2011 жылдың 20 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қыркүйек айының үшінші жексенбісі Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланды. Жыл сайын бұл мерекені Қазақстанда тұратын барша ұлт өкілдері мен ұлыстар тойлап келеді.
Әр халықтың, әр елдің өз тарихы, ең басты құндылығы – тілі бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторларының бірі – еліміздің мемлекеттік тілі, барлық қазақтардың ана тілін одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек» деп атап өткен болатын. Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты Қазақстан Республикасы Конституциясының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының негізінде, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып келеді.
Осыған орай, облыс әкімі Сергей Кулагин Қазақстан халқы тілдерінің күніне арналған онкүндік өткізу туралы қаулы шығарды. Оның негізінде онкүндік ішінде өткізілетін іс-шаралар жоспары бекітілді. Қыркүйектің 5-16 аралығында өткізілуге тиісті біршама іс-шаралардың басы қайырылды. Бірлік пен келісімді, тілге деген құрметті насихаттайтын шаралар аясында өнер шеберлерінің концерттері, тілдерді меңгеру бойынша байқаулар, дөңгелек үстелдер мен ғылыми конференциялар өтуде. Солардың ішінде «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы», «Тіл – көңілдің кілті», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Тіл – әр халықтың байлығы», «Тәуелсіз елдің анасымын» сияқты іс-шараларды атап өтуге болады.
Біздің облыста бүгінде 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері мекен етеді. Олардың біразында өз тілдерін оқытатын мектептер және оларды мәдени-рухани қолдау бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істеп тұр. Қазақстан халқы тілдерінің күніне арналған іс-шараларға олар да атсалысуда.
Бүгінде облысымызда мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі шамамен жетпіс бес пайызды құрап отыр. 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 95 пайызға жетеді деген болжам бар. Алайда, бүлдіршіндерді таза қазақ тілінде тәрбиелейтін балабақшалар саны бүгінде оншалықты көп емес. Біздің облыста бүгінгі күні 183 балабақша болса, оның 56-сы қазақ тілді, 100-і аралас, 27-сі орыс тілді балабақшалар. Онда жалпы саны 24311 бүлдіршін тәрбиеленсе, оның 15858-і, яғни, 65,2 пайызы қазақ тілінде тәлім алуда. Облысымызда 578 мектеп болса, оның ішінде қазақ мектептері – 166, аралас мектептер – 223, орыс мектептері – 189. Оқушылардың жалпы саны – 109690, оның 51794-і, яғни, 47,2 пайызы қазақ сыныптарында оқиды. Қазақстан деген ұлан ғайыр мемлекетте тұрып, мемлекеттік тілде білім алатын оқушыларының саны басқа тілде оқитын балаларға қарағанда аз болғаны жүрегі қазақ деп соққан әрбір қазақстандықты алаңдатпай қоймасы анық. Бұған әрине, қазақ топтарына баламызды оқуға бермей жатқан өзіміз кінәліміз.
Қазір облыстың барлық аудандары мен қалаларында, мемлекеттік тілді оқытып, үйрететін 19 орталық жұмыс істеуде. Сондай-ақ, бұл орталықтардың он жетісінде қазақ тілімен қатар ағылшын тілі де үйретіледі.
2016 жылы мемлекеттік тілді насихаттау, тіл мәдениетін көтеру мақсатында дәстүрлі ақындар мүшәйрасы, Ой-Сана, Тіл шебері, Абай оқулары, Мемлекеттік тіл және БАҚ, Тіл мерейі, Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы сынды іс-шаралар өткізілді. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру мақсатында өңірдегі ақын-жазушылардың тіл туралы айтқан қанатты сөздері жазылған алты баннер облыс орталығының көшелеріне ілінді. Дәстүрлі «Өңірлік тіл саясаты: белестен белеске – 2015» жинағы шығарылды.
Бұл бағытта осындай шаруалар атқарылып жатыр, десек те, ара-тұра сауатсыз жарнамалардың орын алғанын көреміз. Бұл орайда, тілдерді дамыту басқармасы қайда қарап отыр деген сын да айтылып жатады. Алайда, 2015 жылы Қазақстан Республикасы көлемінде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі сыртқы жарнамаларға бақылау және қадағалау жұмыстарын жүргізуге тыйым салынып, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт Вице-министрінің 2015 жылғы 19 мамырдағы хатына сәйкес, Ақмола облысының аумағындағы сыртқы көрнекі ақпараттарға тексеру жұмыстарына тоқтату тапсырылған. Бүгінгі таңда аталмыш заңнама талаптарына сәйкес арыз-шағым түскен кезде ғана белгілі бір нысанға тексеріс жүргізіледі.
Бірақ, облыс бойынша сауатсыз жарнамалардың орын алуын болдырмау мақсатында жеке кәсіпкерлер, жарнама агенттіктері және прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен семинарлар өткізілуде. Сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттардың, тауарлық жапсырмалар мен маңдайшалардың мәтіндеріндегі қателіктерді түзету және алдын алу мақсатында Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыс және көрнекі ақпаратты бақылау бөлімінде, сонымен қатар, Көкшетау, Степногорск қалалары мен 17 ауданның тіл саясатымен айналысатын бөлімдерінде тегін консультациялық көмек көрсететін «Жедел желі»(«Callcenter» ДБ 8 (7162) 40-11-56 ) ашылды.
Сондай-ақ, «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебінде 9 тіл, яғни, қазақ, орыс, поляк, неміс, кәріс, ингуш, татар, армян, чуваш тілдерінен мектеп оқушыларына дәріс беріледі. Оқушылардың жалпы саны – 200. Бурабай ауданының «Видергебурт» немістер коғамында күн сайын неміс тілін оқимын деушілерге дәріс беріледі. Сандықтау ауданында Красная поляна ауылының 5,7,8,11 сынып оқушылары шешен тілі сабақтарына қатысады. Атбасар қаласында «Целина» қоғамдық қоры ақылы түрде ағылшын және неміс тілдерін оқытады. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2012 жылдан бері тілдерді оқыту орталықтары жанынан ағылшын топтарын ашу мәселесі қолға алынды. Қазір ағылшын тілі курстары жоғарыда атап өткенімдей, 19 орталықтың 17-сінде бар.
Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада пайдалана отырып, дамыту. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, нығайту үшін көп жұмыстар атқарып келеді. Сондықтан, қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды ел болып жалғастыруымыз керек.
Алмат НҮКЕНОВ,
облыстық тілдерді дамыту басқармасының тілдерді дамыту, талдау және үйлестіру жұмысы бөлімінің бас маманы.