Ортақ іске үлес қосамыз

Әрбір жыл өзіндік  маңызды тарихи оқиғаларымен есте қалып жатады. Биылғы жыл да айшықты сондай оқиғаларға толы. Ең бастысы, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы  барша қазақстандықтар үшін, әсіресе, қазақ халқымен ежелден бауырлас, дәмдес, сыйлас осы елдегі татар диаспорасы үшін барынша құнды.

«Көппен көрген ұлы той» дегендей, біздің ата-бабаларымыздың да кезінде барлық замана қиындығын жергілікті халықпен бірге өткергені, өндірістің әр саласында қоян-қолтық араласып еңбек еткені, қолда барын тең бөліскені анық. Еңбегімен елге танылған, халық шаруашылығын өркендетуге үн қосқан ардақты аға буын ардагерлеріміз Ерейментау өңірінде аз емес. Әке-шешеміздің аузынан естіген естелік-деректерді, дәуір оқиғаларын бүгінде өз ұрпағымызға жеткізуді, игілікті ісін үлгі-өнеге ретінде құлақтарына құйып отыруды төл парызымыз санаймыз. Осының бәрі атадан балаға дарыған отбасылық тәрбие нышаны.
Елбасының татулық пен достықты, толеранттылықты негізге алған бейбітшілік сүйгіш бағыты, ұлт пен ұлысты біріктіретін бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрғаны  көрегенділік пен биік парасаттың жемісі. Облыс орталығында Достық үйінің салынғаны, сөйтіп, әрбір ұлттың тілі мен мәдениетін, өнері мен салт-дәстүрін насихаттауға мән берілгені баршамыздың көңілімізге қуаныш, санамызға серпін ұялатады. Өткен жылы ауданда құрылған «Возрождение» татар мәдени ұйымының да осы игі істерге қосар үлесі бар. Ұйым мүшелері  Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінің әдет-ғұрып бөлмесіне жиналып, ортақ мәселелер жайында ақылдасып тұрады. Оның түпкі мәні – ұрпағымызды төл ана тілінде сөйлеуге бейімдеу, татар ақын-жазушыларының шығармаларымен сусындату, шаршы топта өнерімізді, мәдени дәстүрлерімізді ұлықтап, паш ету. Бұған жергілікті билік өкілдерінің де мүмкіндік беріп отырғанына көңіл толады.  Айталық, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде өз мәдениетіміз бен төл өнерімізді, ұлттық дәм мәзірімізді біз де көпшілікке паш еттік. Аудан әкімі Ермек Нұғымановтың осы іс-шараны арнайы келіп тамашалағаны, әрі жоғары бағалағаны мәртебемізді өсіре түсті. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бастамасымен Рухани келісім күні өткізілген шараға да ұйым атынан үн қосқанымызға қуаныштымыз. Тек қолға алынған  осы бастаманы жалғастыруға өз тарапымыздан әлі де  ауызбірлік, ынта-ықылас қажет деп білемін.
Тәуелсіз еліміздің өміріндегі әрбір айтулы күннің, әрбір  үлкенді-кішілі мәдени-танымдық шараның  біз үшін әрқашан маңызы зор. Сондықтан, алдағы уақытта осыған бар күш-жігерімізбен лайықты үлесімізді қоспақпыз.

Файруза БАХМАТОВА,
«Возрождение» татар мәдени
ұйымының төрайымы.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар