Дәрігер мерейі

Адам өміріне араша түсетін дәрігер мамандығын таңдау – үлкен жауапкершілік. Себебі, дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайда науқастың тағдырына немқұрайлы қарамайтын жан болуы тиіс. Алдына келген науқастарға бар мейірім шуағын төгіп тұратын ақ халатты абзал жандардың бойына біліктіліктен бөлек терең түйсік те қажет.

 

 

Құтты болсын айтамыз!

Адам баласының өмірдегі әрбір жақсы қадамы, ел үшін төккен маңдай тері, адамгершілік, білігі көпшіліктің де оған деген сый-құрметімен өтелсе керек. Біздің жанашыр ағамыз, жақсы досымыз Сәкен Ахетұлы Тұрсынбай әрдайым осындай биіктен көрініп, ізгі қасиеттерімен дараланып жүрген жайсаң жан. Оны жоталы жетпісінде де денсаулық сақтау саласында қажырлы еңбек етіп, халқының қамын ойлаған ерік-жігерінен, сырбаз мінезінен айқын аңғара түсеміз.
Арамызда осындай өзіндік ерекшелігіңізбен қадіріңіз артқан ардақты Сәке, мерейлі 70 жасыңыз құтты болсын! Жан жарыңыз Сақыпжанмен бірге жасап, жауапты қызметіңізде әлі де ел-жұртыңыздың алғысын арқалап, бала-шағаңыз, немере-шөберелеріңіздің қызық-қуанышын көре беріңіз.
Сізге өмірдің өрісін, ғұмырыңыздың ұзақтығын тілеушілер Боранбай, Қабдуәли, Серік, Арғын, Қазбек, Шаймұрат, Серік, Бақытжан, Наурызбай және    тағы басқа да жолдастарыңыз.

 

Біз білетін Көкшетау қалалық ауруханасының гастроэнтерология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина саласында қырық жылдан астам уақыт үзбей еңбек етіп келе жатқан Сәкен Тұрсынбай қашан да емдеу ісінде осындай маман. Ол Бұланды ауданының Макинск қаласында 1946 жылдың 1 қыркүйегінде дүние есігін ашқан. Әкесі ел ісіне белсене араласып жүргендіктен, Сәкен Ахетұлының балалық шағы сол ауданның Кіндікқарағай, Қыстауқарағай ауылдарында өтіпті. Соғыстан кейінгі жылдар қаншалықты ауыр болса да, ата-ананың мейірім шапағатына бөленіп өскен талапты бала 8-інші сыныпты аяқтағаннан кейін отбасымен Көкшетау қаласына көшіп келген екен. Мұнда №2 орта мектепті ойдағыдай тәмамдап, Қарағанды мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетіне оқуға түседі. Мектепте оқып жүрген кезінде жасөспірімдер мен жастар арасында қазақша күрестен аудандық, облыстық, республикалық біріншіліктерге қатысып, Тың өлкесінің чемпионы атанған ол спортқа да оң көзбен қарайды. Алайда, медицина институтына түскеннен кейін бар зейінін тек қана оқуға арнап, спорттан қол үзуіне тура келіпті. Әр адам өз өмірі мен тағдыры үшін күресетіні хақ. Бірақ, кей жағдайда, әсіресе, денсаулық мәселесінде дәрігердің көмегінсіз көңілдің жай табуы мүмкін емес кездер болады. Осыны ұғынып, өзіне жүктелетін жауапкершілікті сол кезден-ақ терең сезіне білген ол оқуын өте жақсы оқып, көтеріңкі шәкіртақы алып тұрыпты.  
– Отбасында бес бала тай-құлындай тебісіп өстік. Әкем Ахет пен анам Қоңқыш бізді барын салып өсіріп, жеткізді. Менен үлкен Сатыбай, Сайран есімді екі ағам мен Шолпан, Майра атты екі апам болды. Қыз бала жат жұрттық қой, бір күні үлкен әпкем Шолпан тұрмысқа шықты. Жездеміз Тұрсын Алматы қаласында белгілі дәрігер, кейін медицина ғылымдарының кандидаты болды. Үлкеннің сөзін жерге қалдырмайтын тәрбиелі ұлттың ұрпағымыз ғой, сол кісілердің ақыл-кеңесіне жүгініп, осы дәрігер мамандығын таңдадым. Оқуға түскен кезде топ жетекшіміздің: «білікті де білімді дәрігер болу үшін медицинаның негізі – адам анатомиясын өте жақсы білу керек, алып жатқан білімдеріңнің іргетасы мықты болса ғана жақсы маман атанасыңдар» деген сөзі жадымда мәңгі қалып қойыпты. Мен тіпті кейде сол анатомия кітабын қолыма ұстаған күйі ұйықтап қалатынмын, – дейді Сәкен аға сөз арасында.
Алты жыл бойы алған білімін іске асыратын сын сағаты да келіп жетіп, жолдамамен Көкшетау қаласына оралды. Осылайша сол кездегі қалалық екінші емханаға жұмысқа орналасып, еңбек жолын учаскелік дәрігерден бастайды. Өз ісін адал әрі жақсы атқара білген жас маманға үлкен сенім білдірген басшылық оны 1976 жылы ординатор етіп стационарға ауыстырған. Бұл қызметін де бар ынта-жігерімен атқарған соң біртіндеп гастроэнтерология бөлімшесіне меңгеруші, одан кейін 2000 жылдан бастап қалалық аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Кезінде осы қалалық аурухананың бас дәрігері болуға да ұсыныстар жасалыпты. Алайда, мансап қумаған қарапайым жан  өз жүрек қалауымен қайта гастроэнтерология бөлімшесіне сұранады. Содан бері үзбей осы бөлімшеде меңгерушілік қызмет атқарып, шипалы емімен науқастардың алғысын арқалап келеді.   
–Ең алғаш қолыма дәрігерлік дипломымды алып, емханаға терапевт болып жұмысқа орналасқанымда екпе жасау, диспансерлік ем жүргізу шараларын үйреткен мейірбике Ксения Жигорова, өздерінің жинақтаған тәжірибелерімен бөліскен, ақыл-кеңестерін беріп, жас маман ретінде жөн сілтеп, қолдау көрсеткен бөлімше меңгерушісі Бибітай Айтқожина, Мәриям  Қаңтарбаева, Алексей Светличный сияқты аға әріптестеріме алғысым шексіз, –деп тәлімгерлеріне де ризашылығын білдіріп жатыр Сәкен аға. Жұмысқа орналасқан бірер жылдың ішінде үздік дәрігерлер қатарынан көрініп, суреті Құрмет тақтасына ілінген.  Он жыл ішінде жоғары санатты дәрігер атаныпты. 1985-1995 жылдар аралығында қалалық аурухананың интернатурасына жетекшілік етіп, оқу бітіріп келген жас мамандарға сабақ беріп, тәжірибесімен бөліскені де бар.  
Кеңестік дәуірден бастап медицина саласында қызмет етіп келе жатқан ақ халатты абзал жан ол кезде ультра дыбыстық зерттеу құралдарының, яғни, заманауи зертхананың бола бермейтіндігіне қарамастан, дәрігерлер қолдарымен ұстап, көзімен көріп, құлағымен естіп, науқаспен тікелей сұхбаттасу арқылы нақты диагноздар қоя білгендігін айтады. Бүгінде бір дертпен тексеріле қалсаң, мамандар медициналық құрал-жабдықтарға сүйенгеннің өзінде, әртүрлі диагноздар қойып жататыны да жасырын емес. Бұл медициналық құрал-жабдықтар жүйелерінің дұрыс іске қосылмауы мен кей кездері орын алып тұратын желідегі кедергілердің салдарынан дейді Сәкен аға. Өз басы мұндайда біліктілігі мен тәжірибелік интуициясына сүйенеді екен.
–Мен көп жағдайда науқас адамның дертін баяғы замандағыдай көзбен көріп, қолмен ұстап дегендей, жан-жақты тексергенді құптаймын. Жас мамандарға да «сендер өздеріңнің білімдеріңе ғана сеніңдер, аппарат тек көмекші құрал, оған құлай сенуге болмайды. Ультрадыбыстық зерттеу аппараты (УДЗ) қандай диагноз қойса да, дәрігер соған нақты көз жеткізу үшін науқасты қайта қарауы керек, егер әрқилы ой туындап жатса, басқа УДЗ-ға жіберуге болады» деп жөн сілтеп отырамын. Оның үстіне бүгінде қай жерге барсаң, қағазбастылық. Екі учаскеге бір дәрігерден келсе де, компьютер мен қағаздан бас алмай жатамыз.  Бұл – сырқаты батып, кезек күтіп отырған науқастардың орынды ашуын туғызатын жәйт. Бірақ, амал қанша, барлығына түсіністікпен қарауға тырысамыз. Кеңес заманында бүкіл есеп-қисап, қағазбастылықты азайту туралы арнайы бұйрық болған, сонда осындай жағдайлардан біраз арылып едік, енді міне, қайта тап болып отырмыз, –дейді ол.
Сәкен Ахетұлы қызмет ететін гастроэнтерология саласы бойынша бүгінде асқазан, ішек құрылысының аурулары көбейіп бара жатқанға ұқсайды. Тіпті, облыс орталығының өзінде асқазан мен бауырдың қатерлі ісіктері, түрлі деңгейдегі басқа сырқаттары жастар арасында да кездеседі. Мәселен, бауыр церрозымен ауыратын науқастың ең жасы 24-те ғана екен. Сондай-ақ, әрбір үшінші-төртінші қала тұрғыны асқазанның түрлі дертіне шалдыққан көрінеді. Осы аурулармен күресте қалалық аурухана ұжымы аянып жатқан жоқ.
–Бізге науқастар «жедел жәрдеммен» немесе порталға қойылып, жоспарлы түрде түссе де, сапалы ем қабылдап шығады. Бүгінде ауруханамыз осыған қажетті зертханалармен, ондағы осы заманғы құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. Қазір ұйқы безі, өт дерттерін анықтауға мүмкіндік беретін рентгенологиялық зерттеулер дами түскені белгілі. Бұл ретте, өңеш пен ішек-қарынның, өт жолы мен ұйқы безінің сырқаттары эндоскопиялық, ал, ас қорыту жүйесі аурулары ультрадыбыстық әдістер арқылы тексеріледі. Мұнымен қатар, науқастарға өңеш қабынуын емдеу, одан сақтану тәсілдері ұсынылып, асқазан, ішек ауруларының жай-жапсарына қарай тиімді емдеу әдістері қарастырылуда. Сол сияқты, бауыр, өт жолдары ауруларының паталогияларының да алдын алып, емдейміз,–дейді өзі еңбек ететін қалалық аурухананың әлеуеті жайында білікті дәрігер. Ал, бүгінгі таңда өткір мәселенің біріне айналып отырған дәрігер кадрларының жетіспеушілігінің себебін Сәкен аға былай түсіндіреді:
–Дәрігер болу үшін жастар алдымен жеті жыл жоғары оқу орнында, одан әрі екі жыл интернатурада оқуы керек. Ондай ерік-жігер екінің бірінен табыла бермейді. Екінші себеп, оқу бітіріп, жұмысқа келген дәрігердің еңбекақысы әдетте 50 мың теңгеден аспай жатады. Осының бәрі айналып-үйіріліп келгенде, медициналық кадрлардың тапшылығына әкеліп соғуда. Қазір біздің аурухананың өзінде он шақты дәрігер зейнет жасындамыз. Жауапкершілік жүгі зор болғаннан кейін тиісті жағдай жасалып, пәтер, еңбекақы мәселесі дұрыс шешіліп отырса, жастар да бұл салаға келмейді емес, келер еді.
Осыны айтқан Сәкен ағадан сөз арасында «балаларыңыздың ішінен өз жолыңызды қуғандары бар ма?» деп сұрап қалдым. Бұл сауалыма білікті дәрігер «біздің мамандық өте қиын, жауапкершілігі мол мамандықтардың бірі ғой, сондықтан, оларды медицина саласына бар деп қыстамадым» деп жауап берді. Осы жайға біржола тоқтала кетсек, қызы Гүлнәр бизнес саласында жеке кәсіппен айналысады. Ал, Қайраты мен Әлібегі шет елдің мұнай өндіру фирмасында қызмет етуде. Жетпісінші жылдардан бері осы өмірдің ащысы мен тұщысын Сәкен ағамен бірге көріп келе жатқан аяулы жары Сақыпжан тәтеміз бүгінде немерелерін бағып, солардың қызық-қуанышына бөленуде.
Ұзақ жылдар бойы бір ғана емдеу орнында жемісті қызмет атқарып, науқастарға деген шипалы емі мен жан жылуы, адамгершілік асыл қасиеттерінің арқасында көпшіліктің үлкен құрметіне бөленген білікті маманның осы саладағы тағы басқа жетістіктері туралы айтсақ, 1981 жылы облыс бойынша «Жылдың үздік дәрігері» атаныпты. Сол кезде салалық министрлік тарапынан тіпті, екінің бірінің қолы жете бермейтін «Москвич» жеңіл автокөлігі де бөлінген көрінеді. Осы орайда, адал еңбегі үшін берілген «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің, көптеген Алғыс хаттардың иегері ретінде 2011 жылы «Во имя жизни» деп аталатын үздік дәрігерлер кітабына енгенін де айта кеткен жөн. Өткен жыл да сондай қуанышты оқиғамен өрнектеліп, «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 20 жыл»  мерекелік медалімен марапатталыпты.
Бұл күнде қай саланы алсақ та, заман ағымына сай тың жаңалықтармен толығып, жаңару үстінде. Медицина саласы да осындай өзгерістерді бастан кешіп, жылдам дамып келеді. Әрине, бұл дәрігерлерге де зор міндет жүктеп, өз кәсіптерін бүге-шігесіне дейін меңгере түсулерін талап ететіні ақиқат. Осы орайда, Сәкен аға да қанша көпті көріп, талай биіктерді алғанымен,  «болдым-толдым» деген емес. Екі рет халықаралық медицина қызметкерлерінің съезіне, гастроэнтерологтардың халықаралық конференцияларына, Ресейдің Қорған қаласында өткен дәрігерлер симпозиумына, тағы басқа да үлкенді-кішілі шараларға қатысып, республика,  шет елдердегі әріптестерімен тәжірибе алмасуының өзі-ақ көп жайды аңғарта түскендей.
–Егер мен бұл дүниеге екінші рет қайта келсем, ойланбастан тағы да дәрігер мамандығын таңдар едім. Бар арманым – еліміз тыныш өмір сүріп, халқым, ұрпағым, немере-шөберелерім ауырып-сырқамай, бәрі аман болса екен деп тілеймін,–дейді ішкі жан дүниесінен кісілік пен қарапайымдылықтың жарқын үлгісі мен мұндалаған Сәкен аға сөз соңында. Иә, нағыз дәрігер жетпісінде де ел жұртына, қоғамға адал қызмет етуден аянатын емес!

 

Ырысалды ШАМШИЕВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар