Жауапты науқан мәреге жақын

Биылғы жылы облыс диқандарының алдында 4 миллион 328 мың гектар алқаптың астығын шашпай-төкпей жинап алу міндеті тұр. Осы орайда, тілшіміз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Таласбаевқа жолығып, орақ жұмысының қазіргі жай-жапсары жөнінде әңгімелескен болатын.

– Димаш Аманжолұлы, биыл жаз айларында жауын-шашын жылдағыдан артық жауып, диқан қауымын алаңдатқанын жақсы білеміз. Тамыз, қыркүйектегі ашық күндердің арқасында егін орағы қызу жүргізіліп, өз мәресіне жақындай түсуде. Ендеше, биылғы астықтың шығымы және осы бір қауырт күндер жөнінде айтсаңыз?
– Иә, жауын маусым мен шілде айларында көп жауды. Егін бітік шықпай, диқандардың еңбегі еш бола ма деп те күдіктенгеніміз рас. Дегенмен, өткен айдағы ыстық күндер астықтың пісуіне ықпал етті. Бүгінгі таңда 3 миллион 832 мың 600 гектар алқаптың астығы орылды. Бұл барлық астық алқабының 88,5 пайызы. Сондай-ақ, 4 миллион 982 мың 400 тонна астық бастырылды. Гектарынан орташа есеппен 13 центнерден өнім алынуда. Жалпы, облыс бойынша 5,5 миллион тонна астық жинап алуға тиіспіз.
–  Орақтың жанар-жағар май сияқты басқа да жабдықталу мәселелері қалай шешіліп жатыр?
– Мемлекет ауыл шаруашылығына үнемі назар аударуда. Биылғы жылы да орақ жұмысына 75 мың тонна арзандатылған бағамен дизель отынын бөлді. Жанар-жағар май аудандарға толығымен таратылды. Бұл бағытта 13 оператор таңдап алдық. Дизель отыны жөнінде мәселе туындамайды.
– Астықты тез арада жинап алу мамандардың біліктілігіне, ауыл шаруашылығы техникасының саны мен сапасына байланысты екені белгілі. Осы жөнінде не дер едіңіз?
– Ораққа 9 мыңға жуық астық жинайтын комбайн, 5 мыңға жуық жүк көлігі, 7,5 мың трактор тіркемесі тартылған. Биыл 250 жаңа комбайн сатып алынды. Барлық аудандардың диқандары ашық күнді тиімді пайдаланып, астықты қысқа мерзімде жинап алуға тырысуда. Бұл бағытта диқандарға барлық жағдай жасалған.
– Астықтан қандай аудандар мол өнім алуда?
– Топырағы құнарлы Зеренді ауданының диқандары гектарына 14,8 центнерден, Сандықтау ауданы гектарына 14,5 центнерден, Бурабай ауданы гектарына 14 центнерден өнім алуда. Қазіргі заманғы технологияны кеңінен қолданатын Жақсы ауданындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының гектарынан 13,5 центнерден өнім алуы ірі жетістік. Өйткені, бұл жақтағы егіс алқаптары әдетте ылғалға зәру болып келеді.
– Егіс алқаптарының көлемі үлкен өзге аудандарда жұмыс қалай жүргізілуде?
– Есіл ауданының диқандары барлық егіннің 98,4 пайызын жинап үлгерді. Бұл өңірден Жарқайың (87,8 пайыз) және Жақсы (82,6 пайыз) аудандары да қалысар емес. Егіс алқабының көлемі аздау Ерейментау ауданы астықтың 91,2 пайызын жинады. Бұл көрсеткіш Ақкөл ауданында 98,6 пайызды, Бурабай ауданында 91,8 пайызды құрады. Егер ауа райы мүмкіндік берсе, орақ жұмысын бір аптаның ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз.
– Биылғы астықтың сапасы қандай және оны сақтауға толық мүмкіндік бар ма?
– Облыста лицензияланған 62 астық қабылдау кәсіпорны бар. Оның сыйымдылығы 4,1 миллион тоннаны құрайды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы қоймаларға 2 миллион тонна астық сыяды. Жалпы, облыста 6 миллион тонна астық сақтауға мүмкіндік бар.  Бүгінгі таңда астық қабылдау кәсіпорындары 1 миллион 400 мың тоннадан астам астық қабылдады. Астықтың 80 пайызы 3 класқа жатады. Қамырлығы 23-24 пайызды құрайды. Астық қабылдауда проблема жоқ. Ауыл шаруашылығы құрылымдары элеваторлармен астықты сақтауға келісім-шарт жасасқан. «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Ұлттық компания-
сы» акционерлік қоғамы арқылы алған несиелерді де қайтара бастадық.
23 шілдеден бастап электрондық астық қолхаты қолданысқа енгізілуде. Осының арқасында астық тапсырушылардың жұмысы біршама жеңілдеді. Енді элеваторға жиі барудың қажеті жоқ. Егіс алқабы басында тұрып-ақ ұялы телефон арқылы сапасын біліп, қол қоюға болады.
– Облыста картоп пен көкөніс жинау, жер өңдеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?
– Биыл 18 мың гектар алқаптың картобы жиналуда. Бүгінгі таңда бұл жұмыстың 80 пайызы атқарылды. Гектар түсімі орта есеппен 140 центнерден айналуда. Сондай-ақ, 4 мың 300 гектар көкөніс алқабының 3,4 мың гектарының өнімі жиналды. Бұл – жұмыстың 81 пайызы атқарылды деген сөз. Орақ жұмыстарымен қатар, егіс алқабын өңдеу жұмыстары да ұштастырыла жүргізіліп, 504 мың гектар жер жыртылды.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген
Рамазан ТІЛЕУОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар