Көрікті Бурабайы бар өлкені әлемге таныту – басты мақсатымыз

бұл үшін «экспо-2017» халықаралық көрмесінің мүмкіндіктері де кеңінен пайдаланылатын болады

 Дүниежүзілік туристік ұйымның бас ассамблеясының қарарына сәйкес 27 қыркүйек – Дүниежүзілік туризм күні болып белгіленген. Бұл шешім туризмді дамыту, оның экономикадағы үлесін жария ұстау, әртүрлі елдердің арасындағы байланысты дамыту мақсатында әлемдік қауымдастықпен қабылданды.

Бұл атаулы күн 20 жылдан бері жер бетінде кеңінен аталып өтілуде. Облыста демалыс индустриясы мен туризм экономиканың басымды саласының бірі болып саналады. Өңірдің туристік кластеріне туризм саласының 800-ден астам кәсіпорны кіреді. Оның ішінде 12 мың кереуеттік шипажайлық-курорттық және мейманханалық ұйымдар, жол бойындағы сервистің 420 субъектісі, туристік қызмет көрсетуге құқық беретін лицензиясы бар 68 туристік фирма жұмыс істейді. Мәдени-тарихи сегмент кластеріне 900 ескерткіш ұсынылған. Мемлекеттің қорғауындағы ірі ескерткіштер экскурсиялық бағдарламаларды қамтамасыз етуге пайданылады. Үш мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның табиғи мұра тізіміне енгізілген мемлекеттік Қорғалжын табиғат қорығы көптеген туристерді өңірге тартады. Туризмді дамытудың басымды бағыттарына экологиялық, мәдени танымдық, емдеу-сауықтыру, іскерлік, спорттық және тағы бағыттар жатады. Бүгінгі таңда барлық туризм түрлері облыстың дамуы үшін жұмыс істейді. Оны өңірдің туроператорлары жүзеге асырған 80 туристік бағыттан көруге болады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында туристерді орналастыру нысанының саны өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 6,1 пайызға өсті. 4843 нөмірлік жаңа нысандар өз жұмыстарын бастады. Жалпы, 56 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілді. Осылайша Ақкөл ауданында «Керей» мейманханасы, Астрахан ауданында «Тұлпар» демалыс аймағы, Аршалы ауданында «Отау-К» серіктестігінің демалыс орны, Бурабай ауданында жеке кәсіпкер
С. Қуатовтың қонақ үйі, Зеренді ауданында тау шаңғысы орталығы мейрамханасы мен мейманханасы, Сандықтау ауданында жеке кәсіпкер Б. Қанафиннің бес қонақ үйі туристерге үлгілі қызмет көрсете бастады.
Елбасының тапсырмасына орай, елімізде әлемдік деңгейдегі курорттар ашу және демалыс индустриясын дамытуға инвестиция тарту бойынша Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде (2012-2013 жылдары) экологиялық проблеманы шешуге, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды, курорттық аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 4,7 миллиард теңге бөлініп, игерілді. Аталмыш жоспардың екінші кезеңінде (2014-2016 жылдары) 6,1 миллиард теңге игерілді. Жолдар қалпына келтірілді. Бурабай кентіндегі кәріздік тазалағыш нысанының құрылысымен жалғасты. Курорттық аймақтың кентішілік жолдары жөнделді. Аудан аумағындағы қала құрылысын жоспарлаудың кешенді жобасы мен Щучинск қаласының детальдық жоспарлау жобасы түзілді.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігіне 2017-2019 жылдары Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту жоспарының жобасы ұсынылды. Курортты аймақты дамыту бойынша мемлекет пен облыстық әкімдік қолға алған нақты шаралардың бірі – барлық инженерлік коммуникациясы мен транспорттық логистикасы бар алаң дайындау болып табылады. Келешекте алаңға туристік инфрақұрылымның нысандары салынады. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында халықаралық деңгейдегі туристік орталық құруға бағытталған. Жыл сайын курорттық аймақта туристік инфрақұрылымның жаңа нысандары пайдалануға беріледі. Олардың арасында «Park Hause Kokshetau» отелі, «TERRASSA PARK» панто емдеу орталығы, «Avrora Garden» отбасылық демалыс орталығы, «Аңсат» қонақ үйі кешені қызмет көрсетуде. Курорттық аймақта 2017 жылдың соңына дейін дем алушыларды орналастыру үшін қосымша 900 керуерттік орынды іске қосу жоспарланған. Курорттық өңірдің сыйымдылығын кеңейту жазғы маусымда 500 мыңға жуық туристі қабылдауға мүмкіндік береді.
Шаңғымен секіру кешені мен биатлон алаңы бар республикалық шаңғы базасының құрылысы аяқталуға жақын. Нысан жоғары класты спорт шеберлері мен көрермен ретінде көптеген туристерді тартатын, әлемдік деңгейдегі халықаралық жарыстар өткізетін орталыққа айналады. Қазіргі заманғы гольф-клубтың құрылысы да аяқталуға таяу. Ресейлік компаниямен бірге экстремалды демалысты сүйетіндер үшін жаңа ойын-сауық кешені пайдалануға берілді. Бұл Қазақстанда жыл бойы жұмыс істейтін алғашқы вейк-парк. Щучье көлінің жағалауында «Burabaу Marine Club» яхт-клубы ашылды. Неміс және фин компанияларымен бірге қыс және жаз айларында курортты аймақта дем алушыларға қызмет көрсету үшін жеке гриль-үйлер, «Ялотака» компаниясының биодәретханаларының жобалары жүзеге асырылуда.
Дем алушыларға электромобилдер, шағын электр поездары, велосипедтар және желкенді қайықтар тәрізді экологиялық таза көлік түрлері мен экскуррсиялық бағдарламалар ұсынылады. Бурабайда алғаш рет «Атамекен» этноауылы түріндегі этнографиялық орталық ашылды. Мұнда туристер көшпенділердің мәдениетімен және қазақ халқының өткен тарихымен таныса алады. «Туризм. Сауықтыру. Саяхат» өңірлік туристік жәрмеңке, «Фламинго», ұлттық дастархан, бүркітші, желкенді қайық тәрізді өзге де туристік шараларды өткізу дәстүрге айналды. Ойын-сауық кешендерін ашу және көрсетілетін қызмет аясын кеңейту жөніндегі жобалардың бәрі туристерді курорттық аймаққа тартудың жаңа әдісі болып табылады. Өңіраралық әріптестік жөніндегі меморандумдарды жүзеге асыру шеңберінде және облыстың туристік әлеуетін дамыту мақсатында барлық мүмкіндік демалыс индустриясы саласына бағытталады. Облыстағы туризм халықаралық және республикалық жәрмеңкелер мен көрмелерде кеңінен ұсынылады. Тек соңғы екі жылда облыстық туризм басқармасы турбизнестің алдыңғы қатарлы субъектілерімен бірге Ақтөбе, Алматы, Павлодар, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстарында өткен туристік жәрмеңкелерге қатысып, «Үздік көрме экспозициясы», «Үздік ақпараттық-жарнамалық пакет» және өзге де аталымдар бойынша жоғары дәрежелі дипломдармен марапатталды.
Щучинск-Бурабай курорттық аймағының антропогендік ауыртпашылығы есепке алынып, жоғары туристік әлеуеті бар өзге аумақтар игерілуде. Бұл аумақтарға туристік қызметті дамыту үшін зор мүмкіндігі бар Ақкөл, Бұланды, Қорғалжын, Сандықтау, Зеренді және Ерейментау аудандары кіреді. Өңір экономикасы үшін туристік саланың мықты резервтері ретінде жыл бойы жұмыс істейтін курорттық саланы қамтамасыз ету мәселесіне назар аударылуда. Бұл мақсатта Бурабай мен Сандықтау аудандарындағы шаңғы роллерлік базаны жақсартудамыз. Көкшетау қаласында қысқы демалыс базасы пайдалануға берілді. Зеренді ауданындағы «Елікті паркі» тау шаңғысы базасы қалпына келтірілді. Сондай-ақ, Астана-Бурабай автомагистралі бойында сервистік инфрақұрылымды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы бағытта Шортанды, Ақкөл, Бұланды, Бурабай аудандық әкімдіктері халықаралық стандартқа сәйкес жол бойындағы сервис нысандарын ашуды қарастыруда.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандырылған көрмесінің өтуі кезінде Щучинск-Бурабай курорттық аймағы қонақтарды қарсы алудың маңызды нысанына айналады. Осыған байланысты қонақтар мен
ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушыларды қабылдап, қызмет көрсету үшін жаңа туристік бағыттар мен экскурсиялық бағдарламаны жасау жұмыстары жүргізілуде. Облыстың туроператорлары облыстың үздік 30 туристік бағытын қамтитын 7 туристік пакет жасады. Сөйтіп, туристер тек қана астананың көрікті жерлерімен және көрме кешенімен танысып қоймай, Щучинск-Бурабай курортты аймағы мен Қорғалжын қорық аймағының барлық мәдени, тарихи және табиғи нысандарында болады. Бурабай курортына келушілеріне Астана мен Алматы қалаларының алдыңғы қатарлы туроператорларының турпакеті қарастырылған. Үш тілде экскурсия жүргізетін облыстың озық экскурсия жүргізушілері іріктеліп алынды. «Круиз»туристік фирмасы туристерге облыс пен Астанада қызмет көрсететін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің бірінші сертификатының иесі атанды. Шетел тілін білетін гидтар мен экскурсия жүргізушілерін жедел даярлау бойынша жұмыс жүргізілуде.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен Щучинск қаласындағы педагогикалық колледждің базасында ағылшын тілін білетін 39 гид пен экскурсия жүргізушілері білімін жетілдірді. Бүгінгі таңда Щучинск-Бурабай курортты аймағында жүзге жуық нысан туристерге қызмет көрсете алады.
ЭКСПО-ны өткізу кезі Бурабайдың жазғы маусымымен қатар келетінін атап өткен жөн. Сондықтан, қонақтарды күтіп алып, қызмет көрсету үшін өзге өңірлерден нысан дайындау дұрыс деп есептейміз. Туристік әлеуетті алға жылжыту, халықаралық көрмеге туристер тарту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Биылғы жылы Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары, Ресей Федерациясының туроператорлары үшін Щучинск-Бурабай курортты аймағы бойынша 3 ауқымды ақпараттық-жарнамалық тур өткізілді. Бұл тек қана ішкі емес, көшпелі туризмді дамытуға мүмкіндік береді.Бүгінгі кәсіби мерекемізді пайдаланып, облыстағы туристік индустрия саласының еңбеккерлерін Дүниежүзілік туризм күнімен құттықтаймын және отбастарына амандық, еңбектеріне жеміс тілеймін.

Шынарбек БАТЫРХАНОВ,
облыстық туризм басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар