«Сырсандықты» ашып қара

Сәкен Сейфуллин музейінің  директоры ақын Несіпбек Айтұлының бастамасымен және басқа да халқымыздың ардақты ұл-қыздарын, қоғам қайраткерлерін дәріптеуге, олардың мол мұраларын зерттеуде көп еңбек сіңіріп жүрген зиялы қауым өкілдерінің қолдауымен «Сырсандық» атты кітаптар сериясы жарық көре бастады. Оның алғашқысы халқымыздың мақтанышы, ел үшін еңіреген ер,  қайтпас күрескер, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллинге арналған еді.

Жуырда Сәкен Сейфуллин музейінде бұл кітаптың екінші томының тұсаукесері болып өтті. «Сырсандықтың» екінші кітабына көрнекті ғалым, сыншы, әйгілі сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішев туралы мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың, шәкірттері мен тілектес жандардың жүрекжарды естеліктері топтастырылған екен.  
 Бар ғұмырын Сәкен Сейфуллинге арнаған  Тұрсынбек Кәкішев ұлт намысын пір тұтқан, ел тарихындағы аласапыран кезеңдерді, сол уақыттарда ұлт үшін күрескен қайраткерлеріміздің өмір жолдарын зерттеуде мол мұра қалдырған әйгілі ғалым. Ол Ұлт үшін жанын қиған боздақтарға өмірін арнаған адам. Оның әсіресе, Сәкен Сейфуллин тағдырын зерттеуге арнаған еңбектерінің алар орны ерекше деу керек. Шыны керек,  заман ағымына орай тарихымызға саясат араластырып, өткенімізді бұрмалауға бейім болғандар да кездесті. Бұл  орайда, Сәкенді Алаш арыстарына қарсы қойып, оған «қызылдардың қолшоқпары» дегендер де кездесті. Міне, Тұрсынбек Кәкішев осындай пайымдарға қарсы шығып, өзінің терең зерттеулері арқылы нақты деректерді дәйектей отырып ақиқатты шынайы жеткізе білді.
  «Сырсандықтың» тұсаукесерін  Сәкен Сейфуллин музейінің директоры Несіпбек Айтұлы алғысөзбен ашқаннан кейін музейдің алғашқы директоры Роза Асылбекова, әнші, өнертанушы, осыдан біраз жыл бұрын осы музейде директор болған Серік Оспанов, жазушы Амантай Кәкен, қоғам қайраткері Зейнолла Алшынбаев, ақын Бақытжан Тобаяқов өз ойларымен бөлісіп, Сәкен Сейфуллин, Тұрсынбек Кәкішев жайында пікір алмасты.  «Сырсандықтың» Тұрсынбек Кәкішевке арналған екінші томында Әзілхан Нұршайықов, Рахманқұл Бердібаев, Әбіш Кекілбаев, Ілия Жақанов, Сейіт Қасқабасов, Амантай Кәкен, Қайырбай Төреғожа, Тұрсын Жұртпай, Серік Негимов, ақын Ғалым Жайлыбай және басқа да атақты жазушылар мен ғалымдардың, ақындар мен композиторлардың, журналистердің естеліктері мен танымдық мақалалары жарық көрген.
Несіпбек Айтұлының айтуынша алдағы уақытта бұл кітаптың  ұлтымыздың мақтанышына айналған тұлғаларға арналған келесі томдары да жарық көретін болады. Яғни, қолдарында деректері бар, белгілі бір тұлғалар жайында ой бөлісуге ынта білдірушілер де ортақ іске үлес қоса алады.

 

Талғат ҚАСЕН

 Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар