Әскери қызмет – жастардың абыройлы міндеті

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Достар» мәдениет сарайында «Әскерге шақырушылар күніне» арналған патриоттық акция болып өтті. Аталмыш шараға әскерге шақырылған жастардың ата-аналары, еңбек ардагерлері, жауынгер-интернационалистер, әскери-патриоттық клубтардың мүшелері, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Бірінші болып құттықтау сөз сөйлеген Көкшетау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Шамрат Сәдуақасов Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында қызмет ету әрбір азаматтың абыройлы міндеті екендігін айта келе, бұл әскери қызметшілерге халық тарапынан көрсетіліп отырған жоғары сенімі екендігін атап өтті. Биылғы жылдың қазан-желтоқсан айларында Көкшетау қаласынан екі жүзден астам жас әскери борыштарын өтеуге аттанбақ. Олар еліміздің әр өңірінде Отан алдындағы борыштарын өтейтін болады.
Одан кейін сөз сөйлеген облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Жанат Ережепов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының төрағасы Дуанбай Ыбырай, «Ақмола облысының Чернобыль ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Николай Юдиндер мемлекет тарапынан еліміздің қарулы күштеріне көп қолдау көрсетіліп, оның қатарында қызмет ету үшін барлық жағдай жасалып отырғандығын тілге тиек етіп, болашақ сарбаздарға ұлан- байтақ жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қасық қандары қалғанша қорғаған ата-бабаларымыздың ерлік жолын жалғастыру қажеттігін айтты.
Әскерге шақырушылар атынан сөз сөйлеген Науан Рамазанов аға ұрпақ өкілдерінің ерлік істерін абыроймен жалғастырып, еліміздің тыныштығын қырағы қорғауға уәде етті.
Шара барысында болашақ жауынгерлерге шағын сыйлықтар табысталып, әсем әндер тарту етілді.

Жанат СӘБИТОВ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар