Бақытты балғын шақ

Аудан орталығы Шортанды кентінде мектепке дейінгі балалар мекемелерінің тәрбиеленушілері арасында мемлекеттік тілді меңгеруге арналған аудандық «Балғын шақ» конкурсы өткізілді. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған конкурсқа өзге ұлт өкілдерінің балалары қатысып, өнерлерін ортаға салды.

 

Мемлекеттік тілді меңгеру бүгінде елімізде өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі. Мемлекеттік қызметте істейтіндердің арасында мемлекеттік тілді білмейтіндер бар. Кеңес заманында ұзақ жылдар бойы қордаланған бұл мәселені шешу үшін біраз уақыт және еңбек қажет екендігі түсінікті. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік тілді меңгерту бала бақшадан басталса, тиімді болары анық. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған бұл шараның маңыздылығы да осында болса керек.
Конкурс үш кезең бойынша өтті. Бүлдіршіндер өздері мен отбасыларын, өзі тәрбиеленетін бала бақшаны  қазақ тілінде таныстырып, қазақша тақпақтар айтып, ән шырқады. Қазақтың ұлттық киімін киген балалар ертегілерді қазақ тілінде сахналап, ертегі кейіпкерлерін де өздері сомдап шықты. Шара барысында балалардың да, ата-аналар мен тәрбиешілердің де конкурсқа үлкен дайындықпен келгендігі анық байқалды. Тартысты өткен өнер сайысында қазылар алқасына жеңімпазды анықтау да оңай болмады.
Жарыс болған соң жеңімпаз да болатыны белгілі. Өзге құрбыларынан біршама тәуір өнер көрсеткен Раевка ауылындағы «Балапан» бала бақшасының тәрбиеленушісі  Вера Баженова бірінші орынды жеңіп алды. Шортанды кентіндегі «Балдәурен» бала бақшасының тәрбиеленушісі Елена Салимова екінші, ал Бозайғыр ауылындағы «Бөбек» бала бақшасының намысын қорғаған Алексей Бозингер үшінші орынды иеленді. Конкурс жеңімпаздары – мемлекеттік тілде өнер көрсеткен балдырғандар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар