Мажарлар ықыласы ерекше

Келесі жылы Астанада өтетін халықаралық көрмеге келуге тілек білдірген елдер қатары өте көп екендігі белгілі.

Бүгінгі таңда осы елдердің басым көпшілігі өз өнімдерін көрсетуге арналған павильондарды қарап, олардың  дайындығымен егжей-тегжейлі таныса бастады. Осы мақсатта қатысушы елдер өкілдері қазірдің өзінде өз мемлекеттерінің қабілеттілігін көрсетуде қандай мәселелерге баса назар аударатындықтарын да анықтап алған.
Жуырда «ЭКСПО-2017»  Ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Қазақстан Республикасының Венгриядағы Құрметті Консулы Ласло Хорват пен Венгрияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Андраш Баранимен кездесті. Кездесу барысында тараптар көрмеге дайындық, онда келушілер назарына ұсынылатын технологиялық жетістіктер, басқа да халықаралық аренада сұранысқа ие болуға тиіс мәселелер жайында әңгіме қозғады.
Ахметжан Смағұлұлы қонақтарды көрмеге дайындық барысымен таныстыра отырып, енді бір шамалы уақыттан соң әрбір елдің өздеріне тиісті павильондарға қажетті қондырғыларын орналастыруға болатындығына баса назар аударды.
Ал, венгриялық қонақтар өз кезегінде келесі жылы өтетін көрмеге заманауи электрокөліктер үлгілерін, сондай-ақ, өсімдік шаруашылығына қатысты  және басқа да жобалар ұсынатындықтарын жеткізді.
Жалпы, әлемнің жүзден астам мемлекеті мен ондаған халықаралық ұйымдары қатысуға тиіс бұл көрме  тәжірибе алмасуға, өзгелерден үйреніп, өзіміздің де жетістіктерімізді паш етуге мол мүмкіндік береді деп күтілуде. Сондай-ақ, озық технологияларды пайдалану мәселесінде алдыңғы саптан көрініп жүрген елдер қатарында «көзге қораш» болып қалмауды да мықтап ойланған дұрыс. Ал, ең бастысы,
ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу Қазақстан үшін әлемдегі экономикасы қарқынды дамыған 30 елдің қатарынан лайықты орнын алуға ықпал етсе дейміз. Сонда ғана халықаралық көрме өткізуден пайда таптық деуге болады.
     Талғат ҚАСЕН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар