Әсем ғимаратта басталды

Биылғы жаңа оқу жылының алғашқы күні Ерейментау қаласының Заготзерно ықшам ауданындағы ата-аналар мен оқушылар үшін есте қаларлық қуанышты оқиғамен басталды. Заман талабына сай  салынған 200 орындық екі қабатты жаңа мектеп ғимараты салтанатты жағдайда пайдалануға берілді.

Таңсәріден сәнді киінген, гүл шоқтарын ұстаған ұл қыздар ата-аналармен мектепке қарай ағылды. Ата-аналар, білім саласының ардагерлері, көпшілік қауым жаңа мектептің ауласына жиналды.
Көркімен көз тартатын, шармен көмкерілген аулада музыка ойнап тұр.
Салтанатты шараны  құттықтау сөзімен ашқан аудан әкімі Ермек Нұғыманов Елбасының білімді де зерделі ұрпақ тәрбиелеуді көздеген салиқалы тапсырмасының жер-жерлерде нақты іспен нығайтылып жатқанын атап өтті. Құрылыс жұмысын қолға алған, тиянақтап бітірген  мердігер фирма елордалық «Мұхамет-2007 НС» серіктестігінің басшысы Шахзада Асқаровқа, фирманың жергілікті атқарушы директоры Асқар Иманқұловқа алғысын айтып, құрылыстың белгіленген мерзімде сапалы аяқталғанына ризашылығын білдірді.  Құрылыс жұмысын уақытында  аяқтауға  еңбегімен үлес қосқан мекеме басшыларының бәріне аудан әкімі Алғыс хат табыс етті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдин де өзінің ағалық лебізін айтып, ақ батасын берді.
Биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып оқушыларының  мәнерлі тақпағы баршаны сүйсіндірді. Дәстүрлі алғашқы қоңырау да соғылды. Білім беру саласының ардагерлері Бақтыбай Ыбыраев, Құралай Жанайдарова аудан әкімімен бірге жаңа мектептің лентасын қиған соң жиналған жұрт мектепке кірді. Қонақтарды фойеде балалар музыка мектебінің Медет Жетпісов жетекшілік ететін домбырашылар оркестрі күмбірлеген күймен қарсы алды. Жаңа оқу жылының беташар сабағы «Мен өз елімнің патриотымын» тақырыбымен басталды.
Салтанатқа келген ата-аналарды әңгімеге тартқан едік. Бірі немересін, бірі ұлын 1-сыныпқа жетелеп әкелген қарт ана Алтын Мұқанова, зейнеткер әже Райхан Байжұманова, Мұрат Бошанов, Светлана Кейнер осы ықшам ауданда жаңа мектептің ашылғанына ризашылығын айтып, қуанышын жасыра алмады. Осындай сәулетті, заман талабына сай жабдықталған жаңа мектепте берілетін білім сапасы да жоғары боларына деген сенімдерін білдірді.
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлбарам Ағыбаеваның айтуынша, биыл мектепалды даярлық тобын қоса есептегенде  жүз елуден астам оқушы қабылданыпты. Әлі де өтініш берушілер бар екен. Ұжым да білікті жас мамандармен толығуда. Биыл Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі, химия-биология пәнінің маманы Дина Нұрымова және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арман Нұрахметов қызметке қабылданып отыр. Заманауи жобамен салынған кең де жаңа білім ошағынан ғылым мен спортқа бейімді, зерделі де зерек, алғыр да дарынды балалардың оқып шығатынына сенім мол.
Ерейментаудағы бұл қуаныш еліміздің  тәуелсіздігінің  25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өткен жөн. Бұрын бұл мектептің балалары темір жолдан өтіп, орталықтағы  мектептерге қатынап оқып келген болса, енді жақын жердегі сәулетті жаңа білім ошағында тәлім алмақ. Бұл балалар үшін де, олардың ата-аналары үшін де зор қуаныш екендігі даусыз. Енді ата-аналар балалары мектепке барғанда бұрынғыдай алаңдамасы анық.

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.

Ерейментау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар