Тұтынушыларға біздің өнімімізді сатып алу тиімді

Күннен-күнге сәні мен салтанаты асқақтап, қанатын кең жайып келе жатқан еліміздің бас қаласы – Астананың тұрғындары да жылдан-жылға көбейіп келеді. Елорданың экономикалық және әлеуметтік әлеуетін жақсартумен бірге, саны еселенген тұрғындарын сапалы да құнарлы азық-түлікпен қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл ретте Ақмола облысының ауыл еңбеккерлеріне жүктелетін міндет жүгі үлкен.

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына келген бір сапарында өңір шаруаларын елорданы отандық өніммен қамтамасыз етуге шақырған болатын.
– Мемлекет шаруаларға орасан зор көмек көрсетіп отыр. Облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілген субсидия мөлшері жыл өткен сайын бірнеше есеге арта түсуде. Осыны ескере отырып, мен сіздерге елорданы өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету міндетін жүктеймін. Астана – сіздерге тиіп тұрған жалғыз тұтынушы қала, – деп атап өткен болатын.
Президент алға қойып отырған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы негізі тапсырмаларды орындау Жолдаудағы стратегиялық мақсатты, яғни, тұрғындардың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Расында да, қазір елімізде кәсіп ашып, табыс тапқысы келетіндерге жол ашық. Әсіресе, шағын және орта бизнесін дөңгелетіп әкетемін деушілерге Үкімет тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылған. Мұны қазақ елінде отандық кәсіпкерлерге жасалынып отырған Президенттің зор көмегі деп білемін. Осындай зор көмектің арқасында бүгінгі күні Қазақстанда «Агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту-2020», «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», баламалы «жасыл» энергетикалық технологияларды пайдаланудың «жасыл экономика» стратегиясы сияқты жаһандық бағдарламалар қолға алынуда. Бұл бағдарламалар Родина селосында да ойдағыдай жүзеге асырылып, жемісін беруде. «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында  елімізде теңдесі жоқ қазіргі заманғы сүт зауыты ашылды. Жобаның жүзеге асуы округ тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, еңбекақының өсуіне де септігін тигізді. Сондай-ақ, жақын елді мекендердегі шаруашылықтар да өз өнімдерін сатуға мүмкіндік алды. Әсіресе, біздің бренд «Родина» өніміне деген сұранысы жоғары Астана тұрғындары үшін де тиімді болып отыр. Мұндағы біздің басты артықшылығымыз өнімнің жоғары сапасында болып отыр.
Әрине, тұтынушы әр кез сапалы сүтті қалайды. Осы мақсатта, серіктестікте 2007 жылы қанатқақты жоба негізінде сүт-мал шаруашылығы кешені құрылып, жаңа 20 жұмыс орны ашылған болатын. Осы жылы Канададан 752 бас голштин-фриз тұқымды ірі қара сатып алдық. Кейін шаруашылыққа 2010 жылы голштин тұқымды ірі қара өсіруге бағытталған асыл тұқымды зауыт мәртебесі берілген еді. Бүгінгі таңда қазіргі заманғы жабдықтар орнатылған цехта сүт өнімдерінің сүт, айран, йогурт, сары май, қаймақ, ірімшік тәрізді онға жуық түрі шығарылады. Бұлардың барлығы СТ РК ИСО 9001-2009 сапа менеджменті жүйесімен сертификатталған. Азықтық тауарлардың қауіпсіздігі жөніндегі СТ РК ИСО 22000-2006 және СТ РК 1733-2007 сертификаттары талаптарына сай сүтті 120 сағат, ал айран, қаймақ, сары май, ірімшік пен сүзбені 7 тәулік бойы алаңсыз сақтай аласыз. Сапа менеджментінің халықаралық негіздерге сай келуі шаруашылықтың әлемдік деңгейдегі өнім шығаруына мүмкіндік ашып отыр. Айналып келгенде, жоғарыда аталған сертификаттар жиынтығы барлық өндірістік және басқару процесін халықаралық ISO 9001:2008 стандарттары талабында жүргізуге кепілдік береді. Астана қаласынан 70 шақырымдағы шаруашылық күн сайын негізгі тұты-нушыларының дастарқанына 20-ға жуық тонна сүт өнімдерін жеткізіп келеді.
Соңғы жылдары жаңа сүт зауытының іске қосылуы өнім түрін, құрылымын, өндірісін және сату көлемін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен, өндірісті ұлғайтқанмен өнімімізге сұраныс одан сайын арта түсуде. Тіпті, бізге сатып алушыларымыз телефон шалып, біздің өнімдердің жеткіліксіз болып, тез сатылып кетіп жатқанын айтуда. Жалпы жағдайды айтатын болсақ, ол ешкімді қуантып отырған жоқ. Дағдарыс сырттан келгендіктен, оны бәріміз түсіністікпен қабылдап, оған дұрыс және оң көзбен қарағанымыз жөн. Ең бастысы, оғаш естілсе де айтайын, кейде мұндай нәрселердің болып тұрғаны қажет. Себебі, Мемлекет басшысы ана нәрсеге, мына нәрсеге назар аударыңдар деп айтқан кезде, біз әрдайым дұрыс қорытынды жасай бермейміз. Ал, өмір бізді басқа қырынан қарауға мәжбүрлеген кезде біз жақсы нәрсенің әрқашан бола бермейтінін ұғып, қауіпсіздік жастығын дайындап, қандай да бір резерв жинап қойғандар бүгінде өздеріне сенімді болып, күлімдеп жүргенін түсінеміз. Сондықтан, бұл жағдай бизнес үшін, Үкімет үшін дағдарыстан қалай шығу туралы емтихан. Трагедиялық және драмалық ештеңе жоқ. Ең бастысы, бұл біздің енжарлығымыздан, жаңсақтығымыздан болып жатпағанын түсінгеніміз жөн.  Бұл әлемдік ахуал.
Жоғарыда айтып өткенімдей сапалы əрі табиғи таза ауыл шаруашылығы өніміне деген сұраныстың жоғары болуы ол елімізде əлі де болса, бәсекелестік жоқ екенін білдіреді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда біздің сала нарықтағы табиғи өнімдерге деген сұранысты толық қанағаттандыруға дәрменсіз. Екінші мәселе, біз ұнтақтан сүт жасаушылармен салыстырғанда бағаны қолжетімді етіп белгіледік. Жалпы алғанда бәсеке болу керек. Әйтпесе, алға жылжушылық болмайды. Біз әлемдік экономикамен терең ұйысып кеттік, сол себепті әріптестеріміздің немен айналысып жатқанын көріп отырмыз. Ресей мен Белоруссия мемлекеттік қолдаудың көлемін ұлғайтып жатыр. Егер бізге де солар сияқты көмек бермесе, біз бәсекеге қабілетті бола алмаймыз.
Біздің үйреншікті ісіміз, біздің брендіміз, біздің күшіміз – табиғи, экологиялық таза өнім. Қазіргі жағдайға төтеп беруіміз керек. Отандық өндірушілердің өнімінен артық өнімді бізге ешкім әкеліп бермейді. Артықшылықтарды пайдаланып, осымен айналысуға тиіспіз. Мүмкін менің пікірім көпшіліктің пікіріне сәйкес келе қоймас, бірақ отандық өндірушілердің парызы ішкі нарықты қандыру екендігіне көзім жетті, өйткені, біз осында қолдау тауып, субсидия алып, салық жеңілдіктеріне қол жеткізіп отырмыз. Өз еліміздің азаматтарын сапалы азық-түлікпен тамақтандырып алайық, сосын осындағы мәселелер шешілгеннен кейін басқа нарықтарды жаулаймыз. Əзірге елордамыз Астананы сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету біздің басты парызымыз болып отыр.
Иван САУЭР,
«Родина» Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры,
Қазақстанның Еңбек Ері.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар