Облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған концерт болып өтті.
Аталмыш іс-шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.
Мерекелік кештің мақсаты – ата-бабаларымыз аңсап өткен егемендіктің қадірін қала тұрғындарына сезіндіру. Салтанатты кеште облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Ерлаз Жайықбаев сөз сөйлеп, жиналған қауымға тәуелсіздік қасиетті ұғым екенін жеткізді. Әрі осы киелі сөзді әр адам түсініп қана қоймай, елдің дамуына өз үлесін қосуы керек екенін айтты. Шара барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан — 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», «Қазақстан жолы -2050»: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еліміздің 2050-ші жылға дейінгі даму стратегиясын айқындап бергені жайлы айтылды. Сондай-ақ, салтанатты кеште жергілікті өнерпаздардың әуезді әндері шырқалып, ақындардың өлеңдерінен үзінділер оқылды. Шара соңы қала жастарына арналған би кешіне ұласты. Сөйтіп, кешке жиналғандар осыдан 25 жыл бұрын қол жеткен тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін тағы бір мәрте жете сезіне түсті.
Назгүл РАБИЛОВА.
Суретті түсірген Берік Ескенов.