Спорт мектебін айт!

Жақсы кентінде орналасқан Тұрсынбек Уәлиев атындағы спорт мектебінің аты аудан, облысты қойып, республикаға жақсы танымал. 2002 жылы ашылған бұл мектепті  «TNK агрофирмасы» ЖШС қаржыландырады. Мұндай спорт мектебі шалғайдағы аудан түгілі, ірі қалаларда да оншалықты көп емес.

 

Жақсы ауданының тумасы «TNK агрофирмасы» серіктестігінің басшысы Батырбек Уәлиев аудан орталығында қаңырап бос тұрған бұрынғы автобазды сатып алып, жөндеуден өткізіп қазіргі заманғы спорт кешеніне айналдырды. Әрине, мұндай жұмыс қыруар қаржыны қажет ететіні түсінікті. Спортқа жақын жүретін кәсіпкер туған жерінде қазіргі заманғы құралдармен жарақталған спорт кешенін салудан ақшаны аямады. Осылайша шалғай ауданнан айтулы спорт мектебі ашылды.
Спорт кешенінде едені паркетпен қапталған 1206 орындық ойын залы, сондай-ақ, жаттығу құралдары бар бокс және күрес залдары бар. Спорт залдары қазіргі заманғы барлық  құралдармен спорт жарыстарын өткізуге қажетті бүгінгі күнгі халықаралық талаптарға сай жарақталған. Спорт мектебі негізінен бес спорт түріне бағытталған: бокс, грек-рим күресі, волейбол, баскетбол және футбол. Спорт залдарында дененің барлық бұлшық еттерін жетілдіруге арналған тренажерлар орнатылған. Сондай-ақ, жоғарыда аталған спорт түрлері бойынша білікті бапкерлермен қамтамасыз етілген. Яғни, мектептің спорттың осы бес түрі бойынша толыққанды жас спортшыларды даярлауға мүмкіндігі бар. Атап өтерлігі, спорт мектебін ұстауға қажетті қаржыны түгел серіктестік өз қалтасынан шығарып отыр.
Осындай айтулы спорт кешенін салып, пайдалануға берумен ғана шектеліп қоймай, «TNK агрофирмасының» басшысы оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға да үнемі көңіл бөліп отырады. Мұнда облыстық, республикалық және халықаралық дәрежедегі спорт жарыстары жиі өткізіліп тұрады. Осыған орай, спортшылар мен бапкерлерге және қонақтарға арналған қонақ үй кешені мен асхана салынған. Оған қоса, 15 орындық бассейні бар сауна мен 30 орындық конференц-зал жұмыс істейді.
Шалғай аудандағы осындай кең ауқымды спорт мектебі аудан мен облысымыздың атын жұртшылыққа танытқан талантты жас спортшыларды да көптеп шығаруда. Грек-рим күресінен Азия чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері
Дастан Зарлыханов, бокстан республика және әлем чемпионы Дина Жоламан, бокстан республика чемпионы Нұрдәулет Жарманов пен Еркін Хасенов – бәрі де осы Т.Уәлиев атындағы спорт мектебінің түлектері.
Бүгінде спорт мектебінде тәлім алып жүрген талантты жасөспірімдер аз емес. Олардың арасынан болашақта еліміздің намысын қорғайтын атақты спортшылар шығарына сенім мол.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар