Қоржында бір алтын, бір күміс медаль

Рио-де Жанейрода өтіп жатқан паралимпиада ойындары жалғасуда. Бұған дейінгі паралимпиадаларда Қазақстан командасы жүлдегерлер сатысынан көрінбеген болса, бұл жолы жарыстың алғашқы күні жүз метрге жүзуден Зульфия Габидуллина алтыннан алқа тағып, жанкүйерлерін қуантып тастаған еді.

Оның салған жеңісті жолы жалғасын тауып, енді екінші спортшымыз Раушан Қойшыбаева күміс медальді жеңіп алды. Поэрлифтингтен 67 келіге дейінгі салмақта 113 келіні бағындырған Раушан Қойшыбаева Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. 1990 жылы автокөлік апатынан алған жарақаттан екі тізесін алып тастағанда қатты қиналған келіншек бірақ тағдыр тәлкегіне қарсы тұруға күш-жігер тапқан. Отбасы бар. Үш баланың анасы атанып, толыққанды тірлік кешкен ол спортты да серік еткен. 2010 жылдан бастап поэрлифтингпен айналыса бастады.
2012 жылы спорт шеберлігі нормативін орындаса, 2013 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Республиканың әлденеше дүркін чемпионы болған ол 2014 жылғы әлем чемпионатында 13-ші орыннан көрінген. Араға бір жыл салып  Азия чемпионатында 6-шы орынды иеленді.  Енді міне, паралимпиада ойындарында күміс жүлдегер атанып, спорттағы өз биігіне қол жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, паралимпиада ойындарына Қазақстаннан он бір спортшы қатысып өнер көрсетуде. Олардың арасында жерлесіміз Вадим Дукарттың да бар екендігін атап өткіміз келеді. Әзірге Қазақстан құрамасы жалпы командалық есеп бойынша 35-ші орында тұр. Әлі де бірқатар спортшыларымыздың өнер көрсететінін ескерсек, қоржынымызға тағы да медальдардың түсу мүмкіндігі бар. Жеңісті күндер жалғаса берсін дей отырып, спортшыларымызға сәттілік тілейміз.

Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар