Қазақстан қоржынында – бір күміс, бір қола медаль

Рио-де-жанейрода өтіп жатқан ХХХІ жазғы ойындар олимпиадасы қазақстандық спортшылар үшін де, жанкүйер қауым үшін де табысты басталған жайы бар. олимпиаданың алғашқы күні екі спортшымыз жүлделі орыннан көрініп, құрамамыздың қоржынына күміс және қола медаль салды. 

48 келілік салмақта өнер көрсеткен қазақстандық дзюдошы  Галбадрах Отгонцэцэг  қола медальға таласта кубалық Местре Альваресті айқын басымдықпен ұтты. Ал, оған дейін алғашқы белдесуінде Гвинея-Бисау елінің спортшысы Тациана Лимоны жеңсе, ширек финалда жапон спортшысы Кондо Амиге есе жіберіп алған болатын. Қазақстан құрамасының сапында еліміздің намысын қорғап жүрген монғол қызы жастығына қарамастан, бұған дейін де әлемдік деңгейдегі бірқатар дүбірлі жарыстарға қатысып, олжа салған еді. Олимпиада жарысына алғаш қатысқан оның қадамын осындай табыстан бастауы болашағынан үміт күттіреді.
Екінші медальді де дзюдошылар әкелді. 60 келілік салмақта шаршы алаңға шыққан қандасымыз Елдос Сметов 8/1 финалда ливиялық Мұхамед Элькависті тізе бүктірсе, ширек финалда өзбекстандық Диербек Уразбоевпен ұстасты. Ұпай санымен өзбекстандықты ұтқан ол жартылай финалда әзірбайжандық Орхон Сафаровтан үстем түсіп, финалға шықты. Қарсыластарының бәрін жапыра жеңген қазақстандық дзюдошы финалда ресейлік Беслан Мудрановпен белдесті. Алғашқы бес минутта тең түскен ол қосымша уақытта сәл ғана қателік жіберіп, соның нәтижесінде әдісін жүзеге асырған ресейлік алтын тұғырға көтерілді. Дегенмен, осындай халықаралық дүбірлі бәсекеде финалға жетіп, жүлде салған отандасымыздың бұл табысы да аз олжа емес. Елдос алдағы уақытта бұдан да жоғары биіктерге жетеді деген үміт мол.
Қазақстанның бокс мектебі әлемге жақсы танымал. Осыған орай, Олимпиадада боксшыларымыздан үлкен үміт күткен едік. Дегенмен де, 60 келілік салмақта алғаш рингке шыққан маңғыстаулық боксшымыз Берік Әбдірахманов қарсыласы АҚШ-тың он тоғыз жастағы жас боксшысына есе жіберіп алды. Медальдан негізгі үміткер саналатын мықтыларымыз Біржан Жақыпов, Әділбек Ниязымбетов және Иван Дычко өз кездесулерін екінші кезеңнен бастайды. Биыл қазақстандықтар олимпиадалық барлық 24 спорт түрі бойынша жарысқа қатысатындығын, жарыстың енді ғана басталғанын ескерсек, жанкүйер қауымды қуанышқа кенелтер сәттер алда деген сенімдеміз.

Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар