер саны да күрт азайды. Асқынған аурулар жоқ. Мұның бәрі аурудың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың жемісі екендігі айдан анық.
Сәкең алғаш келген кезде төрт қабатты үлкен ғимараттың жоғары қабаттары пайдаланылмай бос тұратын. Белгіленген талап бойынша әрбір науқас емделіп жататын аумақ 8 шаршы метр болса, аурухана жағдайы бұл талапқа сай емес-тін. Осыған орай, бос тұрған 4-ші қабаттағы бөлмелер де кәдеге асып, қазір аурухананың материалдық базасы жақсара түсті.
Қазақы ортада тәлім-тәрбие алып өскен Сәкең өзге басшылардай емес, қазақшаны еркін сөйлейді. Содан болар, ол диспансерде мемлекеттік тілді дамытуға да жете көңіл бөледі. Сәкеңнің тікелей басшылығымен аурухана ұжымы аптасына бір күнде тек мемлекеттік тілде сөйлеуді әдетке айналдырған. Сайран Смағұлов қазақ тіліне осындай жанашырлықпен қарағаны үшін қала әкімінің атынан арнайы алғыс хатпен марапатталыпты.
Мына қамшының сабындай келте пәни жалғанда бақытты болғысы келмейтін пенде бар ма. Бірақ, бақыт құсының екінің бірінің басына қона бермейтіні белгілі. Сол адам талғайтын бақыт құсы Сәкеңе мықтап орныққан сыңайлы. Ең алдымен оның жаны қалаған жақсы мамандығы, соған орай ел мен жұртшылықтың құрметіне бөлеген қызметі бар. Отыз жылдан астам осы салада еңбек етіп, көп жетістіктерге жетті, сый-құрметке бөленді. Содан кейін, өмірінің жартысы бірге өтетін отбасында да орнын тауып, көңілі сүйген жарын тапты. Жары Сәуле екеуі  үш бала тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлы әке жолын қуып дәрігер болса, екінші ұлы мемлекеттік қызметте, ал кенжелері Талғат Астанада Гумилев атындағы университетте оқиды. Немерелері жарысып өсіп жатыр. Еңбекте де, өмірде де орнын тапқан Сәкеңді  бақытты жан десе, артық айтқандық болмайды.
Биылғы жыл да Сайран Смағұлов үшін жемісті болды. Ұзақ жылғы медицина саласындағы еңбегі ескеріліп, ол «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Қалкөз ЖҮСІП.

Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар