Пластикалық терезе жасайды

Нарық талабына сай өз кәсібін ашып, жақсы табыс тауып, одан қалды, басқаларды еңбекпен қамтып отырған адамдар саны қалада да, ауылда да көбейіп келеді. Олжабай батыр ауылының алты бірдей тұрғыны биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде өз кәсіптерін ашуға талпыныс жасаған еді.

Ауыл әкімі Қасымхан Қабдыжәлел осындай ұсыныс айтқан. Екі қолға бір күрек таппай жүрген адамдар үшін жеңілдікпен берілетін несие алып, өз кәсібін ашудың пайдалылығын кәсіпкерлерді мысалға келтіре отырып баяндаған ауыл әкімінің ұсынысы аяқсыз қалмады.  Олардың екеуі бүгінде несие алып, ет бағытындағы ірі қара мен жылқы өсіруді қолға алса, біреуі ауылда онша кездесе қоймайтын жаңа кәсіпке бет бұрды. Ал, қалған үшеуі құжаттарын дайындауда.
Қытайдан атамекенге қоныс аударған қандасымыз Қасым Мәуленбек осыдан бес жыл бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығын алған болатын. Ол өз қаражатына көрші елден пластикалық терезе шығаратын құрал-жабдық әкелді. Көп пәтерлі үйлердің бірінен өз ақшасына пәтер сатып алды да, жабдығын орнатты, ойға алған ісіне кірісті. Мемлекеттік бағдарлама бойынша алған несие оның жаңа ашқан кәсібін дамытуға үлкен септігін тигізді. Көпбалалы отбасының отағасы пластикалық есік-терезе жасауға ауылдастарынан тапсырыс қабылдайды. Адамдардың сұрауы бойынша өлшеп, өзі апарып орнатып береді. Бүгінде ауылдың көптеген үйлеріне шебердің қолымен жасалған айшықты терезе мен есігі қойылуда.
Пластикалық терезе қысы қатты солтүстік аймақ үшін таптырмайтын игілік болып отыр. Сақылдаған сары аязда суық жібермейтін мұндай терезе, есігі бар үйлер ұядай жылы болып тұрады. Оның үстіне отынға да көп үнем. Қасым Мәуленбек жаңа кәсіпке кіріспес бұрын қолөнермен айналысқан еді. Ол тапсырыс бойынша ауылдастарының үй жиһаздары, сәбилер үшін бесік сияқты бұйымдарды жасап беріп жүрді. Дегенмен, бұл кәсіп оншалықты өрістей қоймады. Ал, пластикалық есік-терезеге сұраныс көп. Қазір ол жүк тасымалдайтын «Газель» автокөлігін алуға ниет етуде. Одан әрі тек ауылдастарын ғана қамтып қоймай, көрші ауылдарға да қызмет көрсетпек.

Раушан НҰРҒАЗИНОВА.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар