Темірхан Мұқышев жетекшілік ететін «Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәуелсіздіктің төл құрдасы. Еліміз егемендік алған алғашқы жылы «Красная заря» өндірістік кооперативі болған шаруашылық кейін «Бастау» ЖШС-і болып қайта құрылады.
Серіктестік бүгінгі таңдағы жетістіктеріне бірден қол жеткізе қойған жоқ. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен көптеген құрылымдар уақыт сынына төтеп бере алмай, бірінен соң бірі жабылып жатты. Целиноград ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, шаруашылықта мол тәжірибе жинақтаған Темірхан Қаппасұлына сенім артқан жерлестері оны 1991 жылы өз ауылдарына басшы етіп сайлайды. Ол болса, төрт түлік мал мен техниканы талан-таражға салдырмай, тығырықтан шығудың жолдарын іздестіріп, жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Уақыт өте келе жағдайлары түзеліп, кейбір техникаларын жаңартып, егістік алқаптарын кеңейтеді. Егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да өркендейді. Жаңа өндірістік және әлеуметтік нысандар салынып, тұрғын үйлер бой көтереді.
Серіктестік биылғы жылы 31500 гектар алқапқа дәнді дақылдар сепкен еді. Оның 17578 гектары бидай болса, 3110-ы арпа, 1110-ы сұлы, қалғандары күнбағыс, зығыр, жүгері сияқты дақылдар. Шаруашылық қажеттілігі үшін картоп пен көкөністер де отырғызылыпты.
Енді осының нәтижесін көрейік деп астықты алқапқа келгенімізде, егін орағының қызған шағы екен. Біз алқап басында жүрген серіктестік директорының орынбасары Рамазан Құснитдинов пен бас агроном Қайыргелді Ербалиннен науқанның барысын сұрап білдік. Шаруашылық диқандары күзгі дала жұмыстарына тыңғылықты әзірленген көрінеді. Машина-трактор паркі жаңадан 4 «Джон-Дир» комбайны, 5 себу кешені, 4 КамАЗ және 10 «Белорусь» тракторымен толығыпты. Одан басқа, Германиядан «Петкус» астық тазалайтын кешенін де сатып алған. Астықты дестеге жығуда Жанат Қалиев, Қадырбек Жатаев сынды диқандар үздіктер қатарынан көрінсе, оны бастырып, жинауда Юрий Бабенко, Жасқайрат Шойынбеков, Бауыржан Қозыбақовтар көш бастап келеді. Алқаптан қырманға, қырманнан элеваторға астық тасымалдауда Ермек Құлбаев, Қанат Көпішев, Владимир Болоштар еселі еңбек етуде. Қазіргі уақытта арпа мен сұлы толығымен жинап алынған. Арпаның шығымдылығы гектарына 22, сұлы 27 центнерден айналған. Бидай түсімі әзірше 18-20 центнер.
Орақ науқанын ойдағыдай өткізу үшін диқандарға барлық жағдай жасалған. Көшпелі жөндеу шеберханасы тәулік бойы жұмыс істейді. Дала қосында асхана, жұмысшылардың дем алатын орны, монша бар. Аспазшылар Ольга Гиндер, Нұргүл Елемесова, Әсия Пішеновалардың дайын-
даған дәмді тағамдары тіл үйіреді.
Механикаландырылған қырман басындағы жұмысшылар да қызу еңбек үстінде. Сағатына он тонна тұқым тазалайтын жаңа желі салынуда. Келесі жылға қажетті тұқым қоры құйып алынған. Шетелдік «Нейро» астық кептіргіші толық қуатында жұмыс істеп тұр. Қырман басында операторлар Әлімхан Құснитдинов, Сергей Олейников, Болат Нұрқанов, астық артушылар Серік Айнабеков, Владимир Зубковскийлер еселі еңбек етуде. Қырманның жай-күйімен танысқан соң жүгері орылып жатқан алқаптарға да бет алдық. Мұнда жүгерішілер гектарына 170 центнерден өнім алуда. Қырық жылдан астам еңбек өтілі бар, зейнеткерлікке шықса да қатардан қалмаған, Николай Громовтың, озат механизатор Василий Фрикельдердің ерен еңбектеріне еріксіз сүйсінесің. Әбдіғалым Сержанов пен Юрий Ситник орылған жүгеріні фермаға тасымалдауда іскерлік танытуда.
Асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесіне ие серіктестікте 2180 бас қазақтың ақ бас сиыры, 1780 бас абердин-ангус асыл тұқымды ірі қара малы, 6 мыңнан астам еділбай қойы және 1800 жылқы бағылып, күтілуде. Осы орайда, атап өтетін бір жай, «Бастау» ЖШС-ы еліміздің солтүстік өңірінде еділбай қойын өсірумен айналысатын жалғыз шаруашылық. Бас мал дәрігері Гайдар Қоспаевтың айтуынша, шаруашылық Алматыдағы Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының және Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық университеттің ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Селекциялық жұмыстар жүргізуге әр мал басына Үкіметтен 20 мың теңге көлемінде субсидия беріледі. Биыл осы қаржының көлемі 60 миллион теңгені құраған. Шаруашылықтан асыл тұқымды бұл малдарды Қостанай, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары сатып алады. Биыл бастаулықтар 15 тонна сиыр етін экспортқа шығарамыз деп отыр.
Бұл зор жетістікке бақташылар Сағит және Әбусағит Таутековтар, Александр Смолин, шопандар Жаңбырбай Самарбаев, Гайдар Сүлейменов, Ермұрат Сүлейменов, жылқышылар Аман және Кенжеболат Ғаббасов, тағы басқалары зор үлес қосуда. Шаруашылықтың елді мекенді көркейту, тұрғындарға тұрмыстық және әлеуметтік жағдай жасау тұрғысындағы қадамдары да көңіл сүйсінерліктей.
Міне, «Бастау» серіктестігіндегі біз көрген осындай игі істер тек қана көп болып жұмылған ерен еңбектің нәтижесі екені анық. Сол ақ адал маңдай термен мұнда шаруашылықтың да, қарапайым халықтың да жағдайы жақсы, еңсесі биік.
Жанат СӘБИТОВ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Атбасар ауданы.