Жылы сөздің өзі көмек

Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады.

Қабылдауға алғашқылардың бірі болып келген Зеренді ауданына қарасты Садовое селосының тұрғыны Наталья Карпова алты жасар ұлы Кириллге қажетті «Актемра» препаратын сатып алуға көмек көрсетулерін сұрады. Кирилл бала жасынан мүгедек, қол-аяғының буындары дұрыс ұстамайды. Сондықтан да, ол жүйелі түрде ем қабылдап, қымбат дәрілерді үзбестен ішіп отыруы қажет. Ондай дәрілерді үнемі сатып алуға отбасының жағдайы келмейді. Қаражаттың жетіспеушілігінен дәрі-дәрмектерін уақытында ала алмағандықтан, баланың денсаулығы да нашарлай бастаған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сергей Киласьевтің айтуы бойынша, «Актемра» препараты тегін берілетін дәрі-дәрмектердің тізімінде жоқ. Оны сатып алу үшін қосымша қаражат көздерін қарастыру қажет. Нұрлан Жаңбыршыұлы мүгедек балалардың мәселесі өңір басшысы Сергей Кулагиннің ұдайы назарында екендігін айта келіп, Кириллге қажетті препаратты сатып алу үшін міндетті түрде көмек көрсетілетінін айтты.
Қоғамдық қабылдауда болған Айнаш Сағындықова туғанынан сал ауруына шалдыққан ұлы Әлиасқар жайлы айтып берді. Ол отбасындағы төртінші бала екен. Ауыр дертке ұшыраған баласын ата-анасы Астана қаласындағы емдеу мекемелерінде емдеткен. Тіпті екі мәрте Ресейдің Челябинск қаласындағы «Сакура» медициналық оңалту орталығына да апарған. Үстіміздегі жылдың маусым айында апарған кезінде ресейлік дәрігерлер Әлиасқардың екі құлағының естімейтіндігін анықтапты. Сондықтан да, құны бес жүз мың теңге тұратын есту аппаратын сатып алу қажет екен. Оған көпбалалы отбасының қаражаты жетпейді. Айнаш Сәлімжанқызы аталмыш аппаратты сатып алу үшін жәрдемдесуді өтінді. Жуырда үшінші ұлдарын дүниеге әкелген Дина Жәкенова да тұңғышы Ералыны жан-жақты емдеу үшін қаржылай көмек көрсетулерін сұрады. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Айнаш пен Динаға да мемлекет тарапынан көмек көрсетілетініне уәде беріп, бұл мәселені өзінің жеке қадағалауда ұстайтынын айтты.   

Жанат КӨШЕЙ.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар