Атбасар электровоз жөндеу зауыты

«Қамқор Локомотив» ЖШС-інің филиалы болып табылатын Атбасар электровоз жөндеу зауыты мың жарымнан астам адам еңбек ететін ірі кәсіпорын. Электровоздарды жөндеу сияқты күрделі міндетті мойнына алған кәсіпорын өз жұмыстарын заман талабына сай ойдағыдай атқарып келеді.

 

Зауыт директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Марат Асқаровтың айтуынша, кәсіпорын ВЛ сериялы электровоздарды жөндеуге маманданған еліміздегі бірден-бір іргелі ұжым. Бұрынырақта тапсырыс көп болған екен, соңғы кезде азайып кеткен. Өйткені, бізде ежелден қолданылып келе жатқан ресейлік электровоздардың орнын соңғы жылдарда шетелдік техникалық мүмкіндіктері мол электровоздар басқан. Дегенмен де, кәсіпорын уақыт талабына сай жаңа жобаларды игеруге көңіл бөлуде.
«Нарық талабы қатал. Қол қусырып жайбарақат отыруға болмайды. Маманданған ресейлік электровоздарды пайдаланудың азаюына байланысты, тапсырыс та азайып кетті. Осыған орай, жаңа бағыттарды игеріп, табыс көлемін кемітпеуге күш салып жатырмыз», – дейді кәсіпорын басшысы. Биыл зауыт еліміздегі ірі кен орындарының бірі – Соколов Сарыбай комбинаты жариялаған тендерге қатысып, кен таситын электровоздарды күрделі жөндеуден өткізуді мойнына алыпты. Кен таситын электровоздардың пайдалану мерзімі 12 жыл болғанымен, жүктеме ауыр болғандықтан, істен шығып, жиі сынып жататын жағдайлары болады. Мұның бәрі электровоз бөлшектерінің тозуына байланысты орын алады. Осыған орай, бөлшектерді жаңарту қажет. Міне, зауыт осындай күрделі жұмысты мойнына алған. Қазір мұнда комбинаттың екі электровозы күрделі жөндеуден өткізілуде. Құдай қаласа келесі жылы жұмыс аяқталып, электровоздар өмірге екінші қайтара жолдама алатын болады. Осылайша зауытта 2009 жылы басталған қайта жаңғырту жұмыстары жанданып, жалғасын табуда. Нарық талабына сай жаңа жобаларды игеру арқылы қазіргі әлемді қамтыған дағдарысқа қарамастан, зауыт өндіріс көлемін қысқартпай, адамдардың жұмыс орындарын сақтай отырып, қалыпты жұмыс істеуде.
Қандай істе де мәселені мамандар шешетіндігі белгілі. Зауытта өз істерін жақсы білетін білікті маман жұмысшылар мен инженер-техникалық қызметкерлер көп. Сонау кеңес заманынан, Атбасар локомотив депосы кезеңінен үзбей жұмыс істеп келе жатқан адамдар аз емес. Электр монтаждау цехында істейтін Азамат Әлжаппаров, пайдалану цехында еңбек ететін Сергей Вельчинский, механикалық цехтың ұстасы Ағыбай Жұматов сондай тәжірибелі жұмысшы мамандар. Зауыттың бас инженері Қуаныш Мұханжаров, өндірістік-техникалық бөлімнің басшысы Олег Демидов, бас энергетик Владимир Зарецкий, бас технолог Владимир Фасхутдинов, техникалық бақылау бөлімінің жетекшісі Әділбек Құрманов, слесарь Нұрлан Байәділов (суретте) сияқты инженер-техникалық қызметкерлер де өз жұмыстарының қыр-сырын жетік білетін білікті мамандар.
Зауыт жұмысшыларының орташа жалақылары аудандағы ең жоғары деңгейде. Оған қоса, берілетін бірқатар жеңілдіктері де бар. Еңбек демалысында шипажайға барғысы келетіндерге тегін жолдама беріледі.  Заман талабына сай бейімделіп, қалыпты жұмыс істеп жатқан кәсіпорынның болашағы жарқын екендігі анық.
Өмірсерік ШАЙХИН.
Атбасар қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар