Өндіріс қарқын алуда

Осыдан тура 42 жыл бұрын ашылған «Семізбай-U» кеніші бүгінгі таңда облыстағы іргелі кәсіпорындардың біріне айналып отыр. Осы күні көптеген елдерде өнеркәсіп саласында уран кенішінің тапшылығы салдарынан жер асты айыру әдісі қолданылып келеді. Бұл кен орны мен шахтаны қажет етпейтін нәтижелі әрі экологиялық жағынан таза өндіру әдісі болып табылады.

Аталған әдістің артықшылығы жер қойнауына залал келтірілмейтіндігінде болып отыр. Бұл әдіс «Семізбай-U» кенішінде де қолданылады. Жарты ғасыр бұрын ашылған кәсіпорын 2009 жылдың желтоқсан айынан бастап игеріле бастаған. Соңғы екі-үш жылдың ішінде «Семізбай-U» кеніші толық қуатында шығып, жылына 500 тонна уран өндіруде.
«Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамы мен қытайлық «СиноҚаз» компаниясы құрылтайшылары болып табылатын Семізбай кенішіндегі уранның қоры сарапшылардың қорытындысымен бекітілген. Бүгінгі таңда жұмыстар №1 және №2 учаскелердің кеніштерінде жүргізілуде. Кәсіпорын директоры Мұхамеджан Салқынбаевтың айтуына қарағанда, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында уран өндірісінің көрсеткіші былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103 пайызды құрады. Сонымен қатар,  серіктестік Еңбекшілдер ауданындағы әлеуметтік саланың дамуына да атсалысуда. Осы мақсатта ауданға  әлеуметтік көмек ретінде 238,5 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Бұл қомақты қаржыға Степняк қаласындағы №1 орта мектеп жөнделді, спорттық-сауықтыру кешені қалпына келтірілді. Оқу-өндірістік комбинатындағы балалардың шығармашылық үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, маңы абаттандырылды. Мәдениет және демалыс паркі қалпына келтірілді. «Степняк Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына арнайы техника сатып әперілді. Аудандағы мектептерді электр қуатымен қамтамасыз ету жүйесі қалпына келтірілді. Айта берсе, кәсіпорынның бұдан басқа әлеуметтік тұрғыдағы игі істері жетерлік.  Мұның бәрі мемлекеттік әріптестік серіктестік шеңберінде атқарылып жатқан шаруалар.
Оған қоса, «Семізбай-U» серіктестігіне өңірдің әлеуметтік саласын қолдау келісім-шарты бойынша   бюджетке жылына 100 мың доллар көлемінде қаржы аудару міндеттеліп отыр.
–2009-2012 жылдары бөлінген қаржы Ақмола облысының бюджетіне аударылды. Кейінгі жылдан бері аталмыш қаржы Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарына тең бөлінуде. 584,6 миллион теңге мүлік салығы, 4,4 миллион теңге жер учаскесін пайдалану төлемі Еңбекшілдер ауданының бюджетіне аударылды,–дейді Мұхамеджан Салқынбаев.
Бүгінгі таңда кәсіпорында еңбек етіп жүрген үш жүзге тарта адамның барлығы жергілікті тұрғындар. Бұл да кәсіпорынның жүргізіп отырған оң саясатының бірі  болып табылады. Оған қоса, серіктестік әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға мекен-жайлық көмек көрсетуде. Мәселен, 9 мамыр мерекесіне орай ауданда тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ақшалай сыйлық үйлестіру дәстүрге айналған.
Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында энергия қуатын үнемдеу және оның тиімділігін арттыру, экономикалық дамудың мәселелері, технологиялық жаңғырту, энергетикалық және экологиялық қауіпсіздік, жасыл экономикаға көшу туралы Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын. Бүгінгі таңда бұл міндеттер Семізбай кенішінде де жүзеге асырылуда. Кәсіпорын басшысының айтуынша, осы күні энергия қуатын үнемдеу бағдарламасы жасалып, өндіріске енгізіліп отыр. Сонымен қатар, кеніштің өндірістік алаңында дизельдік отын мен электр қуатын үнемдеуге мүмкіндік беретін жылу сорғышы жүйесін іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жоба ауаны ластамай, жұмысшыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жылу сорғыштары үй жылытуға жағылатын көмір, дизельдік отын немесе электр қуаты шығынының 70 пайызын үнемдейді. Сорғышқа 1 килоВат электр қуатын шығындап, 5 килоВат жылу энергиясы алынады. Кеніште  қуаты 30 килоВат фотоэлектр станциясы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 49,550 мың килоВат электр қуаты өндіріліп отыр.

Еңбекшілдер ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар