Кеше облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті аппарат кеңесінде күзгі орақ жұмыстарын аяқтау және тұрғын үйлерге жылу беру мәселелері қаралды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кеңесті облыс әкімі ашып, жүргізіп отырды. Онда алдымен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпанның баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысының айтуына қарағанда, облыс бойынша күзгі жиын-терім жұмыстары аяқталуға жақын көрінеді. Қазіргі кезде, облыстағы барлық егістік алқаптың 3,8 миллион гектары немесе 88,5 пайызының астығы жиналды. Гектар түсімі орташа 13 центнерден айналуда.
Қазіргі кезде науқан ойдағыдай жүргізілуде. Алдағы күндері ауа райы жайлы болса, қазан айының алғашқы күндері бұл жұмыстарды толық аяқтауға негіз бар. Жалпы, облыс бойынша 5,7 миллион тонна көлемінде астық алу көзделген, – деп атап өтті Мұрат Балпан.
Сонымен қатар, кеңесте жылу беру маусымы да сөз болды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Виктор Радченконың сөзіне қарағанда, бұл күндері қаладағы барлық әлеуметтік нысандар біртіндеп жылуға қосылуда, ал, 1 қазаннан бастап, оған тұрғын үйлерді де қосу жоспарланған. Кеңесті қорытындылаған облыс басшысы барлық құзырлы органдарға егін орағын уақытында әрі сапалы аяқтау қажеттігін айта келе, облыс аумағындағы барлық тұрғын үйлерге белгіленген мерзімінде жылу беруді тапсырды. Оған қоса, әр апта сайын облыс орталығында азық-түлік жәрмеңкесін өткізіп тұру жөнінде міндет қойды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.