Отандық өнім шығарады

 

КӨКШЕТАУ: Станционный кентіндегі Германияның жаңа технологиясымен жабдықталған «АгроТрейдинг – 2007» ЖШС-нің құрама жем зауыты сағатына 15 тонна құрама жем өндіруде.  Зауыттың құрылысы 2013 жылы қолға алынған болатын. Мұндағы мақсат – AGRAVIS концернінің инновациялық технологияларын қолдану арқылы елімізде сапасы жоғары үй жануарлары мен құстарға арналған толық рационды құрама жем өндіру. Жобаның жалпы құны – 1 миллиард 200 миллион теңге.
БҰЛАНДЫ АУДАНЫ: Макинск қаласындағы «TransTechMash LTD» ЖШС деп аталатын ағаштан құрылыс материалдарын шығаратын зауыт осыдан бірер жыл бұрын Астана қаласының туған күніне тарту ретінде іске қосылған болатын. Қазіргі кезде кәсіпорын жұмысы қарқын алуда. Оның қуаттылығы жылына 300 000 дана шпал, 5 мың текше метр тақтай шығаруға мүмкіндік береді. Зауытта МЕСТ 78-2004 талабына сай үй құрылысына қажетті жоғары сапалы ағаштардан шпал, тақтай сияқты материалдары шығарылуда. Бұл кәсіпорынға бүгінгі нарықта өз орнын тауып, үлкен пайда түсіруге мүмкіндік бермек.
ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ: Садовое ауылындағы «Milk Project» ЖШС-нің сүт зауыты өнімдері еліміздің бірнеше облысымен қатар Ресей нарығына да шығуда. Осыдан тура 6 жыл бұрын іске қосылған зауыт озық технологияға негізделе отырып, сүт өнімін өңдеудегі кәсіпорындардың алғашқы қарлығашы болып отыр. Бастапқыда зауытта ауысымдық қуаттылығы жарты литрлік қаптамалы 20 тонна сүт өндірілді. Сол кезде серпінді жобаны іске қосу үшін серіктестік
250 миллион теңге қаржы жұмсады. Бүгіндері кәсіпорын аяғынан нық тұрып, Астана, Қарағанды, Степногорск, Павлодар, Қостанай, Өскемен, Ақтау, Жезқазған, Жаңаөзен және Алматы қалаларына өз өнімдерін тұрақты жеткізіп келеді. Оған қоса, соңғы бірер жылдың ішінде көршілес Ресей нарығына шығып, экологиялық жағынан теңдесіз сүт өнімдерінің 40 пайызы экспортталуда. Бұл өз кезегінде өнімнің сапасы мен бәсекелестікке қабілеттілігін арттырып отыр.  
ШОРТАНДЫ АУДАНЫ: Аудан орталығында жылына
60 тонна қаз етін өндіріп, өңдейтін жаңа құс фабрикасы салынуда. Жобаны «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Белая Лилия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Салынып жатқан жаңа құс фабрикасының құны 73,9 миллион теңгені құрайды. Қазіргі кезде серіктестік ауданның салық есебінде тіркеліп, Шортанды ауданын дамыту бағдарламасы арқылы жер телімі бөлінген. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін рұқсат құжаттар да берілген. Осы күні құрылыс жұмыстары қызу қолға алынып, қажетті коммуникация жүйесі тартылды. Кәсіпорынды биылғы жылы іске қосу жоспарланған. Өнім негізінен облыстың өзге аудандары мен Астана қаласына жеткізілетін болады.
ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ: Соңғы кездері Астана маңындағы елді мекендерде құрылыс материалдарына сұраныс артып отыр. Осы мақсатта Целиноград ауданында «Жаңа Сервис-2007» ЖШС 2014 жылы пайдалануға берілген болатын. Кәсіпорын іске қосылған сәтте жарты жылдың ішінде құны 82,6 миллион теңгенің 7 мың текше метрге жуық газоблоктарын шығарып үлгерді. Құрылыс материалдарына сұраныстың көбеюіне байланысты алдағы уақытта өнім көлемін екі есеге арттыру да көзделген. Өнімді сатуда еш қиындық жоқ. Қазірдің өзінде Астанадағы ірі құрылыс компанияларымен келісім-шарт жасалып қойған.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар