Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Балалар алғысы - АРҚА АЖАРЫ

Балалар алғысы

Жеке кәсіпкер Алеся Мойсеева өткен жылы аудан орталығы Жақсы кентінен балаларға арналған дәмхана ашқан еді. Қазір ісі алға басып, дәмхана тәп-тәуір табыс түсіруде.

 

Түрлі мекемелерде әртүрлі жұмыс атқарған ол кәсіпкер боламын деп ешқашан ойламаған. Кәсіпкер болып, өз ісін ашу  өте күрделі және қиын шаруа сияқты сезілетін және бұл үшін қомақты қаржың болуы керек деп ойлайтын. Соңғы жұмыс орнында қысқартуға түсіп, жұмыссыз қалған соң амалсыз аудандық еңбекпен қамту орталығына барған. Оның мамандығына сай бос жұмыс орындары жоқ екен және жуық арада болады деп үміттенуге де негіз болмады. Еңбекпен қамту орталығының мамандары осыны жасырмай айтқан. Енді не істеймін деп қиналған келіншекке орталықтың маманы «өз кәсібіңізді ашсаңыз қайтеді» деп төтеден сұрақ қойды. Мына ұсынысқа не айтарын білмей аңтарылып қалған келіншек «оған білімім де, қаржым да жоқ қой» деген. «Ол қиын емес, тегін курсқа жібереміз, онда шағын кәсіпкерліктің әліппесі туралы оқып, білім аласыз, содан кейін жеңілдетілген несие алып, өз ісіңізді ашуыңызға болады»,  – деді орталықтың маманы.
Мынаны естігенде көкірегінде болашаққа деген үміт оты оянған келіншек сол арада бірден келісімін берді. Осылайша ол Атбасар қаласында «Кәсіпкерліктің негіздері» атты қысқа мерзімді курста оқыды. Қысқа мерзімді курс деген аты болмаса, онда шағын кәсіпкерлікті қалай ашуға болатынын, мемлекет тарапынан берілетін түрлі бағдарламаларға сай кредит алып, өз ісіңді ашып жүргізудің қыр-сырын жан-жақты оқытты. Курстан  кәдімгідей білім алып, бұрын қол жетпес қиял сияқты сезілетін кәсіпкерлікпен айналысуға нық бел байлап оралды.
2015  жылдың қарашасында ол «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан»  2 миллион теңге несие алды. Бірқатар жеңілдіктермен және төмен пайызбен берілген несиеге  орталықтағы бос тұрған ғимаратты жалға алды. Оған жөндеу жүргізіп, қажетті құралдар сатып алып орнатты. Сөйтіп, биылғы жылдың ақпан айында балаларға арналған дәмханасын ашты. Біраз жыл қоғамдық тамақтану саласында еңбек еткен оның бұл салада біршама тәжірибесі бар еді. Енді соны кәдеге асырып, білек сыбана жұмысқа кірісті. Алғашында жалғыз өзі жұмыс істеді. Келушілер қатары көбейіп, табыс  жақсы  түсе бастаған кезде бір қызды көмекші етіп алды.
Шай, кофеден бастап ыстық, салқын сусындар, тәтті пирогтар мен балалар сүйіп жейтін жеңіл тағамдар ұсынылатын дәмханаға балаларын ертіп келетін ата-аналар көп. Сәнді безендіріліп, қазіргі заманғы жиһазбен жабдықталған, алкогольді ішімдіксіз  дәмханада отырып, демалғысы келетіндер қатары уақыт өткен сайын өсе түсуде. Алғашында жаңа іс, жаңа кәсіптен не шығар екен деп қорқыңқыраған Алеся Мойсеева енді жалға алған ғимаратты жеке меншігіне сатып алып, ісін одан әрі кеңейтуді ойлап қояды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар