Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өлеңге әркімнің де бар таласы... - АРҚА АЖАРЫ

Өлеңге әркімнің де бар таласы…

Редакциямызға келіп түскен жас ақындардың  өлеңдерін оқырманға әдеттегідей сол қалпында ұсынудан гөрі, бұл жолы әдебиетші ғалым Асылбек Байтаннан талдау жасауды сұраған едік. Бүгін сол шолуды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Өлең өлкесіне  қадам басқан жас ақындарымызға тән бір кемшілік – сөзім ұйқассын деп қазақтың қарапайым сөздерін қолдануда мағыналық қарадүрсіндікке ұрынып жататындығы аңғарылады. Мұның себебі, олардың сан ғасырлық бай фольклорымыз бен авторлық көркем әдеби шығармаларды оқу арқылы сөздік қорын байытуға талпынысының кемшіндігінде ме деп ойлаймын.
Сіздерге келген өлеңдердің ішінде Абылайхан Әшімхан деген баланың «Қазақтың қыздары ұнайды» атты өлеңінің мына бір шумағын алып қарайық:
…Көктемнің гүліндей шұрайлы,
Тамшыдай мөп-мөлдір құлайды.
Жүрекке себетін жылулық,
Қазақтың қыздары ұнайды, – дейді ол.
Меніңше, жас ақын «шұрайлы» мен «шырайлы» деген екі сөзді ажырата алмай отыр. Тамшы құламайтыны өз алдына, аруды тамшыдай «құлату» ешқандай қисынға келмес. «Жүрекке себетін жылулық» деген жолда меніңше, «жылылықты» «жылулық себу» деп дұрыс қолданбай отыр. Жалпы, бір Абылайхан емес, жас ақындарымыздың көбі өлеңдеріне арқау еткен болмыс пен құбылыстың физикалық шынайы қалып-күйі, қимыл-қозғалысы мен поэтикалық қолданысы арасындағы табиғилықты сақтай білмейді.
Жайнарбек Зандыбай – өрісті өлең жазуға талаптанып жүрген ақмолалық жас ақындардың бірі. Оның өлең жазу техникасын  тәп-тәуір игергендігі, сөз саптаудағы мәйектілігі жырларынан анық байқалады.
Көз жазып қалмай көне даладан,
Іргесін елдің сене қалаған.
Жағадан алып жауласқандардың,
Жалауын жығып, жебе қадаған, – депті.
Дегенмен де, осы өлеңнің «Атағы арлан бабаларым-ай» аталуын құптамаймын. «Атағы Алатаудай бабаларым» дейтін Мәди ақынның теңеуінен кейін, арлан атақ бола ма?
Жайнарбек ақынның да айтайын деген ойдың жетегімен кей тұсты жадағайлатып алатынын байқағандаймыз. Дегенмен, оның өлеңдеріне алып ұшпа албырттықтан гөрі, байсалдылық басым. Бұл да жақсы қасиет.
Ендігі бір сөз – бірер көйлек бұрын тоздырған аға буын өкілі, өлеңдерін қадағалап жүретін оқырман ретінде, жас ақындарға бір айтқымыз келген жағдай да бар. Кейбір ақындар өлеңдерін кешегіше айтқанда, «қаламның сиясы кеппей жатып», бүгінгіше айтқанда «пернетақтаға басқан саусағының табы суып» үлгергенше әлеуметтік желілерге, әдеби порталдарға асығыс жариялаудан аулақ болса екен. Жеті рет өлшеп, бір рет кессең ғана сапалы дүние шықпай ма?
Жастар поэзиясына тән бір ерекшелік – ойнақылық, шынайы реализм десек, бұл қасиет жас ақын Әлібек Серғалиевтің өлеңдеріне тән. Ақынның
«Өткен сезімге жауап» атты өлеңіне үйлі-баранды азаматтың өткен күннің еншісіне қалдырған
махаббатынан жеткен хабарлама арқау болған.
…Енді бәрі ұмытыла бергенде,
Сенің ескі нөміріңнен хат келді, –
деген жолдардан осыны аңғарамыз.
…Астарлаған сөздеріңді оқыдық,
Ас үйдегі бір адамнан тығылып, –
деп орынды қолданған.
Құрмет Құралханның жұбайын өлеңіне арқау еткен «Ұсыныс» атты өлеңі бар. Оның өлеңі шынайылығымен ерекшеленеді. Әрі мұнда дәстүрлі фольклорлық сарынға тән сәтті қолданыстар бар:
«Алпыс жігіт атпен тіккен еңселі,
Ақ ордаға кіргіземін мен сені», –
деп өтірік айта алмаймын, жарығым,
Қаперіңе бір іліп қой сен соны, –
деген ақын қол ұстасып болашаққа бірге аттанбақ өмірлік жары алдында орындалмас уәде бере алмайтынын ұтымды тілмен жеткізе білген.
Немесе:
«Күлік сыйлап, күн қондырып жалына,
Қырық қызды қосып беріп жаныңа,
Серуендетем», – деп те уәде бермеймін,
Жақсы әдеттей сіңіріп ал қаныңа, –
деген шумақтарды Құрмет ақынның өзіндік өресі деп білгеніміз жөн.
Қалқам маған шын шаттықты сезіндір,
Кеудемдегі жұмыр еттің сөзі бұл.
Барлық бақыт махаббаттан басталар
…Өзің біл!, –
деп нүкте қойған ақынға шырайлы жырларың көп болғай дейміз. Жерлес жас ақындар арасында осы өңірге ғана емес, барша қазақ әлеміне біршама танылып үлгерген  ақынның бірі – Оюлы Қуаныш Оспанов. Оюлы Қуаныш соңғы кездері еуропалық Франческо Петрарка, өзіміздің Жұматай Жақыпбаевтар тәрізді, қиялындағы муза аруға арналған цикл өлеңдер жазуға машықтанып жүргенін байқаймыз.
Қуаныштың соңғы жылдары жақсы жыр жазу жолында біршама ізденгені, іздене жүріп өскені анық байқалады. Өлеңдерін бір деммен соңына дейін оқып шығасың. Оқырманның түсінуін қиындатып жіберетін «терең ақылмандық философияға» немесе «этнографиялық бояуы тым қою этнографияға» бара беруге болмайтынын ақын жақсы түсінеді.
Мен кетейін, мейлі, қайғы-күйіктен,
Тауды салсаң көтерейін иықпен.
Нұр ойнатып менің құлпытасыма,
Сен жарқырап тұрсаң болды биіктен…
деп жырлаған Оюлы Қуаныштың өрнекті жырлары, өрлеу жылдары әлі алда деп білеміз. Тек қай заманда болмасын, өзектілігін жоймаған «оқу, игеру және оқу» қағидатын үнемі есте тұту қажет. Таным көкжиегі мен талант көкжиегі былай қарасаңыз – біртұтас емес пе.
Ал, Бақытбек Бекмұратұлы студенттік шағында жарқ етіп көрініп, оқырманды елең еткізіп еді.
Бірақ, қазіргі күні белсенділігі онша байқалмай жүр. Оның  «Түймедақ» атты өлеңі өте әсерлі шығыпты.
Қар жауып тұр… қар жауады түнімен,
Бүгін тағы ұйқым қашты шынымен.
…Түймедақ деп аталатын әдемі,
Жарығым, сен жаздың нәзік гүлі ме ең?!
Ақынның бастамасы сәтті. Қыстың ұзақ түнінде түймедақ гүліндей ару қызды аңсау сезімін аңғарғандаймыз.
Осы гүлді ұнатады көңілің,
Осы гүлге құмар қылған сені кім?!
Екі шумаққа сөзіміз жоқ. Дегенмен, «ұнатадыдан» гөрі «ұнататын» немесе «ұнатушы еді» деген дұрыстау емес пе?
Мүмкін талғам биік болар сендегі,
Елеуреген түсінеді ел нені?
Ақ желегі – сенің әппақ сезімің,
Ал сарысы – сағыныш қой мендегі.
Бұл шумақ та біршама сәтті шыққан екен. Әсіресе, соңғы екі жолы ұнамды екендігі анық. Бақытбек қазақ сөзінің қолданысын жақсы меңгерген ақын.
Саян Есжан деген ақынымыз «Өң мен түс» деген өлеңінде:    
Дүниенің у жұтқызды дүрмегі,
Қысқа жіптің келмегесін күрмеуі.
Арба сынған, өгіз өлген сәттерде,
Білінеді бұ жалғанның бір кемі.
Ит тірлікте иемденіп кетемін,
Ит сарыған іргені, – деп жазыпты.  
Саян өлең өріміндегі эстетикалық талғамы биік, мазмұн мен пішіннің жігі ажырамастай тұтастығын сақтай білетін ақын. Дегенмен, «Арба сынған, өгіз өлген сәттерде» деген тармақтағы «сәт» сөзінің қолданысы қаншалықты сәтті бола қояр екен? «Арба сыну мен өгіз өлудің өзі «сәттен» гөрі «шақ», «кезге» саяды ғой. Сәт – қуанышты күйде айтылса керек-ті. «Ит тірлікте иемденіп кетемін» деген жолдағы «кетемін» де меніңше, өз орнында тұрған жоқ.
 «Жанарының ішіндегі жақсылық», «сырты күміс, іші қуыс құман», «қар үстіне қонған түтін» сияқты оралымдар Саянның биік өресін танытады. Жалпы оның өлеңдері – ойлы оқырманның талғамынан шығатын жырлар.
Кешегі Жақан Сыздықов, Еркеш Ибраһимдердің, бүгінгі аға буын Төлеген Қажыбай ақындардың, алмас-палы буын Алмас Темірбайлардың жолын лайықты жалғастырар талантты ақындар өсіп келе жатқандығы анық. Әрине, «бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек» демекші, ақындарымызға үздіксіз ізденіс  қажет. Ежелгі грек данасы Платонның «Ақындар шығарманы ерекше тылсым жағдайда жаратады», – деген ойы мен қазақтың хас таланты Мұқағалидың «Өлең деген тумайды жайшылықта», – деген сөзі үндесіп жатуы бекер емес.

Мерген ТОҚСАНБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар