Облыс әкімі Сергей Кулагин Астана күніне орай өткен салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі және әр салада табысты еңбек етіп жүрген бір топ ақмолалықтарды Алғыс хатымен марапаттады. Бокстан әлем чемпионы Дина Жоламанның облыс орталығынан екі бөлмелі пәтерге және екі миллион теңге сыйақыға ие болуы да көпшілікті зор қуанышқа бөледі.
Шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Михаил Чирков қатысты. Елімізде жыл сайын шілде айының 6-cы күні Елордамыз Астана күні төл мереке ретінде аталып өтіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қызметкерлерге құрмет көрсету дәстүрге айналған. «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен салтанатты шара басталмас бұрын «Менің елім. Менің Астанам» атты тақырыпта бас қаланың ажарлы сәулеті, арайлы дәулеті, көрікті ғимараттары бейнеленген фото, сурет көрмелері орналастырылған. Көкшетау қалалық балалардың сурет мектебінің тәрбиеленушілері қылқаламның құдіретімен көрген көз сүйсінетін сәулет өнерінің қайталанбас ғажап сұлулығын жұртшылық назарына ұсынған.
Одан әрі мерекелік шара мәдениет сарайының залында жалғасты. Көрермендерге лық толы мәжіліс залында халық алдына шыққан облыс әкімі Сергей Кулагин құттықтау сөз сөйледі.
– Бүгін баршамыз үшін маңызды күн! Біз Қазақстанның кемел келешекке деген ұмтылысын, асқақ мақсаттарымыз бен жоспарларымыздың ұлылығын айқындайтын Астана күнін атап өтудеміз. Астана біздің халқымыздың қысқа мерзімде көп жетістікке қол жеткізе алатындығын көрсетті. Еліміздің саяси, экономикалық, мәдени өмірінің қайнаған ортасына айналды. Осы күні адам танымастай өзгеріп, көркейген Елордамызға қарап отырып, Елбасымыздың бастауымен ерен еңбек пен бекем бірліктің ұлағатты үлгісін көрсеткен халқымыз үшін мақтана аламыз, – деді Сергей Кулагин.
Мерекенің мәні жөнінде әсерлі әңгіме тарқатқан облыс әкімі, әр салада табысты еңбек етіп жүрген бір топ ақмолалықтарды Алғыс хатпен марапаттады. Олардың арасында өңірдегі қоғамдық және мәдени шараларға белсенді қатысып, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын газет бетінде насихаттауға зор үлес қосып жүрген әріптесіміз, облыстық «Арқа ажары» газеті бас редакторының орынбасары Байқал Байәділов те бар. Шара барысында тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған жастардың республикалық «Айбын» әскери-патриоттық слетінде жеңімпаз атанған Степногорск қаласындағы «Батыр» әскери-патриоттық клубына 2 миллион теңгенің сертификатын тапсырды. Сондай-ақ, Астанада өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанған жерлесіміз, Жақсы ауданындағы спорт мектебінің тәрбиеленушісі Дина Жоламанға облыс орталығынан екі бөлмелі пәтердің кілті мен 2 миллион теңгенің сертификатын тарту етсе, бас жаттықтырушысы Александр Высоцкийге 1 миллион теңгенің сертификаты салтанатты түрде тапсырылды. Астана күніне орай өткізілген салтанатты жиын жергілікті көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Осы күні облыстың барлық аудандарында салтанатты шаралар ұйымдастырылды.
Суретте: бокстан әлем чемпионы Дина Жоламанды марапаттау сәті.
Аслан ОСПАНОВ
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.