Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Барлық жағынан үлгі болуы тиіс - АРҚА АЖАРЫ

Барлық жағынан үлгі болуы тиіс

Биыл біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отырмыз. Тәуелсіздік – еліміздің жаңа тарихындағы баға жеткізгісіз табысымыз.

 

Қазақстан өз дүниетанымын, дербес дәстүрлерін, өзінің болашағы зор республика екенін осыдан жиырма бес жыл бұрын алғаш бүкіл әлемге  мәлімдеген болатын. Ең бастысы, осы жылдарда біздің еліміз егемендік пен тәуелсіздікке ғана қол жеткізіп қоймай, үлкен белестерді де бағындыра білді. Айқын, жетілдірілген, кезең-кезеңге жоспарланған бірқатар экономикалық және әлеуметтік бағдарламалар елімізге қазіргі межеге қол жеткізуге толық мүмкіндік берді. Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтің жаңа моделі қалыптасқан, ол құқықтық актілер мен заңнамалық негізі бар кәсіби әкімшілік аппаратының жетілдірілген жүйесі болып табылады және ең алдымен, мемлекет қойған міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыру талабына сай дамуда. Сондықтан, мемлекеттік қызмет саласындағы отандастарымыздың өз міндеттерін адал атқаруы осы талап тұрғысынан барып туындайтынын әрқайсымыз жақсы түсінуіміз керек. Мемлекеттік бағдарламалардың жол басшысы ретінде әр мемлекеттік қызметші өзіне сеніп тапсырылған істі абыроймен орындауға, мекемедегі күнделікті жұмыс кестесін мүлтіксіз сақтауынан бастап қоғамдағы, жұмыс орнындағы  мінез-құлығына дейін тиісті тәртіпті қатаң ескертуге машықтануы  тиіс. Мұның бәрі халықтың сенім деңгейінің көрсеткіші және қоғам тарапынан басқару қызметі тиімділігінің баға өлшемі болып табылады.
«Қазақстан-2050» даму Стратегиясында ұзақ мерзімді басымдықтарының бірі  кәсіби мемлекеттік қызметтің құрылуы болып табылады. Ал, бұл  көбіне мемлекеттік қызметшінің кәсіпқойлығына негізделеді. Қазақстан Республикасының Президенті елімізді тиімді басқару үшін мемлекеттік қызметшінің негізгі қасиеттерін белгілеп берді. Бұл – жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, оны дұрыс қолдана білу, адалдық, әділеттілік, белсенді өмірлік ұстаным. Мемлекеттік қызметтегі әр адам өз жұмысының маңыздылығын барынша сезініп, әрқашан  еліміздің патриоты болуы тиіс. 2016 жылдың 1 қаңтарында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі қолданысқа енгізілді, кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің бейәдеп мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға, адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға тиіс. Оған қоса, мемлекеттік қызметшілер қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өздерінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға, өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, өзін сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды өз тарапынан орын алған кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсартуға пайдалануға тиіс. Басшылар қарамағындағы қызметшілермен қарым-қатынас кезінде өзінің мінез-құлқымен бейтараптықтың, әділдіктің, риясыздықтың, жеке тұлғаның ар-намысы мен абыройына құрметпен қараудың үлгісі болып, меритократия қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мәселелерін шешу кезінде туыстық, жерлестік және жеке басына берілгендік белгілері бойынша артықшылық көрсетпеулері керек.
Ар-намыс кодексімен салыстырғанда, жаңа құжатта мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақыттағы көпшілік алдында, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеуге байланысты мінез-құлық стандарттары кеңірек айқындалған. Бұл үшін кодексте жеке тарау көзделген. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеу керек. Сонымен бірге, жаңа Әдеп кодексі мінез-құлық стандарттарын мемлекеттік қызметшілердің ахуалдық мән-жайларымен кеңейтіп, мүдделер қақтығысы туындаған кезде осы мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқын да нақтылап, бір жүйеге келтіреді.
Демек, бұл мінез-құлық стандарттары мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттырып, олардың өзіндік ұстанымын жаңа сапалы деңгейге көтереді деген сөз. Орталық атқару органдарында, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарда, Астана, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің аппараттарында Әдеп жөніндегі уәкіл қызметі енгізіледі. Мұндай институтты енгізу кезінде Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Венгрия және Нидерланд Корольдігінің озық тәжірибесі зерттелген.
Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі міндеті – әдептілік норма бұзушылықтарының алдын алу, мемлекеттік органның қызметшілеріне сыбайлас жемқорлық пен қызметтік әдеп мәселелері жөнінде кеңес беру, қызметшінің мүдделер қақтығысы туындау мүмкіндігі туралы мемлекеттік органның басшылығын ескерту. Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары ұжымдағы  құрметке ие болған, сыйлы  мемлекеттік қызметшіге жүктеледі.
Бүгінгі таңда егеменді Қазақстан үшін мемлекеттік аппараттың ел халқының қажеттілігіне сай болу қабілеті өте өзекті болып табылады. Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру мәселесі азаматтық қоғамның дамуы мен мемлекетті нығайту, мемлекеттік органдар және мемлекеттік қызметшілер қызметінің жариялылығын қамтамасыз ету, халық арасында мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыру мүдделеріне сай  болуы тиіс. Осыған орай, мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексі және әдеп жөніндегі уәкілдер туралы Ереже мемлекеттік биліктің беделі нығаюына, азаматтардың мемлекет институттарына сенімі ұлғаюына жәрдемдесіп, барлық мемлекеттік құрылымдардың тиімді іс-әрекеті үшін бірыңғай өнегелік-құқықтық негізді қамтамасыз етеді.

Дархан ХАЙРУЛЛИН,
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар