Елдің көкейіндегі мәселелер қозғалды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Теміржанов, Гүлжан Қарағұсова және Татьяна Яковлева Целиноград ауданында болып, тұрғындармен кездесулер өткізді. Бұл кездесулер кәсіпорындарды, шаруашылықтарды сондай-ақ, оқу орындары мен ауылдық округтерді қамтыды.

  «Ақмола Феникс» құс фабрикасының жұмысшыларымен, сондай-ақ, ауданның әлеуметтік сала қызметкерлері және ұстаздар қауымымен кездесу барысында Мұрат Теміржанов Қазақстанда шаруашылықтарды қаржыландыратын банк құру бүгінгі күннің басты талабы екендігіне тоқталды. Өйткені, көптеген шаруашылықтар өз істерін кеңейтіп, істі ілгері бастыру үшін қосымша қаржыға мұқтаж. Оның айтуына қарағанда, дәл осындай істі ілкімді ұйымдастыру Қытайда оң көрініс табуда. Нәтижесі толымды мұндай тәжірибені біздің елімізде де ұйымдастыруға болар еді. Қалай болған күнде де шағын және орта бизнес саласын дамыту айрықша маңызды.
Ауданның Родина, Воздвиженка селолық округтерінде Парламент Мәжілісінің депутаттары Гүлжан Қарағұсова мен Татьяна Яковлева кездесулер өткізді. Халық қалаулылары ел ішіндегі тыныс-тіршілікпен етене танысып, кейбір шешуін таппаған мәселелерге назар аударды. Олар аудандағы Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр жетекшілік ететін «Родина» агрофирмасының бүгінгі ауқымды істерін көріп, іскерлік болған жерде істің алға басатындығына көз жеткізді. Шынында да мұнда шаруашылықтың сан саласы айрықша қарқынмен дамып келеді. Қазір төрт мың басқа жуық ірі қара мал бағылуда. Оның 1400-і сауын сиырлар. Әр сиырдан жыл сайын жеті мың литрге дейін сүт сауылады. Мал өнімдерін молайтудың арқасында Астана жұртшылығын азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып отыр. Тәулігіне 46 тонна таза өнім шығаратын кәсіпорынның тауарларына сұраныс өте жоғары. Халық қалаулылары округтегі балабақшада, демалыс және мәдениет саябағында және басқа да нысандарда болып, дәулетінің арқасында сәулетін шырайландырған ұжымның игілікті істерін көріп, етене танысты. Воздвиженка селолық округінде халық қалаулыларын қарсы алған «Ақтық» акционерлік қоғамының бас директоры
Марат Қамзабаев пен селолық округтің әкімі Сейфолла Ысқақов ел тұрмысын егжей-тегжейлі айтып берді. Аталмыш қоғам бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне орай мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге үлкен қолғабысын тигізіпті. Бұл жұмысқа шаруашылық 17 миллион теңге қаржы бөлген.
Кездесулер барысында село тұрғындары өздерін толғандырып жүрген бірқатар сауалдарын қойды. Халық қалаулылары ел ішіндегі назар аударарлық мәселелерді зерделей зерттеп, бірлесе шешімін табуға сөз байласты.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Суретті түсірген автор.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар