Облыс орталығында Семей полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай «Kazakhstan Innovations» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Атом» жобасы – ядролық қарусыз әлем» форумы өткізілді.
Шараның мақсаты қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы «АТОМ» жобасының мақсаты мен міндеттерін түсіндіру болды. Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова жиынның Конституция күні қарсаңында өтуін жақсылыққа балады.
– Семей полигонының жабылуы еліміздің дамуына түрткі болған қадам болды. Яғни, Қазақстан қауіпсіздікті орнатып, бейбітшілікті үндеп, өзге мемлекеттерге үлгі көрсетті. Бұл өркениет көшіне бет бұрған Қазақстан үшін үлкен табыс еді, – деп сала басшысы өз сөзін түйіндеді.
Бұдан соң радиациялық қауіпсіздік және экология институтының оқу-ақпараттық орталығының басшысы Юрий Стрельчук пен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі тәуелсіз сарапшы, халықаралық экология, адам және табиғат қауіпсіздігі ғылыми академиясының мүше корреспонденті Александр Брагин ондаған жылдар бойы құпияда сақталған ақпараттармен таныстырып өтті. Тарқатып айтар болсақ, Семей полигонында 1989 жылдары 86 әуе, 30 жерүсті, 340 жерасты сынақтары жүргізілген. Егер тұрғындардың наразылығы болмаса бұдан басқа 10 сынақ өткізілер еді. Әлі күнге дейін радиация тарататын металл сынықтары қай жерде екенін ешкім білмейді. Ғалымдар мұны 2009 жылдан бастап зерттеп келеді. Семей полигонынан басқа Қазақстан жерінде бес әскери полигон жұмыс істеген. Олардың барлығы дерлік құпия құжаттарда қоршаған ортаға зиян келтірмейтін аймақтар ретінде тіркелген. Полигондардың нақты қай жерде орналасқаны белгісіз. Тек оның қуаттылығы мен сынақтың болған уақыты ғана көрсетіліп тұрған көрінеді. Осы мәселелер жөнінде жоғарыда аталған
баяндамашылар сөз қозғады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.