Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кездесу мен қоштасу - АРҚА АЖАРЫ

Кездесу мен қоштасу

Қуансақ та есен деген хабардан,
Кездесуде, жүздесуде бар арман.
Тірліктегі тату-тəтті өмірің,
Кездесу мен қоштасудан жаралған.
Кəкімбек САЛЫҚОВ.

2015 жылдың 12 қыркүйегі. Телефон сымы безектеп қоя берді. Қалааралық байланыс екендігін сезіп, тұтқаны көтердім. –Алло, алло! –Таңсық Жұрынованың үйі ме?–деген дауыс естілді. –Иə, тыңдап тұрмын. –Таңсық Жұрыновасыз ба?–дей келе, солқылдап жылаған əйел дауысы денемді тітіркендіріп, жан дүниемде үрей тудырды. Бұл кім? Неге жылайды деген ой бойымды қарып, мұздай батты. –Сіз кімсіз? Неге жылайсыз? Танымадым. Не айтқыңыз келіп тұр? Айтыңызшы!.. –Апа, мен Манармын. Ақтөбеден хабарласып тұрмын. Өзіңізді əрең таптым ғой. Тағы да өксік, булығып тұрып жыламасы бар ма?! Күтпеген оқыс телефон қоңырауынан есіме ешнəрсе орала қоймай, дағдарып қалдым. Сəлден соң амандық сұрасып, тілдесе бастадық. Ақтөбеге жұмыс бабымен келгенін, мені іздегенін айтып, Манар ағынан жарылды. Анасы қайтқан екен. Əкесін, бауырларын Қазақстанға көшіріп алыпты… Дəм жазса, Көкшетауға арнайы келетіндігін айтып, амандық-саулық тіледі. Алысты жақын еткен, іздегенін жанынан таптыра- тын, телефон трубкасын орнына қойғаным сол еді, қайра телефон шырылдады. – А л л о ! – д е с е м , қ а д і р л і а п а й ы м М ə р у а р Əбдіржанқызы Жұрын. –Таңсық, жаңа біздің үйге біреу сені сұрап, Ақтөбеден телефон соқты. Телефоныңды бердім, хабарласты ма? –Иə, апай, сөйлестім. Көптен көрмеген, кездеспеген танысым еді. Ата тегіміздің Жұрын болғаны қандай жақсы. Сізге түспесе, таба алмаған болар еді. Рахмет! Өмірде іздейтін, есіне алатын адамыңның болғаны қандай жақсы! Біздің таныстығымызға ат төбеліндей 34 жыл өтіпті. Ұмытылмай, есінде қалыппын. Келмекші, көрмекші. Көзінен жас ағып, көкірегі қарс айырылып, «өзіңді əрең таптым» деп егіліп тұр. Бұл тосын қоңырау сағымдалып бара жатқан өткен өмір белесін көз алдыма қайта елестетті. 1982 жылғы Орал қаласында өткен ғылыми-практикалық конференция. Түркмения, Қарақалпақстан, Нүкіс қаласы, Кəкімбек Салықов… Жоғарыда көрсетілген жыл, мемлекет атаулары, ақын ағаның есімі жанымды жадыратқан өмірімдегі айтулы кездердің бірі болатын-ды. «Өткенін ұмыту – өшкендіктің белгісі» деуден бойымды тіктеп, ойымды жинақтап, Манармен қайда, қалай танысқандығымды дəлелдейтін ақпарат көзі жазылған хаттарын іздеп тауып, адамдар арасындағы рухани байланыстың құндылығын нақтылағым келді. 1982 жылдың қазан айының 22 жұлдызында Орал қаласында өткен ғылыми-практикалық конференцияға Көкшетау облыстық оқу бөлімінің инспекторы Қоспан Тəшібаевтың жетекшілігімен Зеренді ауданы, Кеңөткел мектебінің директоры Шахма Баймурзин аға, Щучье мектеп-интерна- тынан мен делегат болып қатыстық. Семинар үш күнге созылды. Семинардың екінші күні «Ш.Уəлихановтың өмірін, шығармашылығын оқытудағы іс-тəжірибем» атты тақырыпта баянда- ма жасадым. Баяндамамның сəтті шыққандығын тыңдаушылардың қол соғуынан аңғарып, толқып, орныма жайғастым. «Көрнекіліктеріңізді көруге бола ма? Ақын-жазушылардың өмірбаяндық кар- тасын қалай жасадыңыз? Қайда орналастыңыз?» дегендей, жазба хаттар жан-жағымнан қарша борады. Үзіліс кезінде: «Артымнан ізімді жалғастыратын сіңлімнің барлығына ризамын!» деп қолымды алып, қолпаштаған ұлағатты ұстаз, «Ақ босаға» əнінің авторы, қызылордалық Сəнімгүл Желдербаевамен жүздестім. Сол сəттегі құттықтаушылардың бірі болып ниетін білдірген Манар болатын-ды. «Құрметті, Таңсық апа! Мен сізге көп рахмет айта отырып, өзімді танысты- рып өткім келеді. Мен Оралдағы осы конференцияға өзімнің туған қазақ тілімді оқып, меңгеру үшін со- нау туысқан Түркімен ССР-інен келгенмін. Сіздің сөйлеген сөздеріңізді естіп, өзімді бақытты сезіндім. Алдағы уақытта сізбен хабарласып, ақыл-кеңес беріп тұруыңызды өтінемін. Манар Қиянова». Кейін адрес алмасып, хат жазысып тұрдық. Сондағы бір хатынан үзінді: «Апай, сізді Оралда кездестіріп, адресіңізді алып қалған болатынмын. Содан бері есімнен шықпайсыз. Бүгін міне, сол адресіңізді тауып, сіздің бейнеңізді көз алдыма тағы да бір елестетіп отырмын. Сол уақыттағы сіздің əрбір көрнекі құралыңыз мен үшін үлкен əдістеме болып көрінген екен. Мұғалім болу, оқушылармен тілдесу оңай нəрсе емес, дегенмен үйреніп келемін. Хат күтем, сізді іздестіруші сіңліңіз Манар. 23.09.1986 жыл». «Жер шалғай, өзім жырақта жүрсем де сіздердің, өзге туғандарым мен достарымның аман болуын іштей тілеймін, əрқашан тілекшілеріңізбін. Амансыз- дар ма дегенде, «аманбыз» деген бір ауыз сөз адамға үлкен қуат бергендей емес пе?! Газеттерден сондағы педагогикалық оқудың мақала, баяндамаларымен та- нысып, оқып жатырмын. Көп нəрсе қамтылып, жақсы өткен сияқты. Сіз көп жерлерді көріп, танылдыңыз. Ендігі кезекте Түркіменияға келіп, біздің жақты да көріп кететін мезгіл жетті». Міне, осылай хат жазысып тұрдық. Манар өзіне біздің отбасымызды магнитсіз-ақ тартты. Жолдасым да хат келгенде қуанып, ризашылық танытатын. 1987 жылы Ақтөбе облысының жігітіне тұрмысқа шыққанын хабарлап, екі жақтың құдаларымен танысқанымызды қалап, шақыру қағазын жіберді. Бара алмадық. Тағы бір хатында «Апа, ең болмаса сіз келетін шығар деген үмітпен, əуежайда ақ көйлегіммен Серікті жетектеп, күттім ғой!» – деп жазған хатын алдық. Хатының соңына қарай: «Мен, менмін ғой, ренжімеймін. Анам да өмірге келесі перзентін əкеліп, Батыр ана атанды. Сол қуанышқа біз де барамыз, сіз де келіңіз. Күтеміз!» – деп салмақты ой тастапты. Мұны оқыған жұбайым Нұрыш: «Енді жолға дайындал, мына қарындастың ниеті қандай ақ, көңілін қалдырмайық!» демесі бар ма. Шалғай жер түбіне қалай барамын де- ген ой мазалады, бірақ, отағасы картаға қарап, Нүкіс арқылы барасың деп, барар билетімді қолыма ұстатты. Бұл сапар қараша айына белгіленгендіктен, жұмыстан сұранып, жолға дайындалдым. Манардың ниетіне, анасының батырлығына қуанып, сый-сияпаттарымды дайындадым. Қарақалпақстан. Бейтаныс Нүкісті көз алдыма елестеттім. Сол елес Қарақалпақ автономиялық респу- бликасы Компартиясының бірінші хатшысы Кəкімбек Салықовтың бейнесін көз алдыма əкелді. Кеншілік пен ақындықты тең ұстап, Жезқазғанда жиырма жылдан астам уақыт еңбек еткен, Мəскеуде қызмет атқарған өзіміздің Көкшетау облысы Айыртау ауданының тумасын ел іші ерекше құрмет тұтатындығын жақсы білетінмін. Жезқазған-Көкшетау арасында рухани алтын көпір салған да осы кісі ғой. Сөйтіп, əрі ой- лап, бері ойлап, туған жерінен жырақта жүрген асыл азаматқа да осы сапарымда арнайы жолығып, аты аңызға айналған Бурабайдың қылқаламмен салынған пейзажын сыйға тартуды мақсат тұттым. Бұл менің ақынның «Жезкиік», «Бір ауыз сөз», «Аққу əнімен» қатар, туып-өскен өңірім – Қарағандыға деген шынайы махаббатына құрметім еді. Көкшеде жүріп, елімді қалай аңсасам, ол кісінің де еліне деген шексіз сезімін өлеңдерінен оқып, сағынышымды басатынмын. Көркем туындыдан əр оқырман өз жанына жақын иірімдерді тауып, өзіндік нəр алады. Сол пейзажбен мен де кең даланың жезкиігін асқақтатып, бірауыз сөздің парқын түсініп, бірге жүрген күндерді сыйлатып, біреу ерте, біреу кеш, бір құлайтындығының ақиқатын санаға жеткізген ақынға деген ризашылығымды білдірмекпін. Туған жерін сағынбайтын жан болмас. Жырақта жүрген ел азаматының туған мекенінен бара жатқандықтан, келін болып түскен осы өлкеге деген шынайы сезімімді елден əкелген базарлығым деп табыстау – бар ойым. Ташкентке жетіп, əуежайда Нүкіске бара- тын бағытқа тіркеуден өттім. Мұндайда болып қалатын алаң көңілмен «Нүкіске баратын ұшаққа отырғызылу басталды ма?» – деп көпшілікке сұрау салдым. Əркім өзімен əлек. Бір кезде бейтаныс əйел қол бұлғап, өзіне қарай шақырды. Сөйтсем, бір рейстен екенбіз. Траппен көтерілдік. Ол кісі орнына жайғасты да, жанынан өтіп бара жатқан мені тоқтатты. Қасында отырған азаматты менің орныма жіберіп, мені өзінің қасына алды. Қайдан, қайда бара жатқанымды сұрады. Танымайтын жерде сапарлас болған жанның ілтипатына ризашылықпен қарап, Қазақстаннан, Көкшетаудан екенімді айт- тым. Осылайша аспан əлемінде, ақша бұлттың ортасында Пернегүлмен таныстығымыз туыстыққа ұласып кетті. Көкшетауды білетіндігі сондай, Қарақалпақстанның бірінші хатшысы Кəкімбек Салықовқа деген ілтипатының ерекшелігі байқалды. Нүкістің əуежайында жолдасым тапсырған Мақсат атты азамат қарсы алды. Дегенмен, мені қоярда- қоймай Пернегүл өз үйіне алып келді. Үйі де ерекше екен. Қазынаның үйі болғанымен, қонақ бөлмесінің кеңдігі сондай, бір түсті 2х3 кілемнің төртеуін төсеп, төр көрпелермен əрлеп қойыпты. Қыздарымен аман- дасып, дастарқан жасауға жəрдемдестім. Аналары Ташкенттен көтеріп келген сөмкесін ашып, ішіндегі неше түрлі тəттілерді шығарып жатыр. Сарымай, тоқаштар, тəттілердің небір түрлері, сусындар, тіпті балмұздақ та. Таңдана қараған пішінімді байқаған Пернегүл: «иə, біздің дүкендерімізде мұндай тағамдар тапшы, дəмі де басқа. Қыздарыма арнайы барып, алып келіп тұрамын» деп жатыр. Ендігі ойым Кəкімбек Салықов ағамызға барып амандасу. Пернегүлге осы ойымды айтып, қызмет ор- нын сұрап алдым. Өмірімде бірінші рет мұндай үлкен орынға келуім. Ыңғайсызданып тұрмын. Қолымдағы ораулы Бурабайдың пейзажына қарай беремін. –Иə, кімсіз, отырыңыз! – десе, суретті көрсетіп: –Сізге, елден сəлем ала келдім! – демекпін. Осылай өз ойыммен əлекпін. Əйтеуір, бір түймені басқанымды білемін. Есіктен көрінген орта бойлы, қара торы азаматқа: –Көкшетаудан келдім, мені Кəкімбек Салықовпен кездестіріңізші,–деуім мұң екен: –Жоқ!–деп ыңғай бермеді. Түймені қайыра бастым. Бұл жолғы сөзі: –Қандай шаруамен келдіңіз? – болды. –Елден келген соң, əдейі амандасайын деген едім. Бұл жолы да əлгі жігіт иліге қоймады. Содан не істерімді білмей, салым суға кетіп, Пернегүлдің үйіне қайта келдім. «Қалай кіре алдыңыз ба?» деген сұрағына Бурабайдың көрінісін қолына ұстаттым. –Иə, апа! Бұл жерді теледидардан көріп тұрамыз, шіркін, барып көрсе!–деп сүйсініп-ақ жатыр. Дем алып оянсам, үйге қонақтар да келе бастап- ты. Қазақи дастарқан жайылған. Пернегүл: «Біздің басшымыздың елінен, Көкшетаудан қонаққа келген апай осы кісі», – деп жаппай таныстыру үстінде. Адам сөйлескенше демекші, аз уақытта жекжат-жұрағаттай болып кеттік. Пернегүлге сыйға тартқан Бурабайдың көрінісін қолдарына ұстап, таңдай қақты. Мен де Көкшетаудың өзіндік ерекшелігін, сұлулығын, əдеби туындылардан мысалдар келтіре отырып, көз алдары- на елестетіп, аты аңызға айналған шырайлы өлкенің ғажайып сырларынан сыр шертіп жатырмын. Бір көруге ынтық боларлық сезім құштарлығын оятуды көздеп, Қасым Аманжоловтың: Жəннаты жер мен көктің сұлу Көкше, Ризамын бұл ғұмырым, Көкшеде өтсе. Берсе де Гейне – Рейнін, Гомер – Парнас, Көкшемді мен айырбас етем бе екен? – деген өлең жолдарын да сөз арасында келтіре түсемін. Сол күні Дəрігүл, Айбарша, Майра атты азаматшалармен таныстым (ер азаматтарының аттары есімде қалмапты). Ертеңінде ерте Мақсат келіп, Пернегүл екеуімізді «Волгасына» отырғызып, мөлдір сезімді хаттары арқылы туған сіңлімдей болып кеткен Манардың елі – Түркіменияға жол тарттық. Облыс орталығы Ташауыздан Тахтинскі районынан өтіп, «Ордженикидзе» колхозына түс ауа жеттік. Біздерді бірінші болып Манардың өзі қарсы алды. Қуанышында шек жоқ. Ата-анасы, бауырлары, жұбайы Серікпен таныстырды. Сыртта көп тұрмай, үйге кірдік. Алыстан келген мейман болсам да, үлкен құрметпен төр бөлмеге бірінші болып Пернегүлдің қадам басқанын құп көрдім. Сол-ақ екен, Пернегүлім «Сізді қалай күткен! Дастарқанды жайнатып, жай- ып қойыпты ғой!» – деп бірден назарымды жерге жасалған дастарқанға аударды. Сол күні мал сойылып, ауыл-аймақ шақырылды. Мені Манардың апасы деп таныстыруда. Колхозда қазақ мектебі бар болғандықтан, «Қазақстан мектебі» журналын жаздыртып алады екен. Қазақ тілі мен қазақ əдебиеті пəнінің мұғалімдері іс-тəжірибеммен таныс, аты-жөнімді білетіндіктерін де аңғартып қояды. Не керек, ерекше бір кештің куəсі болдық. Ас атасы – ет тартқан уақытта менің табағымда кəрі жілік, белдеме, құйымшақ, ішек-қарын бар екен. Бұл кəдесыйды əр өлкенің қаймағы бұзылмаған өзіндік салт-дəстүрі деп қабылдап, ішек-қарнымыз арала- сып, белі талмай, қартайғанша атының құйымшағы бүлкілдеп, желіп, келіп тұрсынға баладым. Содан Манардың үйінде аунап-қунап, ризашылықпен, бір- бірімізді қимай қоштастық. Қайта Нүкістеміз. Қайтар билетім қалтамда болмағандықтан, көңілім алаң. Бар сенер тірегім Мақсат та үнсіз. Тапсырыс берген адамнан əлі ха- бар жоқ. Мұндағы жаңа таныстарым басшымыздың елінен мейман келді деп, табанымды жерге тигізбей жүр. Кеше Майра, бүгін Дəрігүл шақырып кетті. Бұл жақтағы бір ерекшелік, қонаққа шақырылған адам дастарқан апарады екен. Шақырған үй сый- сияпатымен шығарып салады. Арасында Мақсатқа ілесіп, əуежайдың кассасына барамыз. Қырғын ке- зек, билет жоқ… Ташкентке жету қияметтің қияметі. Қарақалпақ халқының батырлар жырының бас кейіпкерінің есімін иеленген промторг директоры Айбаршаның үйінде қонақтамыз. Тек Индияның ки- ноларында көретіндей кең үйде тұрады екен. Өздеріне басшы болып келген Кəкімбек аға туралы, Бурабай, Көкшетау жөнінде білгілері келеді, барып, көруді аңсайды. Шамама қарай білгенімді жеткізудемін. Осы күні сол қонақжайлылық қасиеттері, ниеттерінің кеңдігін еске алудың өзі бір ғанибет. Елге қайту қиындаған. Бесінші күн дегенде Пернегүл екеуімізді Айбарша шақырып алды. Қиналып жүргенімді түсінгендігі сондай, маған мынадай ақыл айтты. –Апа, бүгін ол кісі отырған ғимараттың ортаңғы есігінен кіріп, жолығуға тырысыңыз. Сізге көмекті тек сол кісі ғана жасай алады. Жүріңіз… Тыңдамасқа шара жоқ. Ғимараттың өткен жолғыдан бөлек, басқа жағынан кіргізіп, өздері сыртта қалды. Кірдім. Кезекшіге бірінші хатшыға кіруім керектігін айттым. Ол біреуге хабарласты. Ана жолы мені жолықтырмаған азамат алдымда тұр. –Өткен жолы Көкшетаудан келдім дегенімде Кəкімбек Салықовқа кіргізбедіңіз, бүгін қайра келдім,–дегенім сол екен: –Кіре алмайсыз. Ол кісі асығыс. Күріш жинайтын жаққа бармақшы,–деді. –Онда мен жолын тосып, қайтсем де жолығамын,– деп қатулана жауап қаттым. Ештеңе айтпай, екінші қабатқа көтеріліп кетті. Сəлден соң қайтып келіп, жүріңіз дегендей ишарат білдірді. Сүрініп-қабынып соңынан еріп, қабылдау бөлмесінен өттім. Есікті өзі ашып берді. Ішке кірдім. Көз алдым тұман. Тік қарасам Қарақалпақстанның басшысы Кəкімбек Салықов ағам алдымда түрегеліп тұр. Тілім байланып, басымды изеуге ғана шамам келді. «Отырыңыз!» дегендей орындықты меңзеді. Төмен қарап отыр- дым да, бойымды түзеп: «Аға, Көкшетаудан келдім. Сізге елдің сəлемін ала келдім!»,–деп басымды көтердім. «Жақсыкелді Сейілов, Шəміл Əбілтаевпен шығармашылық байланысыңызды пір тұтқан өңірдің қызымын. Шет ауданы, Ақшатау комбинатының мек- теп директоры болған, «Бір ауыз сөз», «Аққу əні», тағы басқа əндеріңізді жүрекке жеткізе орындаған Гүлбаршын Ақпанованың шəкіртімін. Жастайымыздан əндеріңізді жаттап өстік. Көкшетаулық келініңізбін. Менің туып-өскен өлкемде абыройлы қызмет атқарып, қаншама жырға қостыңыз» дей келе, Арқаның арғымақ төс Ұлытауына арнаған «Ұлытау» өлеңінен үзінді оқыдым. –Мұғалімсіз ғой? –Иə, Щучинскіде тұрамын. –Бұйымтайыңыз бар ма?–дегенде орнымнан ұшып тұра жаздадым. Маған керегі сол еді ғой. Орал қаласында бір семинарда танысқан Түркіменияның Ташауыз облысында тұратын студент қыздың шақыруымен келгенімді баяндап: – А ғ а , е л г е қ а й т а а л м а й ж ү рм і н . Б и л е т жоқ, – дедім. Сол сəт үстелінің оң жағындағы түймені басты. Бағанағы азам ат ж етіп к елді. «Мына кісіні бүгінгі самолетке отырғызыңыз,–деп маған қарады да, – сау болыңыз, елге сəлем айтыңыз. Көкшетаудан келіп жатқанда, біраз əңгімелесер едік, уақыттың тығыз болып тұрғаны. Осы сіздің алдыңызда ғана шаруашылықтарға жүргелі жатыр едім,–деп орнынан тұрды. Орнынан тұрғаны еліне деген құрметі екенін түсініп, жаным жадырап, рахметімді жаудырып, көмекшісінің соңынан ердім. Бронь алып, тағатсыздана күткен қыздарды да қуанышқа бөледім. Сол бір сəт күні бүгінгідей көз алдымда. «Елге сəлем айтыңыз!» деген жылы лебізі жадымда сақталып, құлақ қалқаншасында күмбірлеп тұрады. Өзі əнге қосқандай, «Бір ауыз сөз» жолымды ашып, бақыт құсы боп самғады… «Ат арытып, тон тоздырып жер түбінде неғып жүрсіз?!»–демей, көкейімді тескен, бар ақшаға би- лет ала алмай, салым суға кеткен, шарасыз сəтімде ойымды дөп басып, кабинетінен риза етіп, елге ат- тандырды. Кездесуде анық аңғарғаным, туған жерден шалғай жүрсе де өзін халқымен бірге сезінетіндігі. Қанат бітіп қалықтап, құстай ұшып, елге кетіп ба- рамын. Жан дүнием алай-дүлей. Қуаныш пен реніш бірдей дейтін осы болар. «Елге сəлем айтыңыз!» деген бір ауыз сөз сағыныш сезімін оятып, ағаның «Аңсау» əнін есіме түсірді. Шөліркеген далаға, жаңбырлы бұлт болар ма ем, Піскен кезде мол егін, диқан болып орар ма ем. Қайтқан құстар барады Еділдетіп, Оралмен, Елге жетіп қалар ма ем, ере кетіп солармен. Терезеден қарасаң, көрінеді ауыл жақ, Ол да қызық білгенге, ол да адамға тəуір шақ. Самолеттер барады, ақша бұлтты бауырлап, Ішінде мен жоқ болып, бара жатыр ауырлап – деген өлең жолдарынан елді аңсаудан жүрекке түскен ауыр салмақ айқын байқалады. Елді аңсаған ақыл-парасаты, сезім биіктігі жүректі тербеп, үндестік тауып, ағаның азаматтық тұлғасына деген ризашылықпен елге оралдым. Қайталанбас кездесу көз алдымнан да, көңілден де кетпеді. Əйтсе де, ойымды жинақтап, осы бір кездесуді жазуға шегіншектеп жүрдім… Екінші рет сол ғимаратқа беймəлім болып тұрған сапарымның оңтайлы шешілуін көздеп, лажсыздан, көмек сұрауға мұқтаждықтан табалдырығын еңкіштене аттағандығым тартыншақтатты. Əттең, Бурабайдың пейзажымен: «Елден сəлем ала келдім!» деп кіргенімде ғой. Ақыры, ойлап-ойлап, кеншілік пен ақындықты тең ұстаған мемлекет жəне қоғам қайраткерінің азаматтық, адамгершілік асыл қасиеттерін одан əрі толықтырып, даралай түсетін осы бір деректі қағазға түсіргенді жөн көрдім. Шығармаларындағы адами па- расат-пайым өз өмірі мен еңбегінің өнердегі көрінісі екендігіне көзім жетті. 2002 жылы Кəкімбек Салықов ағамыздың 70 жылдық мерейтойы Ш.Уəлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде де аталып өтілді. Ол жолы 1987 жылдың қараша айында Нүкісте ағамен кездескенімді көпшілік алдында айта алмай, жұбайы Мəриям тəтеге гүл шоғын ұсынып, ағаға деген ілтипатымды білдірумен шектелген едім. Көкіректің көк сандығында сақталған кездесу мен қоштасуды жадымда жаңғыртқан мақаламның басында айтқандай, Манардың хабарласқаны. Алдағы жазда келем деген ниетіне бір тартуым, аға рухына деген ризашылығым бұл. Пернегүл бүгінде Алматыда тұрады. Айбарша Ташкентке қоныс аударған. Өмірдің мəні – таныстық, сыйластық пен бауырластықта. Дарабоз ақынның «Дала» поэмасынан алынған төмендегі үзіндіні, еліміздің болашағы – жастары- мыз термелеп, əнге қосып айтып жүрсе, əлі талай Кəкімбек Салықовтардың көкірек сарайы ашылып, атамекен, туған жердің қадірін ұлықтары сөзсіз. Сұлу дала! Менің сүйген еркемсің, Жаным сенен жаратылған өлкемсің. Қандай жақсы, Қазақ болып туғаным! О, туған жер! Тамашасың, көркемсің… «Туған ел – жалғыз тірегім, елге барсам қимай кетем дидарын» деп елін аңсаған ақынның асқақ рухы ертеңін жалғастырар ұрпағына жұғысты болғай.

Таңсық ЖҰРЫНҚЫЗЫ,

Шоқан Уəлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ардагер ұстазы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар