Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетаудағы игі істер Мемлекет басшысының көңілінен шықты - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетаудағы игі істер Мемлекет басшысының көңілінен шықты

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, Көкшетаудағы іргелі өндіріс орындарының бірі – «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» кәсіпорнын аралап көрді және осындағы еңбек ұжымымен кездесті. Сондай-ақ, қоғамдық жұртшылық өкілдерімен жүздесіп, еліміз өз тәуелсіздігін алған 25 жылдың ішінде мемлекетіміз қол жеткізген жетістіктер жайында жылы  пікір алмасты. Мемлекет басшысының Ақмола облысына сапарында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков, Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов және Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин бірге болды.

Еуразиялық экономикалық кеңес аясында құрылған «Ауыл шаруашылығы және коммуналдық шаруашылық техникаларының Қазақстан-Беларусь индустриалды-технологиялық паркі» инвестициялық жобасы 2012 жылы қолға алынған еді. Мұндағы мақсат – Беларусь елінің осы саладағы озық техникаларын елімізде құрастырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусь елінің «Минск трактор зауыты» АҚ және отандық «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» ЖШС бірлесіп, «МТЗ-ҚАИК» серіктестігін құрған болатын. Сол жылы бұл жоба Индустрияландыру картасына енгізілді. Жалпы, беларусь компаниясының Ақмола облысымен іскерлік байланысы 2010 жылдан бастау алады. Содан бері 5 миллион АҚШ долларына 500 дана 7 түрлі техника құрастырылып шығарылды.
Бірлескен кәсіпорын шығарып жатқан тракторлардың бағасы қолжетімді. Сапасы да техникалық талаптарға сай. Соған орай, бұл  техника тұтынушылар тарапынан жақсы сұранысқа ие болып отыр. Қазір  тракторлардан бөлек жүк көліктері мен арнайы мақсаттағы машиналардың да бірнеше түрі шығарылуда. Осылайша кәсіпорын өндіріс көлемін жыл санап арттыра түсуде.
Жалпы, осы жобаны жүзеге асыру үшін 3,4 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Қазір толық қуатында жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жыл сайын 25 түрлі ауыл шаруашылығы және коммуналдық шаруашылық техникасын шығаруды
жоспарлап отыр. Алдымен өндіріс орнын аралап көрген Мемлекет басшысы еңбек ұжымымен кездесіп, жұмысшылардың хал-жағдайын сұрастырып білді және кәсіпорында атқарылып жатқан игі істерге оң бағасын берді.  
Бұдан кейін Елбасы қоғамдық жұртшылық өкілдерімен жүздесті. Өз сөзін «Құрметті ақмолалықтар! Егін орағы науқаны кезінде астықты аймақтарды аралап шығатын жылдағы әдетім бойынша биыл да Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында болып, егін орағының барысымен, аймақтардың даму жағдайымен таныс-тым», – деп бастаған Мемлекет басшысы 2016 жыл  ерекше жыл екенін атап өтті. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында еліміздің өткен даму жолдарына тағы бір тоқталғанның еш артықтығы жоқ. Қысқа мерзім аралығында жүргізілген оңтайлы қайта құру жұмыстары  өз жемісін беріп, 2000 жылдан бастап тұрақты даму жолына түстік. Міне, осы тұста Елбасының бастамасымен Ұлттық қор құрылған болатын. Кейін әлемдік дағдарыстар жағадан алған қиын кезеңдерде сол қордың арқасында қиындықтардан да шыға алдық. Халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып, жалақы, зейнетақы деңгейі өсті. Жаңа өндіріс орындары көптеп ашылып, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салалары қарқынды дамуға бағыт алды. Тәуелсіздік жылдарында елімізге сырттан 250 миллиард доллар инвес-тиция тартылған екен.  Оның бәрі де еліміздің экономикасын дамытуға елеулі серпін бергені анық. Қазір Қазақстанның алтын валюта қоры 95 миллиард долларға жетіп отыр. Тәуелсіздік жылдарында елімізде алты мыңнан астам жаңа кәсіпорындар іске қосылды.
Мемлекет басшысы осыны айта келіп, еліміздің теңізге шығар жолы болмауы басқа елдермен сауда байланысына, ал, ол өз кезегінде өндірісіміздің дамуына кері әсерін тигізгенін, осы орайда, тығырықтан шығар жол ретінде автокөлік және темір жол байланысын дамытуға жете көңіл бөлінгендігін атап өтті. Тәуелсіздігімізді алғаннан бері екі мың шақырымға жуық темір жол және бес мың шақырым автокөлік жолы салыныпты. Қазір Қазақстан автокөлік және темір жол өтетін транзитті ел болып отыр. Мұның өзі сауда қатынастарын дамытуға да игі ықпалын тигізуде.
Бұдан әрі Мемлекет басшысы астаналық облыс саналатын Ақмола облысының қазіргі даму барысына тоқталып, соңғы жылдары облыс шаруашылықтарының 10 мыңға тарта шет ел техникасын сатып алғандығын, өнімділігі жоғары осындай техниканың арқасында егіншілік саласының айтарлықтай дамып отырғанын баса атап көрсетті. Бүгінде астықты экспортқа шығаратын әлемдегі үздік он елдің санатына кіретін Қазақстан астығының төрттен бірін өндіретін Ақмола облысында соңғы жылдарды өнеркәсіп саласы да қарқынды дамып келеді. Осыны айтқан Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктер өздігінен келмегендігін, оған барша қазақстандықтар өз үлесін қосқандығын да еске салып өтті.     
Бұдан кейін облыс әкімі Сергей Кулагин Елбасына аймақтың қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндап берді. Өнеркәсіп саласында жыл бойы тұрақты өсім сақталған. Қазіргі күні ол  104,2 пайызды құрайды.  Облыста 102 миллиард теңгенің 97 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл қосымша 3 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 2010-2016 жылдар аралығында Индустриаландыру картасы шеңберінде 65 жоба іске қосылған. Олардың 17-сі экспортқа бағдарланған.
Астананың азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасы бойынша құны  9,2 миллиард теңгенің 11 жобасы жүзеге асырылуда. Елорда облыс ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін өз өнімдерін саудаға шығаратын ең ірі рынок болып табылады. Қазіргі күні облыс шаруашылықтары астаналықтарды ұнмен 100 пайыз, жұмыртқамен және картоппен 52 пайыз, ет өнімдерімен 50 пайыз мөлшерінде қамтамасыз етуде. Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту бағдарламасы шеңберінде де айтулы жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда курортты аймақта жылына 1 миллионнан астам адам дем алады. Мұның өзі облыс экономикасын дамытуға елеулі ықпалын тигізуде.
Облыста мал шаруашылығын өркендетуге де жете көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда асыл тұқымды мал өсіретін отыз арнайы мамандандырылған шаруашылық бар. Олардың 23-і ет және сүт бағытындағы асыл тұқымды мал өсірумен айналысады. Облыс мал бордақылау бойынша еліміздегі ірі әлеуеті бар аймақ болып саналады. Қазір 31 мал бордақылау алаңында 27 мыңнан астам мал бағылуда.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыс та қарқынды жүргізіліп, соның нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қатары ұлғая түсуде. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 23 пайызға көбейген. «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде құны 4 миллиард теңгенің 16 жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр.  «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына бөлінген 6,4 миллиард теңге қаржы да толық көлемінде игерілді. Бұдан әрі облыс басшысы Елбасын аграрлы аймақтағы қазіргі аса маңызды науқан – егін орағының барысынан жан-жақты хабардар етті. Бүгінгі күнге дейін облыс шаруашылықтары  3,6 миллион гектардың астығын бастырған. Бұл –  барлық егіс алқабының 82 пайызы. Әр гектардың шығымы орташа есеппен  
13 центнерден айналуда.
Кездесу барысында Аршалы ауданындағы «Ижевский» өндірістік кооперативінің директоры, Социалистік  Еңбек Ері
Ибрагим Жанғоразов та сөз алды. Сіздің тапсырмаңызға сай ауыл шаруашылығы саласына зор көңіл бөлініп отыр. Оның ішінде өзім жетекшілік ететін құс шаруашылығының болашағы зор дер едім. Өндіріс көлемінің артуына байланысты осы күні 600 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Келешекте жұмыс орындарын 1,5  мың адамға жеткізу жоспарда бар. Мұның бәрі еліміздегі тұрақтылықтың арқасында болған жетістіктер, – деді өндіріс басшысы.  
Бұдан кейін сөз кезегі келген даңғайыр диқан, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Социалистік Еңбек Ері
Сартай Жұмағалиев өзінің 40 жылға жуық егіншілік тәжірибесінен ой толғай келе, барша ақмолалық ардагерлер атынан Елбасына аға ұрпақ өкілдеріне деген зор қамқорлығы үшін ризашылығын жеткізді.
Ал, бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионы Дина Жоламан өз сөзін Бразилиядағы жазғы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен отандастарымыздың спорттағы ерлігіне арнады және өзінің  әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтеріліп, көк туымызды көкке асқақтатқанда басынан кешкен толғанысты сезімімен бөлісті.
 Облыс аумағында тұратын барша поляк өкілдері Сіздің ұлтаралық келісімді нығайтудағы қажырлы еңбегіңізге шексіз алғысын білдіреді. Елімізде барша ұлт өкілдеріне өздерінің салт-дәстүрлерін, тілін, дінін дамытуға бірдей жағдай жасалған. Сол үшін Сізге ризамыз, – деді  «Ақмола облысы поляктарының бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Суховецкий де өз сөзінде.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы тәуелсіз Қазақстанның өткен 25 жыл ішінде барлық  қиындықтарды жеңіп, дамудың жарқын жолына түскендігін, мұның бәрі халықтың, соның ішінде Ақмола облысы тұрғындарының да  ауызбірлігі мен жасампаз еңбегінің арқасында қол жеткен жетістік екендігін атап өтті. Биылғыдай мерекелі жылы өңірде атқарылып жатқан игі істерге өз ризашылығын білдіріп, осы жолда жаңа табыстар тіледі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар