Сегіз айдың жұмыс қорытындысы көңіл толатындай

Облыс әкімі Сергей  Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды.

Облыс әкімі алдымен жиналғандарға өз өкімімен облыстық жерді пайдалануды бақылау және қорғау басқармасының басшысы болып тағайындалған Талғат Қойбағарұлы Мұханбеджановты таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Күн тәртібінде бірінші болып қаралған облыстың 2016 жылдың қаңтар-тамыз аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаров баяндама жасады. Ол өткен сегіз айда облыс негізінен өз дамуының қарқынын сақтағанын және арттыра түскенін атап көрсетті. Инвестиция көлемінің 122 миллиард теңгеден асуы құрылыс-монтаж жұмыстарының 7,1 пайызға, тұрғын үйді пайдалануға берудің 42,8 пайызға өсуіне мүмкіндік берген. Бұл – республикамыз бойынша алғанда тиісінше төртінші және екінші орын. Орташа айлық жалақы мөлшері де 14,7 пайызға ұлғайып, 99,9 мың теңгеге жеткен.
Ауыл шаруашылығында нақты көлем индексі 114,5 пайыздан айналған. Бұл жағынан Ақмола өңірі елімізде бірінші орында. Қазіргі уақытта егін орағы қарқынды жүргізіліп, 3 миллион гектар алқаптың егіні орылған. Ал, астығы бастырылған алқаптардың көлемі 2,8 миллион гектар немесе 65,6 пайыз. Әр гектардың орташа түсімі 13 центнерден айналып, 3,7 миллион тонна астық жиналған. Енді бірер апта ауа райы ашық болып тұрса, жауапты науқан ойдағыдай аяқталатындай   жағдай бар. Тек жергілікті жерлерде соған күш сала білуіміз керек.
Биыл өнеркәсіпте алтын және уран рудаларын өндіру өсіп отыр. «КамАЗ Инжиниринг» және «ЕПК Степногорск» АҚ-ыларының жұмысында да қарқын бар. Осының арқасында сала жұмысында серпін байқалуда. Бұдан әрі шағын және орта бизнестің даму барысына тоқталған баяндамашы осы саладағы жетістіктерді атай келе, шағын қаржылық ұйымдармен байланысты кеңейту, шағын және орта бизнесті қолдау тетіктерін тиімді пайдалану мәселелеріне назар аударды. Жалпы, өткен сегіз айда құрылыс саласындағы алға басушылықты, облыс бюджеті кіріс бөлігінің асыра орындалғандығын ескере келгенде, істің жайы әзір жаман емес секілді. Алайда, облыс әкімінің жергілікті жерлердегі жағдайды саралап, салмақтауы бойынша мүлт кетіп жатқан тұстар да бар. Сондықтан, әкімдер сыннан қорытынды шығарып, жұмысты қажетті арнаға бұрулары керек-ақ.
Мәжілісте облыстағы құрылыс жобалары жайлы құрылыс басқармасының басшысы Амангелді Сма-йылов баяндады. 2016 жылы тұрғын үй әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылымдар құрылысына 9 679,5 миллион теңге қаржы бөлінген. Бүгінгі күнге дейін осы қаржының 6 374,2 миллион теңгесі игеріліп отыр. Сегіз айдың жоспарымен алғанда бұл 95,8 пайыз. Облыс орталығындағы және аудандардағы тұрғын үй құрылысына, басқа да ғимараттардың бой түзеуіне қарап, кейінгі жылдары бұл саладағы жағдай жаман еместігіне кез келген адамның көзі айқын жете түседі. Дегенмен, әлі де республикалық, облыстық бюджеттен бөлініп отырған қаржыны неғұрлым толық игеруге бар күшті салмай болмайды. Өкінішке орай, бізде керісінше болып жататын жағдайлар да бар. Ақша берілгенімен, оны іске ұқсату жағынан ұятты болып жатамыз. Сөйтіп, ол қаржы игерілмеген соң қайтарылып алынады. Осы орайда, облыс әкімінің  аудан, қала басшыларынан жобалау-сметалық құжаттардың көптеп жасалуын талап етуі де орынды. Кейде олардың да дайын болмауынан, бөлінгелі тұрған қаржы  қолдан сусып кетеді.
Халық тұтынатын ауыз су мәселесі қашан болсын үлкен маңызға ие және солай қала бермекші. Облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау жөніндегі департамент басшысының уақытша міндетін атқарушы А.С.Мусина өз есебін  өңірімізде 629 елді мекен барынан бастады. Олардың 88 пайызы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Әлі күнге облыста 28 ауыл  ауыз суды тасымалдап ішіп отыр. Оның үстіне баяндамашы әсіресе, облыс орталығында ауыз су сапасының сын көтермейтіндігін айтып өтті. Бір кезде Бурабай курортты аймағындағы көлдердің  таяздануы-на жол бермес үшін Сергеевка су қоймасының құрылысы жүргізіліп еді. Қазір Көкшетау қаласына су осы және Шағалалы су қоймаларынан келуде. Ал, курортты аймақ көлдеріне ағынды  сулардың әлі де құйылуынан, бұл көлдердің ластануы тоқтамауда.
Мәжілісте осы жағы айтыла келе, тұрғындарды ауыз сумен қамтуды жақсартудың жай-жапсары ортаға салынды. Сонымен бірге, облыс әкімі өз қорытынды сөзінде аудан, қала әкімдеріне қаралған мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар беріп, өзінің орынбасарларына олардың орындалуын жіті қадағалауды ескертті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар