Алимент төлемейтіндер жауапқа тартылды

Көкшетау қалалық прокуратурасының бастамасымен «Балаңды есіңе ал – алимент төле» акциясы өткізілді.

Акцияның  мақсаты – балаларына уақытында алимент төлемейтін безбүйрек әкелердің санасына қозғау салу. Сонымен қатар, алимент төлемеу мәселесіне қоғамның төзбеуін қалыптастырып, бауыр еті – балаларын қандай жағдайда болмасын,  қамқорлыққа алу керек екенін ұғындыру болып табылады.  Іс-шара барысында  Ақмола облыстық әділет департаментінің атқарушылық іс жүргізуді қамтамасыз ету бойынша басқарма басшысы Манар Байғожина  – «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасында алимент өндіру бойынша жеке сот орындаушылары институты дамып келе жатқанын, ал, мемлекеттік сот орындаушыларының орындауында шамамен  тоғыз мың өндіріс, оның ішінде Көкшетау қаласы бойынша  екі мың сегіз жүз  атқару ісі бар екенін атап өтті. Әрі сот орындаушыларының айтуы бойынша  борышкерлердің үштен бірі өздерінің нақты кірістерін, тұрғылықты жерлерін жасырып, үнемі алимент төлеуден жалтаратынын тілге тиек етті.  
Өз баласына алимент төлемейтін әкелерді Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669 бабына сәйкес Әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған.  Аталмыш акция барысында Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен алимент төлемегендері үшін Виталий Кузьмин, Константин Дубин, Данияр Айтмағамбетов, Манарбек Уәлиахметов, Ержан Әжібаев, Евгений Плакса, Марат Қайыркенов, Махмет Шамғұнов әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  Аталған борышкерлерге  Қазақстан Республикасының аумағынан шығуына уақытша шектеу қойылса, қалалық соттың ұйғаруымен  екі әке жүргізуші куәліктерінен айырылды.

Облыстық  әділет  департаментінің
баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар