Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы XIII форумы аясында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде екіжақты ынтымақтастықтың дамуының басты бағыттарын талқылады. Бұдан бөлек, әлемдік және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті жайттар қарастырылды.
Қазақстан Президенті Ресейдегі жуырдағы сайлаудың табысты өтуі елде жүргізіліп жатқан тиімді жұмыстардың нәтижесі екенін айтты.
– Сочиде өткен форумда қол жеткізілген келісімдерді орындау үшін елдеріміздің үкіметтері жемісті жұмыс жүргізді. Бүгінгі форумда екі елдің 900 бизнесмені кездесетін болады. Сондай-ақ, Қазақстан мен Ресейдің көршілес өңірлерінің басшылары келіссөз жүргізіп, нәтижесінде қазірдің өзінде нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Мұның бәрі екіжақты қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін дәлелдейді, – деді Мемлекет басшысы.
В.Путин көрсетілген қонақжайлық үшін ризашылық білдіріп, Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік пен одақтастыққа негізделгенін атап өтті.
– Біз барлық бағыт бойынша өзара іс-қимыл жасаймыз. Сіздің бастамаңызбен өткізіліп отырған өңіраралық форумға Қазақстанмен бірлесіп тығыз жұмыс жүргізетін Ресейдің 400 бизнесмені қатысады. Бүгінгі форумның тақырыбы өңірдің көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту үшін маңызды әрі пайдалы болмақ, – деді Ресей көшбасшысы.

Елбасы Қазақстан-Ресей бизнес-форумына қатысты.

Қазақстан мен Ресей мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік сектор мен іскерлік ортаның 1300-ден астам өкілі қатысқан форум барысында инвестиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылды.
Қазақстан Президенті өз сөзінде Ресей Федерациясы еліміздің стратегиялық одақтасы және маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып саналатынын атап өтті. Осы орайда, Мемлекет басшысы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға серпін беру қажеттігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы жандандыру саласындағы, соның ішінде салық режімін ырықтандыру, ауқымды жекешелендіру ісінің келесі кезеңін жүзеге асыру және Астана мен Алматыда инновациялық екі кластер құру бағытында мемлекет қабылдап отырған шаралар туралы айтып өтті. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы алдағы уақытта «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылып, «ЭКСПО-2017: Болашақтың энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетінін еске салды. Соңында Қазақстан Президенті талқыланып жатқан бастамалардың тиімді іске асырылатынына сенім білдіріп, қатысушыларға табыс тіледі.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы ХІІІ форумының пленарлық отырысына қатысты.

Еуразия кеңістігінің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға арналған іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдары мен іскерлік орта өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Мемлекет басшысы осындай форматтағы жыл сайынғы кездесулердің екіжақты қарым-қатынасты дамытуда зор маңызы бар екендігін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақтың бүгінгі таңда Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың негізгі буыны болып отырғанын айтты.
Қазақстан Президенті еліміз жүзеге асырған, халықаралық көлік дәліздерінің конфигурациясын оңтайландыруға мүмкіндік берген ірі инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды.
Мемлекет басшысы форум барысында талқыланған мәселелерді ескере келіп, екі ел үкіметіне көлік-логистика жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимылды үйлестіру жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырма беруді ұсынды.
Нұрсұлтан Назарбаев біріккен көлік-логистика компаниясының қызмет аясын кеңейту қажеттігін айтып,
Еуразия даму банкі жұмысының аспектілеріне де тоқталып өтті.
Соңында Мемлекет басшысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық барысында Ресейдің бірқатар өңірімен меморандумдарға қол қою жоспарланып отырғанын еске салды.
В.Путин құттықтау сөзінде Ресейдің Қазақстанмен көп жоспарлы сауда және инвестициялық қарым-қатынасын дамытуға басты назар аударатынын айтып өтті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей тарапының «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жұмысына белсене қатысатынын және оның бағдарламасындағы 100-ден астам іс-шараны бірге ұйымдастыруға дайын екенін жеткізді.
Форум барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Инвес-
тициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев, Ресей Федерациясының көлік министрі М.Соколов, Челябі облысының губернаторы Б.Дубровский және Астрахань облысының губернаторы А.Жилкин сөз сөйледі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар