Қой өсірген Бөгенбай

Бүгінгі күні өзінің жеке шаруашылығын ашам деушілер саны артып келеді.

Солардың бірі – Қарашілік ауылының тұрғыны Бөгенбай Наурызов «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 2,5 миллион теңге несие алып, сексен қой сатып алды. Бөгенбай Бауыржанұлы үлкен отбасының кенжесі болғандықтан, ұлттық дәстүрді аттамай ауылда қалды. Ауылда жұмыс жоқ деп қарап отыруды жөн көрмеді. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір» деп ата-бабамыз айтқандай, қой өсіруге бел буды. Сөйтіп, мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алды. Әрине, мал бағу оңай шаруа емес. Бұл іс мал шаруашылығының қыр-сырын бала кезінен жете білетін Бөгенбайға қиын тиген жоқ. Оның үстіне көмекшілері көп болды.
– Өз ісіме толықтай беріліп, бұл бағытта бар ынта-жігерім мен мүмкіндігімді жұмсасам, мол табысқа қол жеткізетініме сенімдімін. Жемшөп дайындау кезінде құбылмалы ауа райына назар аударып, жаз айларының әр қолайлы күнін тиімді пайдалану керек. Өткен жылғы қыс айлары суық болды. Мал азығын жеткілікті дайындағанымыздың арқасында қыстан қысылмай шықтық. Маған ата-анам, шетте жүрген Сәкен, Шоқан, Әсемхан, Қызғалдақ, Мәншүк сияқты аға-апаларым мен жұбайым Айнұр көмектеседі. Олар жастайынан мал шаруашылығымен айналысып, тәжірибе жинақтаған жандар. Ақыл-кеңестерін айтудан жалыққан емес,–дейді жас кәсіпкер. Бөгенбайдың әкесі Бауыржан Рақымұлы кезінде кеңшардың темір тұлпарын тізгіндеп, ұзақ жылдар бойы механизатор болып жемісті еңбек етті. Кейін жеке шаруашылық құрып, жайқалтып егін өсірді, мол астық жинады. Бүгінгі таңда Кішітүкті орман шаруашылығының білікті маманы. Анасы Алма Қалманбайқызы қоғамдық жұмыспен қатар, үй шаруасын атқарып, төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Омырауында «Күміс алқа» медалі жарқырайды.
– Осы жолды таңдағаныма өкінбеймін. Қазір қойдың басын 150-ге дейін жеткіздім. Бүгінгі таңда қойдың терісі мен жүнінің аяқ асты болуына да жаным ашиды. Мемлекет өз ісін қолға алушыларға  қолдау көрсетуде. Осы мүмкіндікті ауылда жұмыссыз жүрген жастар пайдаланса, еңбегінің жемісін көрер еді,–дейді Бөгенбай. Біз де жас кәсіпкердің еңбекқорлығына сүйсініп, қадамының жемісті болуына тілектестігімізді білдіреміз.  
Қайрат ҚАЗИӘКПАРОВ.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар