107 жасқа толған әжейді құттықтады

Аудан әкімі Азамат Тайжанов Аршалы кентінде тұратын еңбек ардагері Пелагея Антипованың үйіне 107 жасқа толған  туған күнімен құттықтай келді.

Ғасырды артқа тастаған кейуана Ресейдің Алтай өлкесіндегі Сыропятова селосында дүниеге келген екен. Балалық шағынан қиындық көрген. Қазан төңкерісі, азамат соғысы жылдарында ата-анасына көмектесіп, өзінен кейінгі 11 іні-қарындастарына қамқор болған.
– Жастайымнан ерте есейіп, еңбекке араласуымның себебі осы. Тұрмысқа ерте шықтым, төрт баланы дүниеге әкелдім, – деп еске алады кейуана.
Жылдар өте келе, кейіпкеріміздің жағдайы түзеліп, балалары ер жетіп ертеңгі күнге деген сенім пайда бола бастаған кезде, 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, жұбайы Ефим Антипов әскер қатарына шақырылады. Қайсар әйел қайтадан иыққа тұрмыстың ауыр қамытын ілуге мәжбүр болады. Ұжым тірлігіне белсене кіріскен қайратты әйел тракторшылардың курсын оқып, жұмысқа араласады. Екі бірдей ұлын соғыс жалмаған Пелагеяның күйеуі әйтеуір, майданнан еліне аман-есен оралыпты.
Алайда, соғыстан кейінгі жылдар да оңайға соқпаған. Кейін 1949 жылы Пелагея Ивановна отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударады. Алдымен балабақшаға күтуші болып жұмысқа кірген әйел кейін ауыл кеңсесінде, одан соң жергілікті фельдшерлік пунктте еден жуушы болып жұмыс істейді. Жұбайы қайтыс болғаннан кейін балаларымен бірге Аршалы кентіне тұрақтаған. Қазір бес немере, тоғыз шөбере және бес немене сүйіп отырған ардақты әже. Алғыс хаты, бір шоқ гүлі мен сыйлықтарын арқалап келген аудан әкімі Азамат Тайжанов қарияның өмірі мен еңбек жолы келешек жастар үшін үлгі-өнеге екенін атап өтті.
– Біз сізді әрқашан құрмет тұтамыз. Сіздің өнегелі ұзақ өміріңіз,  төзімділігіңіз бен мақсаткерлігіңіз ұрпаққа үлгі болмақ. Сіздің бай өмірлік тәжірибеңіз өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге игі ықпал ететін болады, – деген аудан әкімінің құттықтау сөзіне қария да бір жасап, көңілі жадырап қалды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар