Теледидар сыйлады

Аудан әкімі Асылбек Исмағамбетов Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Зиновьевтің отбасында болды.

 

Бүгінде 92-ге келген ардагердің теледидары көрсетпей қалған екен. Осы жай белгілі болысымен, аудан әкімі майдангердің үйіне барып, жаңа теледидарды қостырып берді. – Аудан орталығында үш майдангер тұрады, олардың жағдайынан үнемі хабардар болып, түрлі мәселелер туындай қалса қолдан келгенінше көмек көрсетіп отырамыз, – дейді аудан басшысы. – Таяуда бір майдангеріміздің үйінің төбесінен су аға бастаған екен, жедел шатырын ауыстырып, жөндетіп бердік.
Аудан әкімі майдангерге теледидармен бірге, сүйеніп жүретін дөңгелекті арба да әкеліпті. Тоқсаннан асқан қарияның жүріп-тұруы қиындап, таяққа сүйеніп әзер жүретіндіктен, дөңгелекті арба тамаша сый болды. Бұған әсіресе, ардагердің зайыбы мен бірге тұратын қызы үлкен ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып жатты. Аудан әкімі сол арада майдангердің үйінде тұрған ескі табақшаның орнына республика жаңалықтарын көрсететін «ОтауТВ»-ні қосып беріңіздер деп тапсырма берді.
Балкашин селосының орталық алаңынан қазір ардагерлерге арналған еңселі ескерткіш тұрғызылып жатыр. Биіктігі 2,5 метрлік бұл ескерткіш мемориалдың айналасы абаттандырылып, ағаш отырғызылып, гүлзарлар егіліп, жұртшылық дем алатын жайлы орын жасалмақшы.
– Біздің ауданымыздан 7 Кеңес Одағының Батыры, 13 Социалистік Еңбек Ері шыққан, солардың бәрінің суреттері мен есімдері  ескерткішке қашалып түсірілетін болады, – дейді аудан басшысы бұл орайда. Сандықтау ауданынан Отан соғысына 10 мыңдай адам қатысып, солардың 4 мыңы ғана елге оралыпты. Ал, қазір сол майдангерлерден қалғаны санаулы ғана. Осы орайда, аудан әкімінің майдангерлерге  көрсетіп отырған сый-құрметіне сүйсінбеске болмайды.

Қалкөз ЖҮСІП.

Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар